Тұрғындар химиялық өңдеу салдарына шағымдануда

2393

Бұған жергілікті шаруа қожалығы кінәлі.

Тұрғындар химиялық өңдеу салдарына шағымдануда

Павлодар облысы Успен ауданы Ковалевка ауылының тұрғындары жыл сайын бау-бақшада көкөніс, жеміс-жидегін өсіріп, күзде олардан қысқы азық дайындауды дәстүрге айналдырған. Егде тартқан тұрғындардың бар ермегі де – осы. Алайда биыл 50-ге жуық отбасы өнімсіз қалмақ. Олар бұған жергілікті шаруа қожалығын кінәлап отыр.

"Өткен айдың соңында тікұшақ осындағы шаруашылық алқабын химиялық препараттармен өңдеді. Бірақ мұндай әдістің бізге, қарапайым тұрғындарға зиян әкелетінін білмедік. Әлгі препараттың тамшылары біздің бау-бақшаларға тамып, өсіп келе жатқан көкөністің барлығы әп-сәтте қурап қалды. Қырыққабат, қызанақ, тәтті бұрыш – бәрінен түк қалған жоқ. Жемістер де өспеді. Көшеттерді екінші рет отырғызып едік, олар да жерсінбеді. Осылайша, көктемнен бері бел жазбай еткен еңбегіміз зая кетті", – деп налиды ауыл тұрғыны Анатолий Кармазь.

Өңдеуден көкөністер ғана емес, адамдардың өздері де жапа шеккен көрінеді.

"Тікұшақ препараттарды сеуіп жатқан кезде бақшадағы арамшөптерді жұлып, тазалап жүр едім. Бір уақытта қырыққабатқа қолым тигені сол еді қып-қызыл болып, бөртіп кетті. Қышуы әлі басылар емес. Бұл препараттың тамшыларына аллергия болып шықты", – дейді Елена Голубничей.

Жергілікті тұрғындардың есептеуінше, шығын көлемі 1 млн теңгеден асып жығылады. Өңдеудің бұл түрінен өзге шаруа қожалықтары да қиындыққа тап болды. Барлығы көкөністерді сараптамадан өткізуді қалап еді, бірақ тиісті зертхана тек Алматы қаласында бар екен. Ал өңдеу жүргізген шаруа күзде ауылдастарын көкөніспен қамтып, олқылықтың орнын толтырмақ. Алайда тұрғындар бұған келіспейді.  

"Біз әр аулаға арнайы барып, шығын көлемін есептедік. Бұл ретте ұшу талаптарын сақтамаған әуе компаниясы кінәлі болып отыр. Олар 30 маусымда келіп, 4-5 шілдеге дейін өңдеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта сотқа арыз дайындалуда", – дейді Қозыкеткен ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Раушан Сәбитова.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу