Турист туроператордан туркод талап етуі керек

16167

Бұл – шет елде сарсаңға салынбаудың ең тиімді тәсілі.

Турист туроператордан туркод талап етуі керек

Соңғы 8 жылда алаяқ туроператорлар 12 мың қазақстандықты қақпанына түсіріп, шет мемлекеттегі демалыстарының шәт-шәлекейін шығарды. Сарсаңға салынған саяхатшылар қаржыларынан қағылып қана қоймай, мұхиттың арғы жағынан жүйкелерін жұқартып қайтты.  

"Туристік қамқор" корпоративтік қоры баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, алаяқ туроператорлар қонақ үйлерге туристердің жамбаспұлын төлемейді, қайтар билеттері үшін әуежаймен есептеспейді немесе өздерін банкрот деп жариялай салады. Салдарынан саяхатшылар сан соғып, опық жейді.

"2010-2018 жылдар аралығында туроператорларға алданып қалған туристердің жалпы шығыны 10 млн доллардан асып кетті", – деп хабарлады корпоративтік қордың баспасөз қызметі.

Хабарламада 2012 жылы Грекияда 450, ал 2013 жылы 620 турист қалып қойғаны және осыған дейін танылып үлгерген туроператорлар оңай олжаға кенелу үшін аяқ астынан өздерін банкрот деп жариялағаны жазылған.

"Биыл жаздың басында Алматы қаласында 30 туристі Түркияда демалдыруға уәде берген турфирма 19 млн теңгені қалтаға басып, туристерді тақырға отырғызып кетті. Ал маусым айында Қарағанды қаласының 18 тұрғыны өздерін Еуропаға аттандыруға сөз берген туристік агенттіктің басшысын полиция арқылы іздеді", – делінген баспасөз хабарламасында.

Жария болған мәліметке сәйкес, биыл ел азаматтарының басым бөлігі Түркия, Мысыр, Қытай мемлекеттеріне жақын орналасқан теңіз жағалауларында демалуға бел буған. Былтыр бір жылда еліміздің 290 мың азаматы турист ретінде шетел асса, биыл бұл көрсеткіш жарты жылда еңсерілген.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, демалыстың шырқын бұзбау және алаяқтарға алданбау үшін әр турист туроператордан туркод талап етуге тиіс.

"Ел азаматтары шетелге шығардың алдында қонақ үйінің ақшасы төленді ме, бару-қайту билеттері алынды ма және туркод бар ма? деген сұрақтардың жауабын нақтылап алуы керек. Сонда жағымсыз жағдайға тап болмайды", – делінген баспасөз хабарламасында.

"Туристік қамқор" корпоративтік қорының қызметкерлері туркод деген не екенін, ол қандай жағдайда қажет болатынын да тәптіштеп түсіндіріпті.

Олардың жазуынша, туркод Қазақстан азаматтарына шетелде алаңсыз демалу және оқыс оқиға орын алған жағдайда кепілді көмек күту құқығын береді. Туристік код 11 немесе 13 әріп пен санның бірлігінен тұрады. Ол автоматты түрде туристің демалыс жолдамасына тіркеледі немесе жеке парақпен ұсынылады. Әр туристің өз шифры болады. Туркодта туристің қай елде, қай уақытқа дейін болатыны, қай қонақ үйде жатқаны, тіптің жынысы мен жасына қатысты барлық мәлімет сақталып тұрады. Саяхатшы жағымсыз жағдайға тап болса, бірден "Туристік қамқор" корпоративтік қорына хабарласып, туркодының нөмірін айтуы керек. Осылай болғанда оған 24 сағат ішінде тиісті көмек көрсетіледі. Яғни туристің барлық шығындары қор есебінен өтеледі.

"Туристік қамқор" корпоративтік қорының құрамындағы барлық туроператорлар әр туристке жеке туркод беруге міндетті. Бұлай болмаса туроператордың қызметіне күмәнмен қарап, одан бірден бас тарту қажет. Қазақстанда туристік қызметпен айналысуға 1500 лицензия берілген. Алайда нарықта 500 туристік фирма ғана жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 59 туроператор "Туристік қамқор" корпоративтік қорының мүшесі саналады. Олар саяхатшылардың қауіпсіздігіне кепілдік береді. Қор құрамындағы туроператорларға қатысты мәліметті қордың ресми сайтынан білуге болады", – деп нақтылады қордың баспасөз қызметі.

Бұл жерде біз түсінбеген бір мәселе бар: 24 сағат  – бір тәулік. Осы уақыт аралығында көмек көрсетілгенше турист өз мәселесін өз қаржысына шешуі тиіс. Көмек көрсетілгенге дейін жұмсалған шығын өтеле ме, өтелмей ме, бұл мәселе қордың сайтында нақтыланбаған.

Айта кетейік, "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры 2016 жылы ел үкіметінің қаулысымен сыртқа шығу туризмі саласында ҚР азаматтарының құқығын кепілдендіруге қатысты жүйенің әкімшісі болып бекітілген. "Қазақстан Республикасындағы туристiк қызмет туралы" заңды негізге алатын қор шетелдегі отандық туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ол туроператорлар үшін сақтандыру компанияcының қызметін атқарады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу