Тур де Франс. 4-кезең. "Астана" спринтері Магнус Корт жарақат алды

2508

"Тур де Франс" велобәйгесінің 4-кезеңі Нансиде жаппай спринтпен аяқталып, италиялық Элиа Вивиани жеңіс тойын тойлады.

Тур де Франс. 4-кезең.  "Астана" спринтері Магнус Корт жарақат алды

"Астана" командасының капитаны Якоб Фульсанг үшін жарыс күні бірқалыпты өтті. Ол финишке еш қиындықсыз, жалпы топ арасында, Қазақстан чемпионы Алексей Луценкомен бірге келді.

Өкінішке орай "Астананың" екі шабандозы Магнус Корт пен Горка Исагирре кезең басталғанда қақтығысқа тап болды. Иссагирре ауыр жарақат алған жоқ. Ал фиништен кейін Магнус Корттың бір саусағының буыны зақымданғаны анықталды. Қуанышқа орай шабандоз "Тур де Франста" өнер көрсетуін одан әрі жалғастыратын болады.

- Шын мәнінде бүгінгі жарыс күні ауыр болды. Мен құлағанға дейін пелотонда жағдай бірқалыпты болатын. Бірақ, кейіннен күтпеген жерден құлап қалдым. Тоқтап үлгердім. Алайда құламау мүмкін емес еді. Нәтижесінде саусағымның буыны зақымданды. Бірақ ол еш қиындық туындатпайды деп ойлаймын. Әрине, дәл осылай құлауым жақсы нәрсе деп айта алмаймын. Алдағы уақытта тежегішті басу ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Дегенмен келесі кезеңдерді өзім жоспарлағандай жүріп өтемін деп ойлаймын, - деді Магнус Корт.

- Мен үшін бүгінгі күн жақсы өтті. Күннен күнге өзімді тамаша сезінудемін. Қуанышқа орай мен құламадым. Бірақ менен кейін келе жатқан Магнус Корт қақтығыстан қашып құтыла алмады. Алған жарақаты оның келесі кезеңдерде өнер көрсетуіне кедергі келтірмейді деп үміттенемін. Осы болған жағдайды есептемегенде, жалпы жарысты жақсы өткіздік. Енді маңызды кезеңдерді күтемін. Қазір біраз қайта қалпыма келуім қажет. Себебі ертең бізді тағы бір ауыр жарыс күні күтіп тұр, - деді Якоб Фульсанг.

4-кезең қорытындысы бойынша жалпы есептегі жағдай өзгере қойған жоқ. Бұрынғысынша, Жулиан Алафилиппкөшбасшылығын одан әрі жалғастыруда. Алексей Луценко 23-орында, Якоб Фульсанг 25-орында,Луис Леон Санчес 26-орында және Пельо Бильбао 27-орында келеді.

"Тур де Франстың" келесі 5-кезеңі  Сент-Дье-де-Вож бен Кольмар аралығында өтеді. Жарыс жолының ұзақтығы 175.5 шақырымды құрайды.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу