Тұрғындар істен шыққан жеделсатының жаңаруын ширек ғасыр бойы күтіп келеді

2984

Петропавлда 217 лифт әбден ескірген. 

Тұрғындар істен шыққан жеделсатының жаңаруын ширек ғасыр бойы күтіп келеді

Солтүстік Қазақстан облысының орталығында орналасқан Назарбаев көшесі, 136 мекенжайындағы көпқабатты үйдің тұрғындары күн сайын баспалдақпен көтеріліп, түсуге мәжбүр. Бұл, әсіресе, жоғары қабаттарда тұратын қарттарға қиындық тудырып отыр. Жергілікті жұртшылықтың айтуына қарағанда, лифттің істен шыққанына 25 жылдың жүзі болған. Содан бері тұрғындар талай мемлекеттің мекеменің табалдырығын тоздырып, жаңа жеделсатыны орнатуды сұрағанымен, көпшіліктің сөзіне құлақ асар адам табылмапты. Биліктен қайыр болмаған соң тұрғындардың өздері қаржы жинап, лифт сатып алуға бел буған көрінеді. Алайда бір жеделсатының бағасы 12-15 млн теңге аралығында. Қарапайым халықтың қалтасы мұндай соманы көтермесі анық. Сондықтан әуелгі бастамаларынан бас тартудан басқа амал қалмады.

Осы үйдің тұрғыны Иван Авдониннің айтуынша, жеделсатының болмауы кәдімгідей салмақ салады.

"Мұнда 2000 жылы көшіп келдім. Сол кезден бастап әкімдікке лифт орнату жөнінде талай рет өтініш айттым. Бірақ тұрғындардың ұсынысы әлі күнге дейін ескерілмей келеді. Мен екінші топ мүгедегімін. 9 қабаттағы пәтеріме балдақпен баспалдақ арқылы көтеріліп, түсу оңай емес. Сондықтан соңғы екі жылда далаға сирек шығатын болдым. Жеделсаты орнатылса, бәріміздің "көзіміз ашылып", 20 жылдан астам уақытқа созылған қиындықты ұмытар едік",  дейді ол.

Бұл  жеделсатының жоқтығынан жапа шегіп отырған жалғыз үй емес. Петропавлда 217 көпқабатты баспанадағы лифттер ескіріп, апаттық жағдайға дейін жеткен.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мыңдаған тұрғынды титықтан бұл түйткілді тарқатуға уәде берді. Аймақ басшысы биыл мемлекеттік қаржы есебінен 8 жаңа лифт сатып алынатынын айтты. Есесіне тұрғындар бірнеше жыл бойы бюджеттен бөлінген қаржыны бөліп қайтаруы тиіс. 217 лифттің бар-жоғы сегізінің жаңаруы - жоғары көрсеткіш емес, әрине. Десе де, тұрғындар мұның өзіне риза. Енді таяу уақытта қай үйлердегі жеделсатылардың жаңаратыны шешіліп, шахталар жіті тексерілмек. Жалпы, облыс орталығындағы 1100-ден астам көпқабатты үйдің 370-інде лифт бар.

Жергілікті билік Петропавлдағы 38 көпқабатты үйдің төбесін ауыстыруды жоспарлап отыр. Бұл да - соңғы жылдары тұрғындардың "бас қайғысына" айналған мәселелердің бірі. Айталық, Брусиловский көшесі, 74 мекенжайындағы бес қабатты баспананың төбесінен жыл сайын су ағып, қолайсыздық тудырады. Тұрғындар өз күшімен жөндеу жұмыстарын жүргізсе де, ол көп уақытқа шыдас бере қоймайды. Енді қалалық бюджеттен 46 млн теңге бөлініп, тұрғын үйдің төбесі толығымен жаңармақ. Бұл қаржыны да үй иелері бірнеше жылға бөліп, мемлекеттің қазынасына қайтаруы тиіс. Тұрғындардың басым бөлігі бұл талапқа келіспесе, лифт те, төбе де жаңармайды.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу