Түріктер қазақтарға әуежай салып жатыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13825

Түркістан халықаралық әуежайының құрылысы 2020 жылы аяқталады. 

Түріктер қазақтарға әуежай салып жатыр

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жыл соңына дейін Қостанай, Балқаш қалалары әуежайларының ұшу-қону жолақтарын қайта жаңғырту жұмысы аяқталады. Ал 2020 жылдың желтоқсанында Түркістан халықаралық әуежайы қолданысқа беріледі.

"Әуе көлігінің жердегі инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы ойдағыдай орындалды. Ел аумағындағы әуежайлардың 16 ұшу-қону жолағы мен 13 терминалы заман талабына сай жаңартылды", ­­­­­­­– деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Естеріңізде болса, биыл мамыр айында Түркістан халықаралық әуежайының іргетасы қаланды. Түркістаннан 16 шақырым қашықтықта орналасқан 900 гектар жерге түріктердің Yda Insaat group акционерлік қоғамы халықаралық әуежай салатын болды.

YDA HOLDING компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейннің айтуынша, Түркістан халықаралық әуежайы 2020 жылы желтоқсан айында қолданысқа беріледі. Құрылысқа 120 млн доллар жұмсалады.

"Түркістан халықаралық әуежайы халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен салынып жатыр. Терминал жылына 3 млн жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежайды мерзімінде тапсыратынымызға сенімдіміз. Себебі біздің бұл салада тәжірибеміз мол", – деді Арслан Хусейн.

Айта кетейік, аталмыш компания 2007 жылдан бері Ақтау халықаралық әуежайын басқарып отыр. Жалпы, түрік компанияларының тарапынан Қазақстанның әуежайларына ерекше қызығушылық бар екенін аңғаруға болады. Сөзімізге TAV Airports Holding түрік-француз компаниясының Алматы халықаралық әуежайын сатып алуға ниет білдіруі дәлел.

Естеріңізде болса, Алматы халықаралық әуежайы TAV Airports Holding түрік-француз компаниясына сатылуы мүмкін деген әңгімеге пікір білдіргенде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов: "Алматы халықаралық әуежайы жеке компанияның меншігінде. Менің білуімше, басшылыққа бірнеше әуежайға ие болып отырған халықаралық компания келеді. Нәтижесінде әуежайдағы қызмет көрсету сапасы жақсарады. Қазір түрік компаниясымен келіссөз жүріп жатыр, сондықтан ештеңе айта алмаймыз", – деп қысқа қайырды. Ал сарапшылар Алматы халықаралық әуежайы ерте ме, кеш пе сатылатынын алға тартып, әуежайдың құны қанша болады деген сұраққа жауап іздеді.

"DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев түрік компаниясы Алматы халықаралық әуежайын шамамен 180-210 млн долларға сатып алады деп болжады.

"Алматы халықаралық әуежайының қазіргі активі 218 млн долларды құрайды. Түріктер әуежайға 180-210 млн доллар ұсынуы мүмкін", – деді Мұрат Қастаев. Өз кезегінде "Центр Оценки Алматы" ЖШС бас директоры Бауыржан Бектаев әріптесінің сөзін қостап, Алматы халықаралық әуежайы 180-206 млн доллар аралығында сатылуы мүмкін екенін айтты.

"Алматы халықаралық әуежайы 2018 жылы 5 млрд теңге табыс тапқан. Түрік компаниясы осыны ескеріп, меншік иесіне 180-206 млн доллар береді деп ойлаймыз", – деді Бауыржан Бектаев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу