Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сатылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
22637

Салымшылардың салы суға кете бастады. 

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сатылады

Өткен жылдың соңында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің биыл жекешелендірілетіні туралы мәлімдеме жасады.

Министр аталған қаржы институты жекешелендірудің екінші кезеңінің тізіміне кірген 60 нысанның бірі екеніне тоқталып, ескі жыл жабылғанға дейін ипотекалық несиелендіру мен қаржы нарығында тәжірибесі бар ірі инвесторлармен келіссөз жүргізілетінін және жаңа жылда тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бәсекелі ортаға берілетінін баяндады.

Күні кеше осы сөздің шоғы қайта маздады. Үкімет отырысында "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тәжияқов тұрғын үй құрылыс жинақ банкін сатып алуға 200-ден астам компания ниет білдіргенін айтты. Оның сөзінше, 2017 жылдың мамыр айында "ScholzvonGleich" компаниясының қаржылық кеңесшісімен инвестор іздеу мен келіссөз жүргізу бойынша келісім рәсімделген. Іс барысында 420 инвесторға сұраным жіберілген, оның 249-ы тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қызығушылық танытқан.

"2017 жылдың соңында инвесторлардың пулы жасақталып, 14 инвестор мен 7 халықаралық қаржы институты нақтыланды. Қазір инвесторлар банктің осыған дейінгі жұмысын сараптап жатыр. Бұл жұмыс 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталады. Бұдан кейін біз қыркүйек айында инвестордан нақты ұсыныс күтеміз" – деді Ғалымжан Тәжияқов.  

Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, тұрғын үй құрылыс жинақ банкін жекеменшікке жыл соңына дейін беру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ еншілес ұйымы болып табылады. Қаржы институты салымшылардың қаражатын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне орналастырып, оларға тұрғын үй заемын ұсыну арқылы қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асырады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тиімді шартпен несиелендірудің тұрғын үй заемы, аралық заем, алдын-ала заем сынды 3 түрін ұсынады. Несиелендіру мерзімі 6 жылдан 25 жылға дейін созылады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ 2003 жылдың шілде айында заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік алып, 2005 жылы алғаш рет аралық заем берді. Ал 2006 жылы бірінші рет тұрғын үй заемын ұсынды.

Германияның тәжірибесі негізінде тұрғын үй жинақ жүйесін жүргізіп келе жатқан банк бүгінгі таңда "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасының қатысушыларына қызмет көрсетіп отыр.

Жасыратыны жоқ, бұл банктің дауға ұрынып, шатаққа шатылған кездері де болды. Тіпті осы банкке қатысты мәселеге мемлекет басшысының араласқаны бар.

Банк басқармасы төрағасының орынбасары Айжан Медеуова мен оның туған-туысқандары мемлекеттік бағдарлама арқылы өте тиімді бағаға 3 пәтер сатып алғанда және банк қызметкерлері "Қолжетімді баспана" бағдарламасы бойынша Алматыдағы "Әйгерім" тұрғын үй кешенінен пәтер рәсімдегенде сонымен қатар қаржы институты қарапайым халықтан пәтер құнының 50%-ын сұрағанда халықтың наразылығында шек болған жоқ.

Қалай болғанда да қалың көпшілік тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне үмітпен қарап отыр. Себебі жұрттың бәрі әупірімдеп жүріп, осы банк арқылы баспаналы болғысы келеді. Десекте тап қазір банк салымшыларының көкейіне күдік ұялай бастады. Олар тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сатылып, бағыты мен бағдары өзгерсе, жеңілдікпен үй ала алмай қалудан қорқады. Себебі үкіметтің бақылауында болған кезде басынан бұлт айырылмаған банктің жекеменшікке өткенде қалай әрекет ететінін дәл қазір ешкім тап басып айта алмайды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу