Жұмыс сапарының соңғы күні Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғын үй қорын жаңарту халықтың өмір сүру деңгейін жақсартудың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Жаңаөзенде тұрғын үй қорының апаттылық жағдайы мен тозығы жетуі мәселелері күн тәртібінде тұр. Мұндай жағдайда тұрғын үйді жаңғырту мәселесі бірінші орынға шығады.
2022 жылдан бастап Жаңаөзенде 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасына сәйкес тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы жұмыс істейді. Осы мақсаттарға бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді.
Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласында 262 көпқабатты үй бар, оның 232-сі 1960-1980 жылдар аралығында салынған. Ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында олардың екеуі апатты деп жарияланып, ол үйлердің 200-ден астам тұрғыны басқа үйлерге көшірілді.
Қалада күрделі жөндеуді қажет ететін 52 тұрғын үй бар. Қазіргі уақытта оның 15-і "Нұрлы Жер" бағдарламасы есебінен жөнделді. Ал қалған 37 ғимарат үшін кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстары жоспарлануда. Бұл шаралар қала тұрғындары үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған.
Сонымен қатар, Жаңаөзенде 40 ескі үй бар, қазіргі таңда олардың ағымдағы жағдайын анықтау үшін, сараптамалық бағалау жүргізуге жіберілді. Талдау нәтиежесі белгілі болған соң, апаттық деп танылған ғимараттар бұзылып, қалғандары күрделі жөндеуден өтеді.
Жаңаөзен тұрғындарын толғандыратын тағы бір мәселе-су тапшылығы. Қалада жазда – орташа есеппен тәулігіне 42 мың текше метр, ал қыста – тәулігіне 30 мың текше метрге дейін су беріледі.
Бұл мәселені шешу үшін 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары шеңберінде қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұщыту зауытын іске қосу жоспарланған.
Қалада 2023 жылдың соңына дейін сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін қайта құру және кеңейту жоспарлануда. ТҮКШ инженерлік жүйелерін жаңарту сумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Халықпен алты сағаттық кездесуде тұрғындар жұмыспен қамту, медициналық қызметтердің сапасы, бизнесті дамыту, ескі көппәтерлі үйлерге күрделі жөндеу жүргізу сияқты түрлі сұрақтар қойды.
Есепті кездесуге қатысқандардың кейбірі тұрғын үй алуға жәрдемдесу, сондай-ақ мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру туралы өтініш жасады.
Нұрлан Ноғаев халықтың туындайтын барлық мәселелерін қолданыстағы заңнама шеңберінде шешу қажет екенін атап өтті.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік органдардың өз жұмысында әділдік пен ашықтық қағидаттарын басшылыққа алуының ажырамас маңыздылығын білдірді. Ол халықта туындайтын барлық мәселелер, соның ішінде жұмысқа орналасуға және ауыз суға қол жеткізуді қамтамасыз етуге байланысты мәселелер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң шешілуі тиіс екендігіне ерекше назар аударды. Мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуға келетін болсақ, мен келісілген алгоритмнің талаптарын сақтамай, барлығын, тіпті кезексіз ұйымдастырудың мүмкін еместігі туралы бірнеше рет айттым. Біз әрқашан ашық диалог құруға дайынбыз. Алайда осы тұста менің атап өткім келетін мәселе-тек мұнай өнеркәсібінде ғана емес, басқа салаларда да қызмет атқару мүмкіншіліктерін қарау керек. Мәселен, көптеген тұрғындарымыз дәрігерлердің тапшылығы туралы айтады, осы мәселені шешу үшін мемлекет көптеген гранттар бөліп тегін білім беруде. Бизнеспен айналысамын дейтін жандарға-біз мемлекеттік қолдау шараларына кепілдік береміз. Болашақта жасыл энергетика, ауыл шаруашылығын дамыту және басқа да көптеген жаңа салаларда мүмкіндіктер өте көп", – деді Маңғыстау облысының әкімі.
Есепті кездесу аяқталған соң Нұрлан Ноғаев Жаңаөзеннің 88 тұрғынын қабылдады. Ал Жаңаөзен қаласына үш күндік іс-сапар барысында аймақ басшысы жалпы есепте 145 тұрғынмен жеке кездесіп, мәселелерін тыңдады.