Түркия "спорт атасын танымайды" десе керек, 2024 жылғы 26 шілде–11 тамызда Парижде өткен жазғы Олимпиадаға осы спорт түрінен 51 жасар Юсуф Дикечті жолдады. Кілең жастар бір төбе, Юсуфымыз бір төбе болды. Reuters жазуынша, тәжірибелі атлет сенсациялық нәтиже көрсетті және Севвал Илайдамен жұптасып, күміс медальді олжалады.
Жаһандық жарыста арпа ішінде бір бидай болған оның бейнесі жазғы Ойындарды тамашалаған көрерменнің бәрінің есінде қалды.
Жүйкесі жұқарып, төзімі тозып, әбден әбігерге түскен, борша-борша терлеген, өміріндегі ең басты сайыста сүрінбеу үшін уайым жеген спортшылар сапырылысуда.
Осы кезде ортаға Юсуф Дикеч шықты. Бойын барынша босаң ұстаған. Бір қолын қалтасына тыға салған. Өзге атқыштар тағатын, күннің сәулесін қағатын арнайы көзәйнек пен линзадан бас тартып, орнына жай көзілдірікті кие салған.
Айналадағы шуды басатын кәсіби құлақша-наушник орнына құлағына қарапайым тығын-беруши тыға салған. Нысаналау кезінде діріл-вибрацияны басатын қатты теріден тігілген жеңдері бар күртеше орнына әдеттегі футболканы кие салған.
Осындай образда шыққан Юсуф Дикеч нысананың бәрін "киллер стилінде", бір демде атып тастады.
"Түркия Олимпиадаға кәсіби киллер жіберген бе?" – деп таңданыс пен тамсаныстан жарыла жаздады жаһандық аудитория.
Атағы дардай әлемдік спортшыларды ысырып, еш қиналыссыз олимпиялық ойындардың күміс жүлдесін қанжығалап кеткен Дикеч туралы ақпарат іздеу үшін жұрт интернетті қопаруға тұра жүгірді. Уикипедия энциклопедиясы дүниежүзінің көптеген тілінде ол туралы парақшалар ашты.
Арнайы спорттық экипировкасыз-ақ, 10 метр жерден пневматикалық тапаншадан атуда әлемдегі №2 спортшыға айналған түрік азаматының бұрынғы әскери қызметші екені анықталды.
Юсуф – түрік жандармериясының отставкадағы унтер-офицері. Бұдан біраз бұрын, 2006 жылы ол Норвегияда өткен, әскерилер арасындағы Әлем чемпионатында 25 метр жерден тапаншамен атуда жаңа әлемдік рекорд орнатты.
Париж Олимпиадасы – оның мансабындағы бесінші Ойындар болып шықты. 2008 жылдан бері қатысып келеді. Алайда тек осы жолы алғаш рет жүлдеге ілікті.
Юсуф бұл жолы дөп тиген атыстарымен ғана емес, сондай-ақ әлгінде айтылған қалыптан тыс техникасымен көзге түсті.
Ақпарат құралдары оның атыс мәнері кинодағы киллерлердің тәсілін көзге елестеткенін жазды. Өйткені өзге мергендер сияқты бір көзін қысып, ұзақ көздемеді. Қос жанарын ашық қалдырған күйі атқылады.
Сонысының арқасында әлемдік жұлдызға және түрлі мемдердің кейіпкеріне айналды. Оған арналған әзіл-қалжыңдар, сүйсінген сөздер әлеуметтік желіні толтырып, сыртқа теуіп тұрды. 51 жастағы адамның мұндай шеберлігіне таңдай қағып, қол соқпау мүмкін емес еді.
Қаһарманының кейінгі өмірі қалай қалыптасты?
"Sport-express" салалық басылымының жазуынша, бүгінде Юсуф Дикеч жұлдыз болуын жалғастырды. Ол жақында танымал батыстық сериалдың жарнамалық промосына да түсті. Мергенді ірі жиын-тойлардың ұйымдастырушылары құрметті қонақ болуға үнемі шақырады. Ал, сұхбат алу үшін Юсуф ақпарат құралдарынан 30 мың еуро (шамамен 13 миллион теңгедей) қаламақы сұрайды. Ашылып сөйлеуді ұнатпайтын ол осы арқылы мазасыз журналистерден қорғанатын болса керек.
Олимпиададан кейін тек өз Отанында ғана емес, бүкіл әлемде танымал және сыйлы тұлғаға айналған Юсуфқа сұраныс жоғары. Сұраған ақысын берген телебағдарламалар, блогерлер болыпты.
Таяуда SkyShowtime стримингтік сервисі "Қорқаудың күні" (орыстілді аудиторияға "День шакала" атауымен белгілі, түпнұсқасы "The Day of the Jackal") британдық драмалық телехикасының екінші маусымының промосын жариялады.
Одан белгілі болғандай, 2024 жылғы Олимпиаданың түрік жүлдегері актер Эдди Редмэйн ойнайтын бас кейіпкердің және жалдамалы кісі өлтірушінің шын бейнесін бүркемелейтін балама тұлға болып шықты. Ол өз құрбандарын рекордтық қашықтықтан атып, сұлатып салады.
Осылайша, британдық сценаристер әлемді тәнті еткен түрік сұрмергенінің "мемдік әлеуетін" сауатты пайдаланып қалуға ұйғарыпты. Киносыншылардың пікірінше, Юсуфтың сұсты бейнесі 2025 жылы экрандарға шығатын сериалдың жаңа маусымының мәнін аша алған.
Айта кету керек, Ұлыбританияның атақты Ми-6 барлау қызметінің агенті Фредерик Форсайттың осы аттас романының ізімен түсірілген және жаһандағы қазіргі геосаяси ахуалға орай жаңа мағынаға ие болған "Қорқаудың күні" телехикаясының бірінші маусымының тұсауы 2024 жылғы 7 қарашада кесілді.
Ол онлайн кинотеатрларда жоғары бал жинаған соң студия мен продюсерлер келесі маусымын түсіруге кірісті.
Ю.Дикечтің тұтас бейнесінің бөлінбес бөлшегі, есте қалар элементі – оның тұрысы болды. Киногерлер оны тіпті синематографта "тасқа қашап" тарихқа қалдыруға ниетті.
Түрік спортшысының осы басты "фишкасы" – бос қолын қалтасына салып тұрып еркін атуы әлемдегі ең танымал позаның біріне айналды. Оның "вирустай" тарағаны сонша, көптеген өзге тұлғалар камера алдында соны қайталауға тырысуда.
Мысалы, оны Париж Олимпиадасы барысында әлемдік рекорд орнатқан швед Арман Дюплантис шаттану үстінде қолданды.
Жазғы Ойындардан кейінгі кезеңде "Аякс" футболшысы Стивен Бергейс, крикетист Киран Поллард, байкер жарысшысы Топрак Разгатлыоглу жеңіс позасы ретінде соны паш етіп, Юсуфтай қалшиып тұра қалды.
Мұндай тұрыс стилі тек спортшыларға ғана емес, басқа танымал тұлғаларға да қатты ұнапты. K-pop жұлдызы Пак Сон Хва өз концертінде Юсуфтың үлгісін қайталап, сүйсіністен шыңғырған фанаттарының "жүрегін жара" жаздады.
Юсуфтен әрбір барған іс-шарада осы атақты ишарасын қайта-қайта орындауды қиыла сұрайды екен. Мергеннің Олимпиадада неге сондай "провокациялы позицияны" таңдағанын ол өз сұхбатында түсіндірді.
"Мен бос қолымды қалтамда еріккеннен ұстамаймын. Денеме қосымша теңгерім-баланс беру үшін солай жасаймын. Біздің спортта тепе-теңдік деген өте маңызды. Кейбірі мұны тіпті паңдануға, тұрпайылыққа, әдепсіздікке жорыпты. Бірақ солай ойлайтындар спорттық атудан дәнеңе түсінбейді деген сөз. 10 жыл бұрын Әлем чемпионы болғанымда, алғаш рет дәл осы тұрысты пайдаланған едім. Содан бері ештеңені өзгертпеуге тырысамын. Менің позамды әлем болып талқылайды деген үш ұйықтаса түсіме кірмепті", – дейді Юсуф.
Қалай болғанда, енді оның бұл тұрысы Түркияда барлық жерде дерлік бейнеленген. Алып баннердегі оның осы бейнесі әуежайда қонақтарды қарсы алады. Ату үстіндегі Юсуфтің кескіні футболкаларға, саптыаяқтарға, түрлі тауарлар мен кәдесыйларға түсірілген.
Олардың бәрінен Дикечтің қалтасына сыйақылар құйылып жатқан жоқ. Олардың көбі спортшының образын рұқсатсыз, заңсыз пайдаланатыны айтылды.
Сондықтан олимпиадашы өз бейнесі мен позасын патенттеп, авторлық және сабақтас құқықтарын қорғауға ұйғарды.
"Юсуф Дикечке хабарламай, әлдебір адамдардың оның сыртынан қимылдап, тиісті тауарлық белгіні тіркеу жөнінде құзырлы инстанцияларға көптеген өтініш бергені белгілі болды. Сол себепті, біз оның тұрыс-позасын тауарлық белгі ретінде тіркеуге өтініш түсірдік. Тиісінше, Юсуфқа қатысты басқа барлық өтініштерді қанағаттандырудан бас тартылды", – деп хабарлады оның бапкері Эдринч Билгили.
Бүгінде түрік атқышының әлеуметтік желілерде миллионнан көп жазылушысы бар. Басылымдар Юсуфтың салтанатты кештерге қатысу, жарнамаға түсу, шоуларда сұхбат беру, кинода ойнау сияқты бағыттарда түрлі коммерциялық ұсыныстардың астында қалғанына назар аудартады.
Hurriyet басылымының мәліметінше, Дикечті үнді фильміне түсуге Болливуд шақырды. Спортшының келісім берген-бермегені белгісіз. Дикеч іс-шаралардың бірінде өзін актер ретінде көрмейтінін аңғартты.
"Киноға түсу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ менің ойымша, адам өмірде нені жақсы істесе, сонысымен айналысуға тиіс. Мен атуды ғана бәрінен жақсы білемін", – деді Юсуф.
Сұхбаты неге қымбат?
Қалай болғанда, әлемдік өте танымал өзге де тұлғалар сияқты енді Юсуфтың төл агенті бар. Оның өкілі таяуда бұдан былай спортшының тек 30 мың еуроға ғана сұхбат беруге келісетінін мәлімдеді.
"Юсуфтің қолы бос емес, әр сағаты, күн тәртібі нақты жазып қойылған. Ол 2028 жылы Америкада өтетін жазғы олимпиялық ойындарға дайындыққа кірісіп кетті. АҚШ-тың Лос-Анджелесінде алтын алуға күш салады. Түсінесіздер ме, Юсуф – әртіс емес. Сән-салтанатты өмір сүріп, ел аузында, әлем назарында болу, сол үшін оңды-солды сұхбат тарату оған қызық емес", – деген агенті Мехмет Әли Ақгүлдің мәлімдемесін келтірді L'Equipe.
Бұл сома қайдан шыққан? Түрік басылымдары 30 мың еуроның 1 миллион түрік лирасынан асатынын еске салады. Жай ғана тілдесу, пікір білдіру, тіпті сырын жайып салу үшін салмақты сома.
Бірақ үлде мен бүлдені ұнатпайтын, қарапайым киінетін, сән-салтанат заттарынан аулақ Юсуф сонша байлықты не істемек?
Сұхбаты үшін алатын қаламақысын, жалпы, танымалдылығынан табатын бонустарын спортшы жаһандық байрақты бәсекеге лайықты дайындалу, шеберлігін шыңдау, білікті медициналық ұйымдарда қаралып, денсаулығын күтіп, спортшыға лайықты тамақтану үшін жұмсайтын көрінеді.
Юсуф Дикеч спорттық өміріндегі ең бастысы – атыс болып қалатынын жеткізді. Сондықтан елі және денсаулығы мүмкіндік берсе, тіпті 2028 жылғы жазғы Ойындардан кейін де спорттық мансабын аяқтамай, жалғастыруға ниетті.
АҚШ-тағы 2028 жылғы Олимпиадада Дикечтің жасы 55-ке жетеді. Көзінің қырағылығы жасымаса, қолы қалтырамаса, ол түріктің жұлдызды-айлы байрағын аспанға талай көтеріп, ел айбынын асырары сөзсіз.
Ал, француздың L'Equipe басылымының сарапшылары Юсуфтың танымалдылығының таяу жылдары таусылмасына сенеді.