Тұрғындар ақшаларының қайда кетіп жатқанын білуге құқылы

2752

Алтай Көлгінов сапасыз салынған құрылыс пен тұрғын үйге қызмет көрсетуші кооперативтерді сынға алды. 

Тұрғындар ақшаларының қайда кетіп жатқанын білуге құқылы

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Nur Otan партиясы алаңында құрылыс сапасы мен халық арасында КСК атауымен танымал пәтер иелері кооперативтері (ПИК) жұмыстарына қатысты қала тұрғындарының түсірген шағымдарын осы мәселеге жауапты тұлғалармен бірлесе отырып талқылады. 

Қала басшысы шағымдарды талқылау кезінде құрылыс компанияларынан кеткен кемшіліктерді үлкен экраннан көрнекті түрде көрсетіп, олқылықтардың орнын толтыруды қатаң талап етті. Ел астанасының әкімі құрылыс компаниялары өкілдерінен кемшіліктерді жою жөнінде сылтау айтып, ақталмауларын сұрады да, орындалу уақытын белгіледі. Егер уақытында тапсырма орындалмаса не болатындығын сұраған журналистерге әкім кәсіпкерлердің жауапкершілігі барын айтты.

"Талапты күшейту керек. Бірақ біз оларға кәсіпкерлер деп қараймыз, салықтан жеңілдік жасап жатырмыз, басқа жағынан да қолдау көрсетудеміз. Алайда бұл жерде кәсіпкерлердің де жауапкершілігі болу керек. Олар тегін жұмыс істеп жатқан жоқ, қаражат алып отыр. Біз оларды заң талаптары бойынша бақылап отырамыз. Мысалы, абаттандыру ережелерін сақтамағаны үшін айыппұл төлейді. Екінші рет сақтамаса, тиісті жаза бар. Одан кейін лицензиясын аламыз. Оған жеткізбеуге тиістіміз. Себебі олар кәсіпкерлер, жауапкершілікті сезінулері керек. Сол үшін осындай кездесулер кезінде айтып түсіндіреміз", – деді елорда әкімі.

"Өткен жылы 140-тан астам тұрғын үй салынды, қазір 280 құрылыс алаңында жұмыс жүріп жатыр. Жылына 2 млн шаршы метрден астам астам тұрғын үй салынуда. Бұл – бизнеске де, құрылысшыларға да жақсы. Қалалықтар да үйлеріне қол жеткізуде. Дегенмен бұл басқаруды қажет ететін үлкен шаруашылық. Осы жұмыстарға байланысты тұрғындардан көптеп шағымдар түсіп жатады. Nur Otan партиясының орталық аппараты мен қалалық филиалы және әкімдікке 40 мыңнан астам шағым келіп түсті. Оның ішінде сапасыз құрылыс, аулаларды сапасыз абаттандыру, шатырлардан су ағу, қоқыс шығару, қар тазалау тәрізді көптеген мәселелер халық назарында. Қоғамның сұраныстарына жедел жауап беруіміз қажет", – деді қала әкімі.

Кездесу спикерлерінің бірі, Nur Otan партиясының орталық аппаратының хатшысы Марат Сембеков тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші кейбір ұйымдардың алаяқтыққа жол беретіндігін жеткізді.

"Былтыр барлық 488, биыл 200 пәтер иелері кооперативтерінің қызметтері тексерілді. Жүргізілген талдауларға қарағанда ортақ мүліктің қаражатын жұмсауда ашықтықтың жоқтығы байқалады. Тұрғындар шағымдарында есептіліктің дұрыс еместігін айтуда. Осыған байланысты қаржы жинау мәселесіне талдау жүргізіп, бірқатар мәселенің бетін аштық. Еліміздің азаматтарының үштен екісі ПИК қызметіне сенбейді. Нұр-Сұлтан, Алматы қаласында белгілі бір қызмет көрсету ұйымдары тұрғындардың үйді жөндеуге жинаған қаражатының 70%-ын өз қажеттеріне жұмсаған. Құрылыс компаниялары да тұрғын үйге қызмет көрсететін өздеріне тиесілі компаниялар құрып, ортақ қолданыстағы жертөлелер мен шатырларды сатып, жалға берген жағдайлар кездесіп жатады. Тұрғындар ақшаларының қайда кетіп жатқанын білуге құқылы. Сол себепті бүгінгі күні Парламентте тұрғын үй қорын басқару бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне толықтырулар енгізу талқыланып жатыр", – деді партия өкілі.

Марат Сембеков сондай-ақ электронды ПИК жұмысының екінші кезеңін бастау қажеттігін айтты.

"Өткен жылы е-ПИК жобасын іске асыру бойынша бірінші кезең басталды. Нәтижесінде 488 ұйымның барлығы сынақ режимінде жүйеге қосылды. Ал енді екінші кезеңді енгізу жұмыстарын аяқтау қажет. Сол себепті "Astana Innovations" компаниясына, аудандық әкімдіктерге, қоғамдық даму басқармаларына жыл соңына дейін екінші кезеңді іске асыруға тапсырма беруіңізді сұраймын", – деді Алтай Көлгіновке қарай.

Кездесу барысында көпқабатты үйлердегі лифтілерге қатысты мәселер де көтеріліп, қазіргі лифтілер үшін төленетін тарифтік ақы олардың қызмет етуіне және тұрақты жөндеуден өтіп тұруына толықтай жеткілікті екендігі айтылды.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу