Тур де Франс. Алексей Луценко жалпы есепте 7-орынға көтерілді

1401

15-кезең қорытындысы бойынша Йон Исагирре 4-нәтиже көрсетсе, Қазақстан чемпионы Алексей Луценко бас классификацияда 7-орынға көтерілді.

Тур де Франс. Алексей Луценко жалпы есепте 7-орынға көтерілді

Astana - Premier Tech шабандозы Йон Исагирре тағы да "Тур де Франстың" кезеңіндегі жеңіс үшін таласқа түскен шабандоздар арасында болды. Бұл жолы баск шабандозы көшбасшылардың қатарында болып, Андоррадағы биік таулардағы асуларды жүріп өткеннен кейін жарысты төртінші болып аяқтады.

"Біз бүгінгі кезеңнің ұзақ және қиын болатынын білдік. Әсіресе, "Турдың" 15-ші кезеңі. Мен көшбасшы топ қатарына енуге тырысамын деп шештім. Бұл қолымнан келді. Топ өте үлкен болып шықты. Годюге жұмыс жасаған Groupama FDJ шабандоздары жылдамдықты бақылап отырды. Соңғы асу алдында шабуылдар басталды. Мен шабуылға шыққан шабандоздардың соңынан ілесуге тырыстым. Бірақ соңғы тауда жылдамдық едәуір артып, кезеңдегі жеңіс үшін нағыз шайқас басталды. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бірақ соңында тек төртінші орын алдым. Жалпы, кезеңді жақсы өткіздім. Бірақ мен одан да жақсы нәтиже көрсеткім келді. Соңғы аптаның қалай өтетінін көрейік. Мен жеңіске жетуге тырысамын", - деді Йон Исагирре.

"Тур де Франстың" екінші аптасының соңғы кезеңі "Үлкен күрмеудің" пелотонын Андорраның биік тауларына дейін апарды. Жарыс жолының алғашқы жартысында бірнеше топ құрылды. Солардың арасынан 15 адамнан тұратын көшбасшылар тобы кезеңнің негізгі асуы Порт д'Энвалирада алға озды. Йон Исагирре де осы топта болды. Жарыс күнінің соңғы асуы Коль де Бейхалисте америкалық Сепп Кусс жеке шабуылға шығып, нәтижесінде жеңіске жетті. Йон Исагирре қуғыншылар тобында жарысты аяқтап, спринтте 4-ші нәтиже көрсетті.

Astana - Premier Tech командасының қазақстандық шабандозы Алексей Луценко өзінің командаластарының қолдауымен кезең бойы сары жейде иегерінің тобында болды. Коль де Бейхалисте осы топта шабуылдар басталған кезде, Луценко әрбір шабуылға сенімді түрде жауап берді. Ол соңғы асу алдында қарсыластарынан оншақты метр артта қалып қойды. Құлди жолдарын мәреге дейін тамаша жүріп өткен қазақстандық-канадалық команданың  капитаны көшбасшының сары жейдесінің иегерінен 30 секундтан кейін жарыс жолын аяқтады. Бұл нәтиже Луценкоға "Тур де Франстың" жалпы есебінде 7-орынға көтерілуге ​​мүмкіндік берді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу