Тур де Франс. 9-кезең. "Астана Про Тим" уақыт жоғалтты

1355

"Тур де Франс" көпкүндігінің шабандоздары тоғыз күнге созылған жарыстан соң алғашқы демалысқа шықты.

Тур де Франс. 9-кезең. "Астана Про Тим" уақыт жоғалтты

Бүгін "Тур де Франстың" алғашқы жарыс аптасы Пиренейде өткен 9-кезеңмен мәресіне жетті. Шабандоздар По қаласынан Ларенге дейін 153 шақырым жолды, оның ішінде қиындығы әр түрлі дәрежелі төрт асуды және өте қиын әрі тік орналасқан Кот де Мари Блан асуын бағындырды.

Жарыс басталысымен толассыз шабуылдар орын алды. Себебі шабандоздардың барлығы да алға озуға талпынды. "Астана Про Тим" командасы да өте белсенді болды. Алексей Луценко, Омар Фраиле, Йон және Горка Исагиррелер шабуылға шығып, көшбасшы топқа қосылуға тырысты.

Нәтижесінде шабандоздар Коль де ла Урсер асуына жеткенде көшбасшы топ құрды. Ол топтың арасында Омар Фраиле де бар болатын. Алайда, тек бір шабандоз ғана алға озды. Себебі қалған шабандоздарды пелотон қуып жетті. Швейцариялық Марк Хирши жекелей шабуылға шығып, айтарлықтай басымдылыққа ие болды.

Жарыс жолындағы ең қиын асулардың бірі Кот де Мари Бланға жеткенде жалпы есептің фавориттері арасында іріктеу орын алды. Примож Роглич, Тадей Погачар, Микель Ланда және Эган Бернальдар қарсыластарын артқа тастап, көш бастады. Финиште бұл төрттікті Хирши қуып жетіп, шабандоздар спринтте кезеңдегі жеңіс үшін таласқа түсті. Нәтижесінде Погачар жеңімпаз атанды.

"Астана Про Тим" капитаны Мигель Анхель Лопес сары жейде иегерімен бір топта қалды. Оған Йон Исагирре қолдау көрсетті. Қазақстандық команданың көшбасшысы Рогличтің ізіне түскенімен, нәтижесінде мәреге кезең жеңімпазынан 54 секундтан кейін келді.

"Кезең өте жылдам өтті және қиынға соқты. Соңғы асуға жеткенде күшім сарпылды. Бірақ, қасымда Йон Иссагире болғандықтан, жолым болды. Біз Movistar-мен бірге өз тобымызда жақсы жұмыс атқардық. Маған қолдау көрсеткені үшін Йонға алғыс айтқым келеді. Ол шыңнан бастап, финишке дейін алдыңғы қатарда болып, керемет жұмыс атқарды. Бүгін 1 минуттай уақыт жоғалттым. Бірақ жалпы есепте көшбасшыдан тек бір минут қана артта келемін. Ал жарыстың аяқталуына әлі 2 апта бар және нағыз қиын кезеңдер алда күтіп тұр. Ертең демалыс болғаны қандай тамаша! Тоғыз кезеңнен кейін біраз қайта бабымызға келуге тырысамыз", - деді Мигель Анхель Лопес.

"Бұл осы "Турдағы" ең жақсы күн болды. Бірақ, жарыс қорытындысы бойынша біз біраз уақыт жоғалттық. Кезең қиынға соқты. Топтың жылдамдығы жоғары болғандықтан, Мигель біраз өзінің ырғағын жоғалтып алды. Алайда ол ұтылған уақытын қайтаруға тырысты. Нәтижесінде Мигель жарыстың көшбасшысына 54 секунд қана ұтылды. Бүгін Йон Исагирре өте жақсы жұмыс атқарды. Ол соңғы 20 шақырымда Мгельге баға жетпес қолдау көрсетті.  Жалпы алғашқы жарыс аптасын жақсы өткіздік. Кезеңдердің бірінде жеңіске жеттік. Желді кезеңді де ойдағыдай өткіздік. Кейде жеңілесің, кейде жеңіске жетесің. Бұл қалыпты дүние. Біз әлі ойындамыз. Алда жарыстың екі аптасы бар. Сондықтан біз "Тур де Франста" жеңіс үшін таласқа түсуді одан әрі жалғастырамыз", - деді "Астана Про Тимнің" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов.

"Тур де Франстың" жалпы есебі бойынша Примож Роглич көшбасшының сары жейдесіне ие болды. Алғашқы демалыс күнінің алдында бас классификацияда Мигель Анхель Лопес көшбасшыға 1 минут 15 секунд ұтылып, 9-сатыға жайғасты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу