Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қатысушыларына несие беру үшін 5 жылға, яғни 2017-2021 жылдарға 120 млрд теңге бөлу қарастырылған болатын. "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңға сәйкес, аталған қаражының 28 млрд теңгесі биыл бөлінбек. Бюджеттік кредит Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жылдық 0,15 пайызбен 20 жылға беріледі.
"Салымшыларға берілетін займдардың бастапқы жарнасы 20 пайызға дейін болған жағдайда 25 жылға 5 пайызбен беріледі. Мәселен, құны 8,4 млн теңге тұратын 60 шаршы метрлі екі бөлмелі пәтердің ай сайынғы төлемі 60 мың теңгені құрайтын болады. Бөлінген қаржы 3 111 салымшының қолжетімді займ алуына мүмкіндік береді", – деп баяндады үкіметтің бүгінгі отырысында Жеңіс Қасымбек.
Бұл қаржы алдағы 15 жылда 3 рет айналымда болады. Яғни, тағы 6 мың салымшыға займ беріледі. Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бұған дейін алған 69 млрд теңгенің есебінен 74,5 млрд теңгеге 9 057 займ берді.
Еске сала кетейік, Тұрғын үй құрылыс жинақ банк жүйесі бойынша 660,6 млрд теңге жинағы бар 1,3 млн салымшы тіркелген. Аталған салымшылар мемлекеттік қолдау шаралары есебінен баспаналы болуға үмітті. Сондай-ақ олар "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының әлеуетті қатысушылары.
"64,7 мың салымшының 195,9 млрд теңге жинағы бар. Өткен жылы банк 360 млрд теңгенің 38,3 мың займын берді. Бұл 2017 жылдың деңгейінен 48 пайызға артық. 2017 жылы 243 млрд теңгенің 28,7 мың займы берілген болатын", – деді министр.
Фархат Әміренов