"Тур де Франс" күзде өтетін болды

1963

"Тур де Франс" суперкөпкүндігінің ұйымдастырушылары "Үлкен күрмеудің" нақты қашан өтетінін хабарлады.

"Тур де Франс" күзде өтетін болды

Жүз жылдан астам уақыттан бері Францияда өткізіліп келе жатқан әлемдегі ең әйгілі әрі беделді веложарыс осы уақытқа дейін жазда ұйымдастырылатын. Биыл "Үлкен күрмеу" 27-маусым мен 19-шілде аралығында өткізілуі тиіс еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты басқа да спорт жарыстары секілді кейінге қалды.

15-сәуір күні Тур де Франс веложарысының 29-тамыз бен 20-қыркүйек аралығында өтетіні белгілі болды. 21-кезеңнен тұратын велододаның жарыс жолының ұзақтығы төрт мың шақырымға жуық. ""Тур де Франстың" ұйымдастырушылары әрдайым бір-бірімен байланыста және жергілікті ұйымдардан бастап мемлекеттік органдарға дейін барлық мүдделі тараптармен келісімге келді", - деп хабарлады жарыстың ұйымдастырушылары .  

"Джиро д'Италия" Гранд-Турының да күзде өтетіні белгілі болды. Негізі жоспар бойынша аталған веложарыс мамыр айында өтуі тиіс еді. Ал, енді "Джиро" Швейцарияда 20-27 қыркүйек аралығында, тас жолдағы велоспорттан Әлем чемпионаты аяқталған соң өтетін болды. Сондай-ақ тағы бір Гранд-Тур "Испания Вуэльтасы" да күзге жоспарланып отыр. 2020-жылғы велоспорт күнтізбесіндегі тас жолдағы велоспорттан өтетін Еуропа чемпионатының және монументалды классикалық жарыстардың қашан өтетіні сәл кейінірек белгілі болады.

Халықаралық велесебедшілер одағы (UCI) тас жолдағы велоспорттан өтетін барлық жарыстарды 1-маусымға дейін тоқтата тұруды тапсырды. Нәтижесінде Әлемдік турдың жарыстары 1-тамыздан ерте басталмайтын болды. Велоспорттан өтетін Ұлттық чемпионаттар 22-23 тамызға шегерілді.

Естеріңізге сала кетсек, Халықаралық велесебедшілер одағының (UCI) басшылығы осы маусымда өтуі тиіс, "Астана" велокомандасы да қатысып жүрген екі Про-турды да алдағы уақытта өткізуге мүдделі екенін айтқан. UCI велоспорт күнтізбесін мүдделі тараптардың пікіріне сүйене отырып, үш үлкен турға және монументалды классикалық жарыстарға басымдық бере отырып жұмыс жасайтындығын жариялады. Сонымен бірге UCI алдағы уақытта жарыстардың басталу күніне байланысты маусымның аяқталуы кейінге қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Бастапқы жоспар бойынша биылғы велосипед маусымы Қытайда аяқталуы тиіс болатын.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу