Тұраров пен Зауырбек Британияны тәнті қылды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3421

Қазақтың қос қыраны Кардиффте өткен кәсіпқой бокс кешінде айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Тұраров пен Зауырбек Британияны тәнті қылды Фото: mtkglobal.com

Әуелі рингке Сұлтан Зауырбек шығып, Никарагуа боксшысы Серхио Гонсалеспен (10-15-5, 7 KO) айқасты. Бұл жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған болатын. 2014 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған жерлесіміз бірінші раундтан бастап үстемдік танытып, қарсыласын соққының астына алды.

Бесінші раундта Гонсалестің сол жақ қабағы жарылды. Ал Сұлтан болса, қарқынын үдете түсіп, Никарагуа жігітін ес жиғызбай төпеледі. Сегізінші раундтың соңында, дәлірек айтқанда жекпе-жекті аяқталуына 18 секунд қалғанда, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі Гонсалестің бет-аузында сау-тамтық жер қалмай, қып-қызыл қан басып кетті.

Сөйтіп Серхио Гонсалес 16-шы рет ұтылып, Сұлтан кәсіпқой бокс рингінде жетінші жеңісіне қол жеткізді. Оның бесеуін нокаутпен аяқтады (7-0, 5 KO). Ол кәсіпқой боктағы алғашқы жекпе-жегін былтыр қазан айында өткізген болатын. Ал келесі жекпе-жегін 6 шілде күні еліміздің астанасындағы "Барыс-Арена" төрінде өткізеді.

Жанкош Тұраров болса, біраздан бері көрінбей кеткен. Соңғы жекпе-жегін 2017 жылы қыркүйек айында өткізген болатын. Бүгін түнде Уэльстің бас қаласында өткен бокс кешінде тәжірибесі мол, Гана боксшысы Ричмонд Джарбенгтен басым түсті. Екі раунд бойы соққыларын дітттеген жерлеріне дөп тигізіп, қарсыласын тықсыра түсті...

Негізі, бұл жекпе-жек те сегіз раундқа жоспарланған еді. Алайда Ричмонд Джарбенг үшінші раундқа шықпады. Үзіліс кезінде отырған орнынан тұрмай қойды. Жарақатын желеу етіп, Жанкоштың қуатты соқыларынан аман құтылды. Сөйтіп Тұраров 23-інші жеңісіне қол жеткізді (23-0, 16 KO). Ал оның қарсыласы төртінші рет ұтылды (29-4-1, 23 KO).

Жанкош Тұраров биыл, сәуір айында, көпшілікке танымал MTK Global промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырған болатын. Енді бағы жанып, ерен жетістіктерге қол жеткізеді деп үміттенеміз. Айта кеткеніміз жөн болар, бұл компания Сұлтан Зауырбектің де мүддесін қорғайды. Айтпақшы, Тұраров та 6 шілде күні еліміздің астанасындағы бокс кешінде өнер көрсетеді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу