"Тур де Франста" шабандоздар наразылық шеруін ұйымдастырды

1368

"Тур де Франс" велододасының қатысушылары төртінші кезеңді ұйымдастырушылардың назарын жарыс кезіндегі қауіпсіздік мәселесіне аудару үшін наразылық шеруінен бастады.

"Тур де Франста" шабандоздар наразылық шеруін ұйымдастырды

Жарыстың алғашқы күндері бірнеше қақтығыс орын алды. Олардың бірінде жанкүйерлердің де кінәсі бар. Кейбір спортшылар жарақат алды. Төртінші кезеңнің алғашқы 10 шақырымында велосипедшілер баяу жылдамдықпен жүрді. Ал содан кейін барлық шабандоздар бір минуттай тоқтап, кейіннен жарысты қайта жалғастырды.

"Тур де Франстың" алғашқы кезеңі француз велошабандозы Жулиан Алафилиптің жеңісімен ғана емес, келеңсіз оқиғамен басталды. Мәреге 45 шақырым қалғанда неміс шабандозы Тони Мартин жол жиегінде жанкүйердің ұстап тұрған картон баннерінің кесірінен құлап, екі әріптесін өзімен бірге іліп әкетті. Осыдан кейін шабандоздар біріннен кейін бірі жаппай құлады. Мәреге 7,5 шақырым қалғанда тағы бір шабандоздар қақтығысы орын алды. Барлығы 21 шабандоз жарыста әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алды.

Осы оқиға байланысты "Тур де Франстың" ұйымдастырушылары Twitter-де хабарлама жариялады:

"Біз жанкүйерлерді жол жиегінде көргенімізге қуаныштымыз. Алайда "Турдың" сәтті өтуі үшін шабандоздардың қауіпсіздігін құрметтеңіз! Суретке түсу үшін немесе эфирден көріну үшін қатерге бармаңыз!", - деп жазды ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар шабандоздарға кедергі келтірген жанкүйерге іздеу салды. Ол қауіпсіздік ережелерін сақтамай, шабандоздардың денсаулығына зиян келтіргені үшін жазаланады. Алайда, үшінші кезеңде де кедергілер болды. Бірақ, бұл жолы оған жанкүйерлердің еш қатысы жоқ.

Ұзақтығы 183 шақырым болатын, жазық аймақта өткен спринтерлік кезең Лорьян департаменті арқылы өтті. Жаңбырдан бөлек жарыс жолының кейбір бөлігіде қатысушыларға тар жолдар мен күрделі жол архитектурасы түрінде кедергілер дайындалған. Кезең алдында шабандоздар ұйымдастырушылардың осыған назар аударуын сұраған. Бірақ  бұған ешкім құлақ аспады. Нәтижесінде үшінші кезеңде үш қақтығыс орын алып, кейбір командалар бірнеше шабандоздарынан айырылды. Осыдан кейін шабандоздар төртінші кезеңде наразылық шеруін ұйымдастырды. Нәтижесінде, 4-кезең бірқалыпты өтті.

4-кезең қорытындысы бойынша ұлыбританиялық Марк Кавендиш жеңімпаз атанды. Deceuninck – Quick Step командасының шабандозы Редон – Фужер бағыты бойынша өткен 150,4 шақырымдық жарыс жолын 3 сағат 20 минут 17 секундта жүріп өтті. Team Arkea Samsic командасының өкілі француз Насер Буанни екінші орынға ие болса, Alpecin – Felix өкілі бельгиялық Яспер Филипсен үшінші нәтиже көрсетті. Ал Astana – Premier Tech шабандозы Алексей Луценко мәреге 14-болып келді және Гранд-Турдың жалпы есебінде 11-орынға жайғасты. Матье ван дер Пул бас классификацияда көшбасшылықты сақтап қалды.

Айта кетейік, "Тур де Франс-2021" 18-шілде күні аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу