Тур де Франс. 6-кезең. Мон Эгуаль шыңында Алексей Луценко жеңіске жетті

1573

"Тур де Франстағы" бүгінгі жарыс күні қазақ велоспортындағы айтулы күн! Француздық көпкүндіктің 6-кезеңінде, Мон Эгуаль шыңында Қазақстан чемпионы Алексей Луценко тамаша жеңіске жетті.

Тур де Франс. 6-кезең. Мон Эгуаль шыңында Алексей Луценко жеңіске жетті

Соңғы асудың қауіпті аймағына жеткенде, шамамен финишке 17 шақырым қалғанда Луценко шабуылға шықты. Қазақстан чемпионы қарсыластарының барлығын артқа тастап, жекелей алға озды. 50 секундтай басымдылыққа ие болған Луценко Мон Эгуаль шыңында мәреге жалғыз өзі келіп, спорттық мансабындағы ең үлкен жетістіктерінің біріне қол жеткізді.

""Тур де Франста" алға қойған мақсаттарымның бірі кезеңде жеңіске жету болатын. Бұл "Тур" осы маусымдағы ең басты мақсатым еді. Мен мұндай жетістікке жетуді ұзақ уақыттан бері армандап келдім. Енді, міне сол арманым орындалды. Негізінде мен осы кезеңге дайындалдым. Өткен жарыс күндері Мигель Анхельге көмектестім. Топтан әдейі қалып отырдым. Себебі жалпы есептегі көрсеткішімді жақсартуға тырыстым және жарыстың фавориттері шешуші сәтте менің ізіме түспейді деп үміттендім. Бүгін жарыс алдында кезеңге арналған жоспарды талқыладық. Спорттық директорлар мен команданың бас менеджері Александр Винокуровпен ақылдаса келе алға озған дұрыс болады деп шештік. Себебі финишке дейін жетуге мүмкіндік жоғары болды. Өзімді жақсы сезіндім. Аяқтарым да тамаша жұмыс атқарды. Біздің тобымызға алға озу үшін белгілі бір уақыт жұмсауға тура келді. Дегенмен ол қолымыздан келді. Күн ұзақ әрі аптап ыстық болды. Бірақ, техникалық көлікте болған Александр Винокуров маған жол көрсетіп отырды. Соңғы асуда сабырлы болуға және тек өз жылдамдығыммен жүруге тырыстым. Ал қиын аймаққа жеткенде шабуылға шықтым. Жеңіске жеткенім үшін бақыттымын! Мен үшін де, команда үшін де үлкен жетістік. Қазақстан чемпионы жейдесінде жеңіске жету сондай тамаша! Осындай мүмкіндік берген командаға, әсіресе барлық демеушілер мен бірнеше жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқан бас серіктес "Самұрық-Қазынаға" алғысымды білідіремін!", - деді Алексей Луценко.

"Тур де Франстың" 6-кезеңі Ле-Тейден басталды. Жарыс басталған соң 8 шабандоздан тұратын топ алға озды. Олардың арасында Алексей Луценко да бар болатын. Ол басқа шабандоздардан барынша айқын басымдылыққа ие болу үшін алдыңғы шепте өте керемет жұмыс атқарды. Пелотон мен көшбасшылар арасында болған күрестен кейін көшбасшы топ алға озды және негізгі топтан 6 минуттай уақыт басымдылыққа ие болды.

Жарыс жолының финалдық бөлігіне жеткенде пелотон уақыт айырмашылығын екі жарым минутқа дейін қысқартты. Бірақ Алексей Луценконың шабуылы оларға кедергі келтірді. Қазақстан чемпионы көшбасшылығын сақтап қалды. Нәтижесінде кезеңде жеңіске жетті.

"Бұл біздің командамыз үшін де, қазақ велоспорты үшін де тамаша күн болды. Біз бұл сәтті көп жылдардан бері күттік. Енді, міне Әлемдегі ең ірі жарыстардың бірі "Тур де Франста" қазақстандық командадағы Қазақстан чемпионының жеңісінің куәгері болып отырмыз. Елімізге осындай жеңіс сыйлағанымызға қуаныштымыз және мұны мақтанышпен айтамыз. Одан бөлек, кезеңге дайындалу барысында біз жақсы жоспар құрдық. Нәтижесінде сол жоспарымызды жүзеге асырып, осындай тамаша жеңіске жетіп отырмыз. Команда өте жақсы жұмыс атқарды. Ал, Алексей Луценко жарыс күнін керемет өткізді. Ол мықты болды. Бір де бір қате жібермей, тиянақты болды. Мен біздің командамыздың жанкүйерлерін осындай тамаша жеңісімен құттықтаймын. Бірақ, "Тур де Франс" әлі жалғасуда. Бұл жарыстың тек бірінші аптасы. Парижге дейін әлі ұзақ жол бар. Осы "Үлкен Күрмеуде" бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін күресеміз",- деді "Астана Про Тимнің" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов.

Жарыстың фавориттері және "Астана Про Тимнің" капитаны Мигель Анхель Лопес те болған негізгі топ мәреге Алексей Луценкодан 2 минут 53 секундтан кейін келіп жетті.

Ұлыбританиялық Адам Йейтс көшбасшының сары жейдесін сақтап қалды. Ал, Мигель Анхель Лопес оған 13 секунд уақыт ұтылып, 10-орынға жайғасты.

Ертең суперкөпкүндіктің 7-кезеңі Мийодан басталып, 168 шақырымнан кейін Лаворда аяқталады.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу