Тұрғындар көшелеріне өз қалауларымен атау қойып, оны тақтайшаларға жазып қойған

2350

Ақтөбе қаласының іргесіндегі жаңадан бой көтеріп жатқан елді мекендерде жөн-жосықсыз ілінген жарнама да көп.

Тұрғындар көшелеріне өз қалауларымен атау қойып, оны тақтайшаларға жазып қойған Фото: Әзиз Жанұзақ

Сондықтан қала билігі бұл заңсыздықты тоқтатуға шешім қабылдады.

Қазір жол бойындағы нұсқаулықтар жазылған тақтайшалар мен шағын билбордтар алынып жатыр. Олардың көбі жерге  мықтап қағылған бағаналарға шегеленгендіктен, тіпті, ауыр техника шақыруға тура келді.

Бұл жұмыстар облыс орталығына қарасты Жаңақоныс ауылынан басталды.

Жауаптылардың айтуынша, соңғы кезде қарапайым тұрғындар мен тіл жанашырларынан шағым көбейген.

"Бұлар қаланың сәулетін бұзып тұр. Көбі қазақ тілінде де, орыс тілінде де қате жазылған. Бастысы, заңға қайшы. Жарнама ілу үшін кәсіпкер алдымен жерді жалға алып, эскиздік жоба әзірлеуі керек. Оған Сәулет бөлімінің рұқсатын алады. Құжаттарын реттеп, жарнаманы ілгеннен кейін ай сайын салық төлеуге міндетті", – дейді Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімнінің маманы Серікжан Баймұханов.

Тұрғындар өздері тұратын көшеге ешкімнің рұқсатынсыз атау беріп, оны тақтайшаға іліп, күре жол бойына нұсқама ретінде іліп қойған.

Осылайша, елді мекен аумағында осында тұратын жұрттан өзге ешкім білмейтін "Жылы ұя", "Мектеп", "Ақ орда", "Тәуелсіздік" деген көше атаулары пайда болған.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақтыгүл Әбиеваның айтуынша, жаңадан пайда болған көшелерге атау берудің арнайы ережесі бар.

"Бұл жұмыстар "ҚР, Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы" заңының 13-інші бабына сәйкес жүргізілуі қажет. Ең алдымен Сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне ұсыныс жолданады. Одан кейін тұрақты комиссияның қарауына беріліп, халықпен кездесу өткізіледі. Сол жерде тұрғындардың пікірі хаттамаға енгізіледі. Яғни, халық қай атауға көп дауыс берсе, сол алдымен облыс әкімдігіне, одан соң республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі", – дейді ол.

Заңсыз қойылған жарнама, көше атаулары мен нұсқама белгілерге қатысты тексеріс жалғасады. Өйткені, мұндай мәселе тек Жаңақоныс елді мекенінде ғана емес, қала маңындағы бірнеше тұрғын үй алабында бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу