Тур де Франс. Алексей Луценко жалпы есепте 5-орынды сақтап қалды

1122

6-кезең қорытындысы бойынша "Deceuninck-Quick Step" командасының өкілі Марк Кэвендиш жеңіске жетті.

Тур де Франс. Алексей Луценко жалпы есепте 5-орынды сақтап қалды

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко "Тур де Франс" көпкүндігінің алтыншы кезеңін 50-ші болып аяқтады. Бірақ пелотондағы шабандоздардың барлығы бір уақытта жарысты аяқтағандықтан, бұл көрсеткіш жеңімпаздың уақытымен пара-пар болды.

Ұзақтығы 160 шақырымдық алтыншы кезең толассыз шабуылдардан және сегіз шабандоздың көшбасшы топ құруынан басталды. Алғашқылардың бірі болып Томас Де Гендт (Lotto Soudal) пен Грег Ван Авермат (AG2R Citroen) шабуылдады. Бірақ пелотон оларды бір минуттан соң қуып жетіп, көшбасшылықты бере қоймады. Нәтижесінде, 20 шақырымнан кейін, Грег Ван Аверматтан басқалары пелотонға оралды. Ал AG2R Citroen командасының 36 жастағы бельгиялық шабандозы жалғыз өзі көш бастады.

10 шақырымнан кейін Ван Авермат пелотоннан шабуылдаған Роджер Клюгені қуып жетіп, бұл шабандоздар мәреге 2,5 шақырым қалғанға дейін бірге жұмыс жасады. Қашқындардың қол жеткізген максималды басымдылығы 2 минут 15 секунд болды. Бірақ Alpecin-Fenix ​​және Deceuninck-Quick Step командалары басқарған пелотон уақыт айырмашылығын бір жарым минутқа дейін қысқартып, көшбасшыларды алысқа жібере қоймады.

Көшбасшы топ ұсталғаннан кейін, әлем чемпионы Жулиан Алафилипп өзінің командаласы британиялық Марк Кавендишке спринтте көмектесті. Спринтте 36 жастағы Кэвендиш 23 жасар бельгиялық Яспер Филлипсенді және 30 жастағы француз Насер Буанниді финалдық 100 метрде басып озды.

Deceuninck-Quick Step командасының британдық спринтері  көшбасшының жасыл жейдесін сақтап қалды және ол ұпай классификациясында ең басты қарсыласы Яспер Филлипсеннен 46 ұпайға озып кетті. Бұл Марк Кэвендиш үшін француздық Гранд-турдағы 32-ші, ал жалпы спорттық мансабындағы Джиро мен Вуэльта сынды Гранд-турлардағы 50-ші жеңісі болды.

Пелотон жарысты жеңімпаздың уақытымен аяқтады. Ал мәре сызығын 50-ші болып кескен Луценко Кэвендиштен бірнеше секунд қана артта қалды. Бас классификацияда ешқандай өзгеріс болған жоқ. Матье ван дер Пул көшбасшының сары жейдесін сақтап қалды. Ал оған Луценко 1 минут 21 секунд ұтылып, бесінші орында келеді. Astana - Premier Tech-тың тағы бір шабандозы Якоб Фульсанг кезеңді 61-болып аяқтап жалпы есепте 16-сатыға жайғасты (+2 минут 16 секунд).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу