Депутаттар "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы" заңға түзетулер пакетін ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Сенатор Бауыржан Қаниевтың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары алдында тұрған бірқатар проблема бар.
"Атап айтқанда, тұрғын және тұрғын емес үй-жай иелерінің белсенділігі төмен, кондоминиум объектілерін тіркеудегі олқылықтар, сервистік компаниялармен шарттар және өзгеде мәселелер. 2019 жылы қабылданған меншік иелерінің бірлестігіне көшу жөніндегі нормалар әлі толық көлемде іске асырылмағанын атап өту қажет", – деді спикер.
Басқарудың жаңа нысандарына көшу реформасы шеңберінде көппәтерлі тұрғын үйлердің 85%-ы жай серіктестік нысанына көшті, ал мүлік меншік иелерінің бірлестігін небәрі 11,5% -ы таңдаған. Сонымен қатар, 1436 көппәтерлі тұрғын үй әлі күнге дейін басқарудың ешқандай түрін таңдаған жоқ.
"Осыған байланысты, Заңда қарапайым серіктестік құру кезінде пәтерлер саны бойынша – 30 пәтерге дейін шектеу көзделеді. Бұдан басқа, республика бойынша шамамен 10 211 аз пәтерлі үйлер бар. Мұндай үйлерде пәтерлердің санының аз болуы себепті мүлік меншік иелерінің бірлестігіне немесе қарапайым серіктестікке тиімсіз. Осыған байланысты, басқарудың жаңа нысаны – тікелей бірлескен басқару ұсынылады. Бұл нысанды пәтерлер саны 16-ға дейінгі үйлер үшін жасауға болады", – деп атап өтті депутат.
Тұрғындар арасында басқару нысанын таңдау туралы келісімге қол жеткізілмесе, не істеу керек?
Өзгерістер пакетінде бұл да қарастырылған. Мысалы, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясына бір жылға дейінгі мерзімге уақытша басқарушы компанияны анықтауға мүмкіндік беру туралы норма енгізілуде.
Сонымен қатар, құрылыс салушыға кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандары құрылғанға дейін алты айға дейінгі мерзімге басқарушы компанияны тартуға мүмкіндік беретін норма көзделеді.
Осылайша, Заңмен көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқарусыз және күтіп-ұстаусыз қалдырмауға мүмкіндік беретін бірқатар норма енгізіледі.
"Сондай-ақ, басты проблемалардың бірі – тұрғындардың жиналысында қаржылық сипаттағы мәселелерді шешу. Қолданыстағы "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға сәйкес жиналысқа тұрғындардың үштен екісі қатысып, олар "қолдап" дауыс беруі керек. Қарастырылып отырған заңда бұл кворумды меншік иелерінің жалпы санының көпшілігінің дауысына дейін азайту ұсынылады. Сондай-ақ, жазбаша сауалнама жүргізу уақыты бір айдан екі айға дейін ұзарады", – деді сенатор.
Сонымен қатар, Заңмен жеке меншіктегі мүліктің дербес түрлері ретінде тұрақ орындары мен қоймалардың мәртебесін бекіту ұсынылады.
Заңда өтпелі ережелер де қарастырылған:
- басқару нысанын ауыстыру кезінде, сондай-ақ пәтер және үй-жай иелерінің кооперативтерін тарату кезінде ақшаны тапсыру;
- бұрын құрылған қарапайым серіктестіктер үшін мүлік меншік иелерінің бірлестігін құруға өтпелі кезеңді (екі жылға дейін) белгілеу.
"Тұтастай алғанда, заң жобасы көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару механизмін жақсартатын және тұрғын үй қатынастары субъектілерінің кейбір функцияларын нақтылайтын түзетулерді қамтиды", – деген сенаторлар аталған өзгерістерді мақұлдады.