Тұрғыны көп, тәртіп сақшысы аз Түркістан

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2521

Түркістан облысында ішкі істер органдарының мамандары жетіспейді.

Тұрғыны көп, тәртіп сақшысы аз Түркістан

Ұйымдастырушылық-штаттық құрылымдарды оңтайландыру аясында Түркістан облысының ішкі істер департаменті жеке құрамның 10 пайызын қысқартқан. Бұл дегеніміз – 275 штаттық бірлік. Оның ішінде 42 басшылық лауазымның 25-і ғана қалған. Бұдан бөлек, құрылымдық үш басқарма біріктірілген. Жол-патрульдік қызметтің сержанттық құрамы да оңтайландырылып, аталған қызметтің 253 маманы офицерлік құрамға ауыстырылған.

"Бұрын 3 қызметкерге бір бастықтан келсе, қазір 5 қызметкерге бір бастықтан айналып отыр", – дейді Түркістан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков.

Қызығы сол, Түркістан облысында ішкі істер органдарының мамандары жетіспейді. Қазір өңірде 2 миллионға жуық халық тұрады. Осыншама көп адамға үш мыңға жетер-жетпес маман ғана қызмет көрсетуде. Ендеше оңтайландыру шарасын дәл осы өңірде жүргізудің қандай қажеттілігі бар еді деген сауал туындайды.

"Қысқартылған мамандар далада қалған жоқ. Оларды басқа жұмыстарға тарттық. Мәселен, биыл ішкі істер министрлігі біздің өңір үшін оперативтік-тергеу қызметіне қосымша 110 штат бөлді. Жоғары білімі бар, бірақ қысқартуға ұшыраған учаскелік инспекторларды сол қызметке қабылдап жатырмыз. Сондай-ақ зейнеткерлік жасқа толған қызметкерлердің орны босауда", – деді Қайрат Дәлбеков ішкі істер органдары қызметі мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесте.

Жоғарыда айтқанымыздай, облыстың ішкі істер департаментіне берілген штат саны өте аз.

"2 миллионға жуық халқы бар Түркістан облысына 2 946 штат қана қарастырылған. Ал халқының саны 855 мыңды құрайтын Павлодар облысына 3 345 штат бөлінген. Сол секілді 737 мың адам тұратын Ақмола облысында 3500 штат бар. Біздің облыста жүктеме көп. Тиісінше, штат санын да көбейту керек", – дейді ішкі істер департаментінің бастығы.

Мәселен, тергеушілер жетіспейді. Ішкі істер министрлігінің облыстың оперативтік-тергеу қызметіне қосымша 110 штат бөлгені де сондықтан.

"Басқа облыстарда бір тергеушінің жүктемесі 70 адамды құраса, Түркістан облысында бір тергеушіге 130 адамнан айналады. Министрлік оперативтік-тергеу қызметіне 110 штат бөлді. Соның өзінде тергеушілердің жүктемесі азайған жоқ. Жүктеменің көптігінен тергеу қызметіне ешкімнің барғысы да келмейді", – дейді ол.

Оңтайландыру аясында департамент әкімшілік шығындарды біршама азайтқан.

"Облыстық аппараттың іс-сапарлар тиімділігіне қатысты сараптама жүргізілді. 2018 жылдың үш айында іс-сапар шығындары 95 млн теңгені құраған екен. Ал биылғы жылдың үш айында шығын көлемі 45 млн теңгеге немесе 47 пайызға қысқарды. Сараптама қорытындысына сәйкес іс-сапар шығындарын қысқарту бойынша қосымша шаралар қабылданады", – деді Қайрат Дәлбеков.

Оңтайландыру нәтижесінде үнемделген қаражат есебінен осы жылдың 1 шілдесінен бастап полиция қызметкерлерінің еңбекақысы көбеяді.

"Жол-патрульдік қызмет мамандарының еңбекақысы 65 пайызға, оперативтік-тергеу қызмет өкілдерінің айлығы 55 пайызға көбеяді. Сондай-ақ учаскелік инспекторлардың жалақысы өседі. Дәлірек айтсақ, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлардың айлығы 25 пайызға және қалған инспекторлардікі 20 пайызға көтеріледі. Жалпы, айлықты өсіру үшін бюджеттен қосымша 411 млн теңге қажет. Оның 80 млн теңгесін облыстық аппаратты оңтайландыру нәтижесінде шығарып алдық. Қалған 330 млн теңгенің сұранысы ішкі істер министрлігі тарапынан қолдау тапты", – дейді Қайрат Дәлбеков.

Облыстағы ішкі істер орган қызметкерлерін баспанамен қамту мәселесі де өткір тұр.

"Қызметкерлерге әзірше пәтер бере алмаймыз. Мемлекеттен берілетін өтемақымен, сыйақымен ғана ынталандырып отырмыз. Үкімет қаулысына сәйкес, биыл тұрғын үй өтемақысы төленетін қызметкерлердің қатары артты. Қазір республикалық құрылым қызметкерлерінен бөлек, жол-патрульдік қызмет өкілдеріне де, учаскелік инспекторларға да, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторларға да өтемақы төленетін болды. Бұл орайда Түркістан облысына республикалық бюджеттен қосымша 117 млн теңге бөлінді. Өтемақылар 1 шілдеден бастап беріле бастайды. Қалада арендалық тұрғын үйлер салынып жатыр. Бұйыртса, ол үйлерден ішкі істер органдарының қызметкерлеріне де орын табылатын болады", – деп сендірді Қайрат Дәлбеков.  

Биыл Түркістан облысы бойынша 2 745 полиция қызметкері кезектен тыс аттестациядан өтеді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу