Түріктің арзан әрі киллер-дрондары Украина қорғанысын күшейтуге елеулі үлес қосып жатыр

9389

Bayraktar қорғаныс құралына ғана емес, әлеуметтік желіде жаудың үрейін ұшыратын насихат қаруына да айналды.   

Түріктің арзан әрі киллер-дрондары Украина қорғанысын күшейтуге елеулі үлес қосып жатыр

Ресейдің айға жуық бомбалау операцияларына қарамастан, Украина жауынгерлері ел қалаларын үлкен қарсылықпен қорғап жатыр. Олар басқыншыларға түріктің дрондарымен тұтқиылдан шабуыл жасап, қарсы жақтың талай жауынгерін жер жастандырып, техникасын қиратты. Бұл ұшқышсыз аппараттың тиімділігі қазір батыстық сарапшыларды да таң қалдырып отыр.

Америкалық және еуропалық әскери мамандардың пікірінше,  Bayraktar TB2 Украинада ресейлік әскердің алға жылжуын бәсеңдетіп, оның әлсіз жақтарын да ашып берді.

Bayraktar төмен технологиялы қақтығыстарда жақсы нәтиже береді. Оларды Түркия Әзербайжан, Ливия, Марокко және Эфиопия сияқты оннан астам елге сатқан.

Bayraktar шағын және жеңіл (АҚШ армиясының Reaper ұшқышсыз ұшағынан шамамен жеті есе жеңіл), қанаттарының ұзындығы – 12 метр. Соның арқасында бұл дрондар аспанда 30 сағатқа дейін қалықтай алады. Baykar Technologies компаниясының жарнамалық материалына сәйкес, бұндай аппараттың әрқайсысы лазермен бағытталатын төрт зымыранды тасымалдай алады.

Лондондағы Корольдік қару-жарақ институтының ғалымы Джек Уотлингтің айтуынша, Bayraktar Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстардың бастапқы кезеңдерінде  күтпеген сәтті шабуылдар жасады.

"Дегенмен TB2 әскери жанжалдардың барысына айтарлықтай әсер етпеуі керек. Өйткені олар орташа биіктікте баяу ұшатын ұшақтар. Ал Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі өте қабілетті", – дейді Уотлинг.

Уотлингтің сөзінше, Украина әскері түрік дрондарын төмен ұшырып, нысанаға жақындатып, кенеттен соққы береді. Алайда уақыт өте келе, ресейліктер дұрыс ұйымдасып, өздерінің әуе қорғанысы жүйесін ретке келтіргенде, бұл дрондарды пайдалану еркіндігі азаяды. Сондықтан украиналықтар абай болуы керек екен.

Наурыздың 9-да парламентте өткен брифингте Ұлыбритания Қорғаныс министрі Бен Уоллес Батыстың Украинаға сыйға тартқан басқа да қару-жарақтарымен бірге Bayraktar дрондарына да жоғары баға берді.

"Түріктің TB2 дрондары орыстардың шабуылын бөгеуде немесе баяулатуда өте маңызды", – дейді Уоллес.

Түркиялық дрондар әлеуметтік желілерде де табысқа жетті. Олардың ресейлік бронетранспортерлерді жойып жатқаны туралы әуеден түсірілген видеолар Украинада ақпараттық соғыстың негізгі құралына айналды.

Жақында Украинаның Түркиядағы елшісі Василий Боднар Twitter-де ұшқышсыз ұшақтардың шабуылдары мен қираған ресейлік әскери көліктер кортежі жайлы бейнекадрлармен бөлісті және де сол видеолардың біріне қатысты дипломат "Машаллах" немесе "Шүкір" деп жазған.

Bayraktar жойған нысандардың қатарында Ресейдің құны кемінде 50 миллион доллар тұратын "жер-әуе" зымырандық жүйесі де бар.

Түркия TB2 ұшқышсыз ұшақтарын Украинаға 2019 жылы сата бастады. Ал Киев оларды кейін Донбасстағы ресейшіл сепаратистермен күреске пайдаланды. Мәскеу болса, бұл әрекетті "тұрақсыздандырушы" деп атады.

Түрік шенеуніктері Украинаға ұшқышсыз ұшақтардың сатылуына қатысты егжей-тегжейлі мәлімет бермеді. Кейбір деректерге қарағанда, Украинаға жеткізілген TB2 дрондарының саны 20 мен 50-дің арасында.

"Менің ойымша, Түркияның бұл жанжалға қатысты ресми саясаты сол, ол "Украинаның бейтараптығын" қолдайды. Түркия қарулы қақтығыстардың біткенін қалайды. Бірақ сөйте тұра ол Украинаға әскери көмек көрсетіп отыр. ...Бұл ажал дрондары Украинада керемет жұмыс істеп жатыр", – дейді Түркияны зерттеулер бағдарламасының директоры және Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтының аға ғылыми қызметкері Сөнер Джағаптай Associated press агенттігіне берген сұқбатында.

Әрқайсысының бағасы 2 миллион доллардан төмен тұратын Bayraktar дрондарын Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның күйеу баласы Селджук Байрактар отбасының иелігіндегі "Байкар" қорғаныс компаниясы шығарады. Байрактардың өзі ​​– "Байкардың" бас техникалық директоры.

TB2 дрондары 2020 жылы Таулы Қарабақта Армениямен болған шайқаста Түркияның одақтасы Әзірбайжанның жеңіске жетуіне көмектесіп қана қоймай, Ливиядағы қақтығыстардың барысын Анкараның мүддесіне бұрды.

Анкара, сонымен бірге бұндай ұшақтарды Түркиядағы, Ирактың солтүстігіндегі және Сириядағы күрд содырларына да қарсы пайдаланды.

 "Мен бұл дрондарды дрондардың Toyota Corolla-сы деп атар едім. ...Бұл көліктер жоғары деңгейдегі спорттық машиналарға жете алмаса да, олармен 80%-ға теңесе алады. Америка сияқты жоғары деңгейлі әскери державалар үшін де үстем күшке соққы беруде осындай арзан платформаларды пайдалану өзіндік құндылыққа ие", – дейді АҚШ-тағы Сыртқы саясатты зерттеу институтының зерттеулер жөніндегі Аарон Штейн.

Өткен аптада Президент Джо Байден Украинаға қосымша 800 миллион долларлық әскери көмек жіберетінін жариялады. Оның ішіне АҚШ-та жасалған ұшқышсыз ұшақтар, 800 Stinger зениттік жүйесі, 100 гранатомет, 20 миллиондай оқ-дәрі, миномет оқтары кіреді.

Ақ үй Украинаға Switchblade ұшқышсыз ұшақтарын жібермек. Олар да жеңіл, әрі рюкзакпен тасымалдауға болатын қару. Switchblade 300 және Switchblade 600 болып екі түрге бөлінеді. Біріншісі шағын нысандарды, екіншісі танкілер мен өзге де әскери машиналарды жоюға арналған. "Камикадзе" аталып кеткен бұл дрондар аспанда 15 минут ұшып, көздеген жеріне тиіп барып жарылып, екінші мәрте қолдануға жарамай қалады.

Switchblade дрондары түтіктерден атылып, миномет снарядтары сияқты әуеге ұшып, 40 шақырым қашықтықтағы ресейлік нысанаға соққы бере алады. Оларды көздеген объектіге автоматты түрде тиюге бағдарлауға болады және де мұндай аппараттар өте тез – сағатына 185 шақырым жылдамдықпен ұшады.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу