Тәбәрік тығырығы немесе дозатор дәуірінің таңы
Турфирмалар бұл жолы қонақүйлерден "естелікке тәбәрік" алып кеткенді жақсы көретін саяхатшыларды тығырыққа тірейтін көңілсіз бетбұрысты жариялады. Қайтар жолда шағын лосьондар мен гель құтыларының есебінен шабаданы ауырлап, үйіне бір жылдық гигиеналық олжа әкелетін қауымға енді бұл әдетінен тыйылуға тура келеді.
Туроператорлар аллергиядан сақтану үшін тіпті өзіңізбен бірге сусабынға дейінгі негізгі жеке гигиена құралдарын ала жүруге кеңес береді, деп жазады inbusiness.kz. Бұл – сервис сапасының құлдырауы ма, әлде табиғатқа деген жанашырлық па?
Түркия мен Еуропа елдеріндегі қонақүйлер жаппай жаңа қызмет көрсету моделіне көшуде. Оның мәні қарапайым әрі үнемді: саяхатшы нөмірінің есігін ашып, табалдырықтан аттағанда жуынатын бөлмеде қаздай тізіліп тұратын бір реттік "миниатюралар" енді жоқ болады. Орнын қабырғаға тарс бекітілген, баршаға ортақ стационарлық диспенсерлер басуда.
Негізі, круиздік лайнерлер бұл жолға бірнеше жыл бұрын түсті және теңіз саяхатшыларын қабырғадағы сабын-сусабынды мөлшерлегіштермен "оңаша" қалдырды. Бұл кімнің қалай түсінгеніне қарай: не жалпыға ортақ "кедейшілік", немесе "жасыл экономиканың" алғашқы қарлығашы. Материалдық әлемнің құйттай игіліктерінен айырылу – тұтынушылық психологияға соққы болар, бірақ адамның жайлылығынан гөрі жүйенің, соның ішінде қоршаған ортаның мүддесі жоғары тұрған сыңайлы.
"Буклет" операциясы: әртүрлі тағдыр – ортақ сусабын
Қонақ қанша жерден қадірлі болса да, қонақүйге түскенде оны өткен қонақтан қалған сабын-шампунь күтіп тұрады. Өйткені бұл – ресми қаулымен бекітілген міндет. Түркияда бұл ауыс-түйіс процесі тіпті "Buklet" операциясы (“Buklet” Operasyonu) атты жеке атау алды, деп хабарлады түріктің "Alanya Postasi" газеті.
"Саяхатқа шабаданын жинап жатқандар қазірден демалыс әдеттерін өзгерткені жөн. Көптеген жылдар бойы қонақүй сервисінің ажырамас бонусы (тіпті қонақүйге кеткен шығынның бір бөлігін "өтеудің" заңды тәсілі) ретінде қабылданған шағын пластик шишалар енді қолданыстан алып тасталып жатыр. Олардың орнын миллиондаған пластик қалдықтарының түзілуіне жол бермеуге бағытталған "диспенсерлер дәуірі" басуда", – деп жазды басылым.
Ол мұның Еуропалық Одақтың орнықты дамуды қамтамасыз ету туралы шешіміне сәйкес жасалып жатқанын түсіндірді. Түркия ЕО-ға кірмейді, бірақ оның туризмі толығымен дерлік Еуропаға бағдарланған. Тіпті қонақүйлердің тарифтері де еурода есептеледі.
Сондықтан одақ талап еткен екен, оны түріктер де құптайды. Жалпы, Еуроодақ өзіне мүше мемлекеттерге жаңа стандартқа өтуге 36 ай мерзім берді. Бірақ арнайы операция жариялап, тегеурінді кіріскеніне қарағанда түрік ағайын бұл істі ұзаққа созбайтын түрі бар.
"Түркияда да қонақүй нөмірінің стандартты бөлігіне айналған сусабын, душқа арналған гель және лосьон құйылған бір реттік пластик құтыларға тыйым салынды. Жаңа қаулыға сәйкес, негізгі туристік аймақтарда, соның ішінде Түркияның демалыс индустриясының "жүрегі" – Анталияда трансформация басталып та кетті", – деп мәлім етті Alanya Postasi.
Осы орайда басылым тосын бір салдарға назар аударды: кейбір турист ортақ диспенсерге жиіркенішпен қарайды, одан тамшы боп таматын өнімді пайдаланбайды. Ортақ табақтан ас ішкендей, ортақ құтыдан жуыну кез келгеннің талғамына сай келе бермесі анық.
Стандарттардың теңесуі – даралықтың жойылуы. Қонақүй нөміріндегі жекелік сезімі енді қабырғадағы дозатордың батырмасына телміргелі тұр. Ендеше жаңа форматты қабылдамайтындар сүйікті сусабындары мен гелдерін өздерімен бірге ала келуге мәжбүр болады.
Бір қызығы, бастапқыда ЕО-ның пилоттық аймақтарында және Marriott, Hilton, Accor сияқты халықаралық желілерде енгізілген бұл тәжірибе олардың қонақтары тарапынан оң бағаға ие болыпты. Жалпы дозатордан жуыну Marriott-қа түсетін байларға ұнаса, бұқараға да ұнайды деген ұйғарым жасалса керек.
Гигиеналық хоррор: қабырғадағы құтыда қыбырлаған не?
Эко-белсенділер бұл тарихи бетбұрысқа дүрілдете қол шапалақтап жатқанда, скептиктер дабыл қағуда. Ресейлік "Tourprom" порталы Еуроодақтың пластик қоқысқа қарсы жариялаған бұл "стерилді соғысы" ТМД елдерінен келетін туристерге ұнамайтынын әлден ескертті. Мәселе тек "отелдегі олжадан" қағылуымен ғана байланысты емес көрінеді.
"Түркия қонақүйлері дамыған елдердің үлгісіне мойынсұнып, кішкентай пластик бөтелкелердің орнына сусабын мен гелге арналған диспенсерлік жүйелерді жаппай енгізуде. Алайда, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар мен танымал инвесторлар аттандап жатыр: зерттеулер көрсеткендей, қабырғадағы осындай көпреттік дозаторлардың әрбір төртеуінің үшеуінде ішінде тұнған бактериялардың мөлшері адам терісі үшін қауіпсіз шектен асып кеткен", – деп хабардар етті портал.
Бір қарағанда, дозаторларға көшу мінсіз шешімдей көрінеді. Бір-ақ рет қана пайдаланылған соң қоқысқа тасталатын миллиондаған тонна пластик айналымнан жойылуға тиіс. Мысалы, Еуропаның қонақүйлеріне бір жылда миллиардтан астам адам түнеп шығатын көрінеді. Әрбір бөлмеге күн сайын 4-тен көп құйтымдай құты қойылады. Осыдан тек бір құрлықтағы қонақүйлердің табиғатқа улы пластикті қанша көлемде тастайтынын елестетудің өзі қорқынышты.
Алайда, шешімнің тәжірибеде жүзеге асуы одан да қорқынышты болуы мүмкін. Проблема тұжырымдаманың өзінде емес, оның орындалуында.
"Көпреттік дозаторлар бірқатар жағдайда микробтық тіршілік өрбитін резервуарға айналады. Кейде олар тіпті теледидар пультінен, унитаздан және нөмірдегі басқа да қауіпті жерлерден әлдеқайда лас. Кейбір дерек бойынша дозаторлардың 75%-ының ішінде жиналған бактерия деңгейі тері үшін қауіпсіз шектен асып жығылған", – деді бұл жаңашылдықты қатаң сынға алған инвестор және танымал тележүргізуші Лори Грейнер.
Оның байламынша, мұндай кесапаттың төркіні қызмет көрсету процедураларында жатыр. Тәжірибеде бөлме жинаушыларда әрбір дозаторды қабырғадан шешіп алып, ішін жууға, содан соң мұқият дезинфекциялап жатуға уақыты қалмайды: босаған жүздеген нөмірді екі-үш сағат ішінде келесі қонақтың кіруіне сақадай сай етуі қажет.
Содан олар апталап-айлап қолданыста болған ыдыстың қақпағын ашады да, сұйық сабын мен сусабынды толтыра салумен шектеледі. Әрі кетсе, сыртынан бір сүртеді. Соның кесірінен, оның ішінде микробтық биоқабат – бактериялардың көбеюіне арналған тұрақты орта қалыптасады. Табиғатты құтқару жолындағы ұмтылыс адамның қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе, бұл гуманизмнің қай түріне жататыны жұмбақ.
Жуынатын бөлме ме, әлде Петри табақшасы ма?
"Қонақ диспенсер батырмасын басқанда, қолына тек сусабын не гель ғана емес, сонымен бірге резервуарда айлар бойы өніп, мутацияланатын микроорганизмдердің тұтас "коктейлі" төгілуі мүмкін. Барлық түйткіл – қызмет көрсету рәсімдерінде. Қонақ ауысқан сайын қабырғадағы сабын-құтыны толық жуып, дезинфекциялаудың орнына, оларды көбіне жай ғана үстемелей салумен істі біттіге балайды", – деп түсіндірді қоғамдық денсаулық сақтау профессоры, доктор Алекс Сундерманн.
Жағдайды жуынатын бөлменің жылы әрі ылғалды ортасы одан сайын ушықтырады: мұндай тұрақты климат микроорганизмдердің тез өсіп-өнуіне өте қолайлы. Сыртынан мінсіз көрінетін, жылтырап тұратын жаңа дозатордың өзінде терісі сезімтал және аллергияға бейім адамдар үшін айтарлықтай гигиеналық проблема жасырын жатуы мүмкін.
Дегенмен, Еуропа мен Түркияға сапарлаудан бас тартып, жағдайды абсурдқа дейін жеткізудің, гигиеналық паранойяға ұрынудың еш қажеті жоқ. Оның орнына тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретін бірнеше қарапайым әрі ұтымды әдеттерді қалыптастыру жеткілікті.
Сіздің затыңыз – сіздің қорғанышыңыз. Көптеген тісқаққан туристке жақсы таныс ескі "travel-size" моделі сенімді стратегия ретінде қайта оралады. Үйіңізден 100 миллилитрге дейінгі шағын құтыларға үйреншікті сусабыныңыз бен геліңізді құйып алсаңыз, бұл сізді гигиеналық апаттан құтқарып қана қоймай, терінің теріс реакцияларының туындау қаупін азайтады және қол жүгімен (егер чемоданыңыз болмаса) еш қиындықсыз алып жүруге жарайды.
Қырағы тексеріс жүргізіңіз. Егер барлық күмәнге қарамастан дозаторды пайдалануды жөн көрсеңіз, қарапайым тексеруден бастаған дұрыс. Қабырғасы буланса, көктеген, зең басқан болса, ішіндегі сұйықтықтан күлімсі иіс шықса, түсі лайланған болса, немесе клапан айналасы ластанса, бұл ұсақ-түйек емес, "тоқта!" деген белгі.
Ресепшнге хабарласыңыз. Өзін "құрметті қонақүйлер" қатарына қосатын болса, онда диспенсерлерді тазалаудың регламенттелген процедурасы болуға тиіс. Тіпті бөлмені қабылдап алмас бұрын ресепшнде дозаторларды дезинфекциялау қаншалықты жиі жүргізілетінін сыпайы сұрастырсаңыз, артық болмайды. Мұндай сұрақтың қойылуының өзі бұл қонақтың кірпияз екені, демек, дұрыс тазаламаса, қызметкерлерді мазалайтыны туралы хабар береді.
Бейтарап мақсаттарда пайдаланыңыз. Диспенсерлердің сыртқы түрі күмән тудырмаса, бәрібір сезіктенсеңіз, оны қолдану аясын шектеңіз. Мысалы, тек қол жуу үшін пайдаланыңыз. Шашқа, бетке, терінің сезімтал жерлеріне өзіңізбен ала келген және құрамы мен сақталу жағдайын жақсы білетін жеке гигиеналық затыңызды қолданған дұрысырақ.
Испандық шолушы Рикардо Рубио (Ricardo Rubio) бүкіл Еуропадағы сияқты Испанияда да ЕО-ның жаңа реттеуші нормалары үйреншікті қонақүй сервисінің моделін өзгертіп жатқанын растады.
"2030 жылға қарай қонақүйлердегі бір реттік гель мен сусабын қаптамаларынан толық бас тарту туралы ЕО шешімі миллиондаған турист үйренген қалыпты қызметті өзгертуде. Бұл – жай ғана косметикалық өзгеріс емес, қонақүйлердегі жайлылық туралы түсініктің түбегейлі трансформациясы. Ауқымды бастама әрбір саяхатқа әсер етеді. Бұрын қамқорлық пен стандарттың ажырамас бөлшегі ретінде қабылданған нәрсе енді экологиялық орнықты даму тұрғысынан қайта қаралуда. Кейде қажеттілікпен, кейде коллекционерлік қызығушылықпен өзімізбен бірге алып кететін үйреншікті кішкентай құтылардың орнына көп реттік дозаторлар келіп жатыр", – деп жазды Рубио.
Үнемдеудің бес игілігі: планетаны қорғау бәрінен тиімді
Dispenser Amenities компаниясының сарапшылары дозаторларды енгізудің пайдасын айғақтайтын бірнеше дәлелді келтірді.
№1 дәйек. Шығыстар үнемделеді. Бір реттік шағын құты арзан болғанымен, оны жүйелі түрде сатып алу операциялық мол шығынға ұласады. Ал, дозаторларға арналған сұйықтықтар көтерме саудамен жеткізіледі. Осылайша, экологиялық күн тәртібі экономикамен, үнемдеумен сәйкес келіп, өзгерістердің басты драйверіне айналды.
№2. Қоқысты тасу шығындары азаяды. Гигиеналық заттар құйылатын шағын құтыларды белсенді пайдаланатын қонақүйлер үлкен ауқымда қалдық қордалайды: бұл жиі қоқыс шығаруға, утилизациялауға шығындалуға мәжбүр етеді. Тіпті 100 нөмірлі шағын қонақүйдің өзі дозаторларға көшсе, жылына мыңдаған доллар үнемдей алады екен.
№3. Экологиялық артықшылықтар. Зерттеулер көрсеткендей, дозаторлар пластик қалдықтар көлемін 40%-ға дейін қысқартуға қабілетті. Ал, диспенсерлердің ауыстырылатын блоктары көбінесе қайта өңделетін немесе компостталатын материалдардан жасалған экологиялық таза қаптамада жеткізіледі.
№4. Қонақүй имиджі. "Жасыл" шешімдерге сұраныстың артуы жағдайында бұл маңызды бәсекелестік артықшылыққа айналуда: саяхатшылардың бір бөлігі "таза планета" қағидатын ұстанатын экологиялық жауапты баспана іздейді, ал, мұндай ұстанымға берік қонақүйлер осы туристерді де магниттей тарта алады.
№5. Тазалық қызметінің жұмыс тиімділігі артады. Бөлме тазалаушыларға енді нөмірде және жуынатын бөлменің әр бұрышында шашылып жататын пайдаланылған құтыларды немесе сабын қалдықтарын жинап-теріп жүрудің қажеті жоқ. Оның үстіне сабын-сусабын қорларын толықтыру күн сайын емес, қажеттілігіне қарай жүргізіледі. Қызметкерлерінің саны шектеулі қонақүйлер үшін бұл уақытты айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Үнемделген уақытты олар мүлік-мүкәммалды, бөлмені барынша мұқият тазалауға немесе қонақтарға қызмет көрсетуге жұмсай алады. Жұмсағысы келсе, әрине.
Экономикалық есеп пен экологиялық ұран бір арнада тоғысқанда, тұтынушының бұрынғы еркелігі ескерусіз қалатыны – нарық заңы.