Тұрғындарға газ бен электр шығыны үшін ақшалай өтемақы беріледі

11638

Бірақ бұл игілік тек Өзбекстанда жүзеге асырылуда. 

Тұрғындарға газ бен электр шығыны үшін ақшалай өтемақы беріледі Фото: canva.com

Көрші ел үй салуға көмектесетін қуатты тетікті де іске қосты.

Аз қамтылған отбасылар газ бен электр қуаты үшін өтемақы алатын болды. Төлемнің көлемі – 270 мың сумды құрайды. ҚР Ұлттық банкінің 28 қазанға белгілеген ресми бағамы бойынша бұл 10 260 теңгеге тең. Қаражат 27 қарашаға дейін аударылады.

Бұл туралы Өзбекстанның Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігі хабарлады.

"Мемлекет өтемақыға бюджеттен 370 миллиард сум бөлді. Біржолғы өтемақы 1,4 миллион мұқтаж отбасына беріледі. Қазан айының соңына дейін "Инсон" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Махалля қауымдастығы және әкімдіктер (хокимияттар) мұқтаж жандардың тізімін жасайды", – деп хабарлады агенттік.

Бір қарағанда, 10,2 мың теңге көп көрінбеуі мүмкін. Бірақ бұл сома қараша-ақпан айларындағы коммуналдық төлемдер құнының бір бөлігін өтеуге жетеді. 

Өтемақыны бірден 1,4 миллион отбасы алады деп жоспарланып отыр. Статагенттіктің дерегінше, Өзбекстанда 9,5 миллионнан көп отбасы бар, яғни, әрбір жетінші отбасы жылу маусымында мемлекеттің қамқорлығына алынды.

Ең бастысы, Өзбекстанда мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында мемлекет тұрақты түрде жыл сайын бір рет өтемақы төлеп тұрады.

Өзбекстан Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігі газ бен электр қуаты үшін өтемақы келесі негізде төленетінін хабарлады. Біріншісі – негізгі тізімге сәйкес. Оған "Бірыңғай әлеуметтік қорғау тізілімі" арқылы балалар жәрдемақысын, өзге де материалдық көмек алатын 1,2 миллион отбасы кірді.

Бұған қоса екінші қосымша тізім жасалды. Оған өтемақы алғысы келетін басқа да 180 мың отбасы кірді.

Осы қосымша тізімге махаллялар өз аумағында тұратын жалғызбасты аналарды, асыраушысынан айрылған отбасыларды, мүгедектігі бар адамдарды және басқа мұқтаж жандарды қосты.

Бір жақсысы, оңтүстік көрші жылына бір реттік өтемақымен шектелмейді.

"Егер сіздің отбасыңыз үлкен болса және 270 000 сом жетпесе, не істеуіңіз керек? Осы 270 мыңнан бөлек, электр энергиясы мен газды әлеуметтік нормадан артық тұтынғаны үшін өзге өтемақыларды алуға болады. Бұл екінші өтемақы да жылыту маусымы бойы газ бен электр қуатын төлеуге көмектеседі. Екінші өтемақыны қалай алуға болатынын кейінірек айтамыз", – деп түсіндірді Өзбекстанның әлеуметтік қорғау агенттігі.

Біздің елмен салыстырғанда Өзбекстанда үлкен отбасылардың саны көп, ал, шағын отбасылар өте аз.

Статистика агенттігінің мәліметінше, Өзбекстан Республикасында көп балалы отбасылардың үлесі – 39,4%. Екінші орында 5 адамнан құралған отбасылар тұр (үлесі – 22%).

Толық статистикасы келесідей:

  • 6 және одан көп мүшесі бар отбасылардың үлесі – 39,4%;
  • 5 адамнан тұратын отбасылар – 22%;
  • 4 адамнан тұратын отбасылар – 18%;
  • 3 адамнан тұратын отбасылар – 10,7%;
  • 2 адамнан тұратын (негізінен жас отаулар) отбасылар – 6,9%;
  • Бір адамы ғана бар (бойдақтар) – 3%.

Егер отбасы "Бірыңғай әлеуметтік қорғау тізілімі" арқылы бала жәрдемақысын немесе материалдық көмек алып жүрсе, онда өтемақы автоматты түрде сол картаға түседі. Ешқандай мекемеге барып, қосымша құжат жинау талап етілмейді. Өзге адамдардың өтемақысы "Халық банкіндегі" шотына аударылады.

Агенттіктің түсіндіруінше, егер бір баспанада, бір шаңырақтың астында бірнеше отбасы өмір сүрсе, ол отбасылардың әрқайсысы 270 000 сумнан ала алады. Өйткені өтемақы отбасыға төленеді.

Бұдан бөлек, Өзбекстан Үкіметі соған зәру отбасылардың бәріне үй салу және баспанасын жөндеу үшін жеңілдікті кредиттер бөлуге кірісті. Несиенің сомасы – 120 миллион сумға (4 560 000 теңгеге) дейін.

Бір жақсысы, заемшының арзан несие бойынша бірінші жарнасын мемлекеттің өзі төлеп береді және әрі қарайғы төлейтін проценттерін субсидиялайды. Бұл да Қазақстанға үлгі бола алатын ізгі бастама. Себебі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, тек ресми тұрғын үй кезегінде 650 мың баспанасыз қазақстандық тұр, оның 255 140-қа жуығы халықтың әлеуметтік осал топтары.

Шенеуніктер тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізіміне жыл сайын түгендеу жүргізеді. Министрлік биыл соның қорытындысында 17 мыңға жуық қазақстандықты баспана кезегінен алып тастады.

Ведомство болашақта "Қазақстанда 300 мыңға жуық адам тізімнен шығарылуы мүмкін" екенін мәлімдеді. Өйткені отбасының бір мүшесі, айталық, баласы жақсы жұмысқа тұрып, табыс таба бастаса, ол отбасы "ақша жинап, өз бетінше баспана ала алады" деп кезектен шығарып тасталуы мүмкін. Егер осы мыңдаған азаматтарға өз бетінше үй салып алуға мүмкіндік берсе, кезек күрт кемитін бе еді?

Осы кезде көрші Өзбекстанның Министрлер кабинеті Lex.uz базасында 2024 жылғы 21 қазанда бекітілген өкімін жариялады. Ол кедейшіліктен шығу бағдарламасының қатысушыларына, тұрғын үй жағдайларын жақсартқысы келетін азаматтарға арзан ипотека бөлу ережесін бекітеді.

Бұл президенттік жаңа бағдарламаны ұйымдастыруды Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев биылғы сәуірдегі Жарлығында тапсырған болатын. Оған сәйкес, ақша жеке тұрғын үйді жаңадан салу, иесіз жатқанын реконструкциялау немесе қолданыстағысын жөндеу үшін ұсынылады.

Бұл ретте әрбір отбасыға 120 миллион сумға дейінгі арзан кредит "махаллялық жетіліктің" ұсыныстары бойынша 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Ипотека ставкасы 12%-дан төмен болады.

Бір қызығы, өзбекстандықтарға осы 120 млн сумның бәрін қайтару міндет емес. Кредит алушыларға бюджеттен 15% көлемінде субсидия бөлінеді, яғни, осынша мөлшерін мемлекет бірден өтеп береді. Ол сома бастапқы жарна түрінде ұсынылады.

Бұдан бөлек, ары қарайғы проценттік төлемдердің бір бөлігін де 5 жыл бойы мемлекет "жабады".

Бұл субсидияны бөлу subsidyplatform.mf.uz сайты арқылы автоматтандырылған түрде ұйымдастырылады. Үкіметке жыл соңына дейін оны "Онлайн-махалля", "Цифрлық махалля" платформаларымен, сондай-ақ бағдарламаға қатысушы банктердің жүйелерімен интеграциялау жүктелді.

Бағдарлама аясында арзан ипотеканы "Агробанк", БРБ, Халық банкі және "Микрокредитбанк" таратады.

Арзан ипотека алу алгоритмі қарапайым. Біріншіден, өз үйін салып алуға не жөндеуге ақша алу үшін өзбектер бағдарламаға қатысушы банкке жүгініп, қажетті құжаттар топтамасын ұсынады. Екіншіден, "Махаллялық жетілік" ортақ тізім арқылы оның баспанасы жоқтығын растап, рекомендация береді.

Үшіншіден, банк созбалаң мен сергелдеңге салмай, 3 жұмыс күші ішінде өтінімді мақұлдау не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Егер өтінім құпталса, банк Экономика және қаржы министрлігіне ол адамға субсидия беру туралы сұрау жолдайды.

Осыдан кейін 5 жұмыс күнінен кешіктірмей, ол азаматқа бастапқы жарнасы үшін субсидия төленуге тиіс. Ары қарайғы пайыздық төлемдердің өтемақысы әрбір айдың 25-інен қалмай, түсіп тұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу