Бельгиялық Вут ван Арт "Тур де Франстың" 20-шы кезеңін бірінші болып аяқтады. Екінші орынды дат шабандозы Каспер Асгрен, үшінші орынды оның жерлесі Йонас Вингегард иеленді.
Вут ван Арт Либурн-Сент-Эмильон бағыты бойынша өткен жекелей жарыс жолын 35 минут 53 секундта жүріп өтті. Каспер Асгрен мен Йонас көшбасшыға 58 секунд ұтылды.
"Astana-Premier Tech" сапынан Омар Фраиле ең үздік нәтиже көрсетті. Ол жарыс жолын 14-ші болып аяқтады. Алексей Луценко кезеңді 16-шы болып аяқтап, жалпы есепте жетінші орынды сақтап қалды. Уго Уль 29, Якоб Фульсанг 48, Йон Исагирре 69, Алекс Аранбуру 108, Дмитрий Груздев 122-нәтиже көрсетті.
Соңғы кезең алдында Тадей Погачар 80 сағат 16 минут 59 секунд уақыт көрсеткішімен бас классификацияда көшбасшылықты жалғастыруда. Екінші сатыға жайғасқан Йонас Вингегард көшбасшыдан 5 минут 20 секунд, "INEOS Grenadiers" командасының өкілі Ричард Карапас 7 минут 3 секунд уақыт артта келеді. Луценко 20-кезеңнен кейін 7-орынды сақтап қалды.
"Тур де Франс" Гранд-туры бүгін ұзақтығы 108,4 шақырымдық кезекті жекелей жарыспен Париждегі Елисей алаңында мәресіне жетпек.
Ермұхамед Мәулен