Түрік сериалдары әлемді қалай жаулап жатыр?

1205

Бір кездері Латын Америкасының теленовеллаларын импорттаған Түркия қазір өзі осы аймаққа драмаларын экспорттайтын мемлекетке айналып отыр. 

Түрік сериалдары әлемді қалай жаулап жатыр? Фото: kino-teatr.ru

Түрік телехикаяларының (түрікше "дизи") жаһандық танымалдығы Түркияны  жетекші телевизия экспорттаушысына айналдырып, оның халықаралық аренадағы имиджін айтарлықтай нығайтты және дүниежүзінде миллиондаған көрермен мен туристі осы елдің тарихи және мәдени орындарына тартып отыр.

Сонымен қатар, телешоулар Түркияның "жұмсақ күшін" әлемдік масштабта айтарлықтай ықпалды етіп жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, сериалдар жетістігі жаңа нарықтарды жаулап жатқан миллиардтаған долларлық түрік киноиндустриясын одан сайын жандандыруда.  

Parrot Analytics зерттеу компаниясының мәліметі бойынша, 2020-2023 жылдар аралығында түрік сериалдарына жаһандық сұраныс 184 пайызға артып, Түркияны әлемдегі телешоулардың ең үлкен экспорттаушыларының біріне айналдырған.

"Бізді күн сайын әлем бойынша 400 миллионнан астам көрермен тамашалайды. Түрік драмаларының жұмсақ күші саясатпен жасалған күштен де асып кетті", – дейді Түрік драмаларын жаһандық нарыққа экспорттайтын Global Agency компаниясының бас директоры Иззет Пинто АР агенттіне берген сұхбатында.

"Deli Yurek" ("Асау жүрек") – 2001 жылы Қазақстанға экспортталған алғашқы түрік сериалы. Бірақ түрік телеөнімдерін әлемге әйгілеген фильм бұл емес – 2005 жылы шығарылған романтикалық "Gümüş" ("Күміс") сериалы. Дәстүрлі ортадан шығып, қалалық өмірге бейімделген әйел жайлы драма Таяу Шығыста өте танымал болды.

Таяу Шығыс халық ертегілерінің жинағына негізделіп, 2006 жылы түсірілген "Мың бір түн" романтикалық драмасы Балқандағы көрермендерді баурап алды. Ал 16-шы ғасырдағы Османлы сұлтаны Сүлейменнің өмірінен сыр шертетін "Ғажайып ғасыр" сериалы тарихи фантастикаға жол ашқан.

Венесуэла Президенті Николас Мадуро 2018 жылы "Қайта тірілу: Ертұғырыл" тарихи драмалық сериалының түсіріліміне барып, бұл сериалдың өз елінде танымал болғанын атап өтті.

Айта кетсек, бұл хикая Түркияның TRT телеарнасының урду тіліндегі YouTube каналынан 157 млн қаралым жинапты.

Түрік телехикаяларының "Dizilah" фан-платформасының негізін қалаушы Хейли Уганадидің сөзінше, бұл драмалардың танымалдылығына әдетте Ыстамбұлдағы сәнді өмір салты немесе Түркияның бай тарихы аясында құрылған отбасы, достық және махаббатқа бағытталған тақырыптар себепші.

"Олар қайдан келгеніңізге қарамастан, барлығына бірдеңе ұсынады. Түрік драмаларын көріп, мен анамның, өзімнің және бауырларымның бейнелерін көремін", – дейді Уганади.

Бұл платформа ай сайын АҚШ, Канада, Грекия, Үндістан және Пәкістаннан 1,5 миллион фанат қабылдайды.

"Ешқандай жалаңаштық, қарғыс немесе жаман сөздер, жек көрушілік жоқ. Осылайша, бұл сериалдар отбасыңмен отырып тамашалайтын дүниеге айналды", – дейді Уганади.

Ыстанбұлдағы БаҺчешехир университетінің кино және теледидар кафедрасының доценті, доктор Дениз Гурген Аталай түрік ақпарат құралдарына берген сұхбатындай айтқандай, бұл сала 2023 жылы шетел экспортынан 1 миллиард доллар табыс тауып, туризмге, әсіресе, саяхатшылыққа маңызды әсер еткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу