"Тұран кубогының" болашағы бұлыңғыр

2125

Қазақстанда ішкі біріншіліктің қайта жалғасуын күтіп жүргенде Түркиядан жаңа идеяның шыққанын естідік.

"Тұран кубогының" болашағы бұлыңғыр

Түбі бір түркі тілдес ұлттар арасындағы ортақ турнир жобасы қарастырылып, қоғамның талқысына түсті. Оған "Тұран кубогы" деп атау беріпті.

Гюркан Теоман негізі саясаттанушы және сол саясатпен айналысатын адам. Дегенімен футбол жарысы жайлы идеясы көпшілікке ұнағаны рас. Халықтар арасындағы ынтымақтастық нығайып, қарым-қатынас күшейеді. Әрі бұл жарыс телекөрсетілім арқылы көп қаржы түсіреді. Сонымен қатар, клубтар бір-бірімен футболшылар алмасады. Таланттарды байқайды. Сосын мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық, әріптестік арта келгеннен кейін Түркі әлемі бірігіп, қайта күшке айналып, ірі одақ екенін айналаға көрсете алатын жағдайға жетеді. Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркменстан және Солтүстік Кипр секілді түркітілдес халықтардың клубтары бір жарысқа қатысып, ұлыстардың бауырмашылдығын арттыра түседі.

"Тұран кубогы" ресми турнир бола ма, жоқ әлде жолдастық жарыс ретінде өте ме әлі белгісіз. Ол үшін жаңа дода ФИФА күнтізбесінен орын алуы қажет. Әлбетте, әзірге ол жайында сөйлеу артық шығар, себебі, жарысты өткізу туралы ойлар тек идея күйінде ғана тұр.

Жалпы баспасөзде бұл жарыстың өтуі туралы ақпараттың өзі көп қызығушылық тудыртты. Көпшілікке футбол тұрғысынан бұл жарыстың қаншалықты пайдасы бар деген ой маза бермейді. Ал идея авторы Теоман мырза бірінші кезекте түркі тектес халықтардың достығын басты назарға қойып отыр. Түркия саяси тұрғыда ықпалды мемлекет екені анық. Соның бірін спорт арқылы да көрсеткісі келетіндей.

Ұымдастыру мәселесі де көптеген сауалдарды тудыртады. Мысалы, футболдағы маусымаралық үзіліс Қазақстан секілді түркітілдес елдерде қыста болады. Ал Түркия футболы керісінше,  үзіліс жаз айларына белгіленген. Сондықтан да, барлығына ұнайтын мезгілді табу қиынға соғады.

Сонымен қатар, түркі елдерінің футболшылар бір-бірінің біріншілігіне барғанда легионер болып саналмасын деген ұсыныс айтылыпты. Ондай болса қазақ аяқдопшылары Түркия, Әзірбайжан секілді елдердің чемпионатында емін-еркін ойнай алады деген сөз. Өздеріңіз білетіндей Еуразиялық ынтымақтастық елдерінің футболшылары осы жылдан бастап легионер болып саналмайтын болды.

Иә, байқағандарыңыздай бұл жарысқа байланысты мәселеде жауаптан гөрі сұрақ басым. "Тұран кап" жарысының болашағы да әзірге бұлыңғыр болып тұрғаны содан.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу