Туристік компаниялардың 90%-ы қызметін тоқтатуға мәжбүр

Ал 69 ел шетелдік туристер үшін шекараларын жапты. 

Туристік компаниялардың 90%-ы қызметін тоқтатуға мәжбүр

COVID-19 пандемиясы жаһандық туризм нарығын тығырыққа тіреді. Дүниежүзілік туристік ұйымның статистикасы бойынша, әлем елдеріндегі қатаң карантиндік шектеулерге байланысты сырттан келетін саяхатшылар саны 3,8 қысқарды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Алматы қалалық "Атамекен" ҰКП директоры Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша биыл да сектордағы ахуал мәз емес. Тіпті, отандық компаниялардың 90%-ы қызметін тоқтатуға мәжбүр болып отыр. 

"Әрине, локдаун кезінде мүлдем жұмыс істемеген мекемелерге өте қиын болды. Біріншіден, бұл сыртқы туризм саласы. Аталмыш нарықтағы компаниялардың шамамен 90%-ы қызметін шектеуге мәжбүр болды. Жұмысын толығымен тоқтатқан кәсіпорындардың ішінде болашақта қаншасы қайта ашылатыны әлі белгісіз. Қазіргі бүкіл нарық өкілдері үшін жағдай қиын", – дейді қалалық Кәсіпкерлер палатасының басшысы. 

Бүгінде тур компаниялар қызметкерлердің 30-35%-ы жұмыссыз немесе басқа жұмыс іздеуге мәжбүр. Бұл сатистикамен Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова бөлісті. Оның пікірінше саяхат саласына мемлекеттік қолдау қажет. 

"Болашақта барлық шектеулер алынып тасталғаннан кейін де көптеген компанияларға Үкіметтің көмегі қажет болады. Әрине, барлығына қаржылай қолдау көрсету мүмкін емес. Бірақ кәсіпкерлерді салық төлеуден босату, оның ішінде жалақы қорына төленетін салықтан. Осындай жеңілдіктер қарастырылса деген ұсыныс бар", – дейді қауымдастық басшысы. 

Халықаралық қатынас жандана бастады

Баршамызға мәлім туризм нарығы шетелге сапарлау немес халықаралық, сырттан келгендерге қызмет көрсету және ішкі туризм болып үш топқа жіктеледі. Ұзаққа созылған локдауннан кейін 2020 жылдың соңында халықаралық саяхат саласы қалпына келе бастады. 14 мемлекет Қазақстан үшін шекарасын ашты. Рашида Шайкенова түрлі шектеулерге қарамастан, халықаралық қатынас әупірімдеп болса да алға жылжып келеді деп топшылайды. 

"Бұл ретте ең көп зардап шеккен – сырттан келетін саяхатшылар сегменті. Елімізде туризмнің бұл бағыты пандемия салдарынан 100% құлдырады деуге болады. Қазір ресейліктер Қазақстанның көрікті орындарына қызығушылық таныта бастады. Бірақ бұл статистикаға да, ел экономикасына да айтарлықтай әсер етпейтін сандар", – дейді Қазақстан туристік қауымдастығының директоры.

Әлемдегі ахуал

Дүниежүзілік туризм және саяхат кеңесі (WTTC) мен Oxford Economics әзірлеген зерттеуге сүйенсек, 2019 жылы саланың әлемдік экономикаға қосқан үлесі 10,4% немесе 9,2 трлн долларды құрады. 2020 жылы сектор 4,5 трлн доллар шығынға ұшыраған. Ал оның жаһандық ЖІӨ-ге қосқан үлесі 49%-ға төмендеді. 

"WTTC мәліметтері бойынша пандемияға дейін халықаралық туризм әлемдегі әрбір төртінші немесе жалпы саны 334 млн адамды жұмыспен қамтыған. 2020 жылы салада еңбек ететін 62 млн адам қысқарса, қазір аталған нарықта 272 млн-ға жетер жетпес адам жұмыс істейді. Алайда олардың болашағы қыл үстінде тұр. 
Көптеген компаниялар түрлі мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен қызметін жалғастырып келеді. Халықаралық саяхат толық қалпына келтірілмесе, бұл жұмыс орындарын сақтап қалу екіталай" делінген WTTC баяндамасында.

Түркия, Мысыр, БАӘ: қазақстандықтар қай елдерге саяхаттай алады?

Қазіргі кезде әлемдегі әрбір үшінші бағыт халықаралық сапарлар үшін толықтай жабық. Көптеген елдер COVID-19 вирусының жаңа штамдарының таралуына байланысты саяхатшыларға арналған шектеулерді жеңілдетуден бас тартуға мәжбүр.

Дүниежүзілік туризм ұйымының сапарлаға шектеу туралы есебінде әлемнің 217 бағытына қолданылатын ережелерге жан-жақты шолу жасалған. 

"Әлемдегі барлық бағыттардың 32% -ы немесе 69 ел халықаралық туризм үшін толығымен жабық. Олардың жартысынан көбі – 38 бағыт бұл шараны кем дегенде 40 аптаға енгізсе, 73 мемлекет шетелдік саяхатшылар үшін арнайы шектеулер қарастырды", – деп жазылған Дүниежүзілік ұйым таратқан хабарламада. 

Туристік агенттік өкілі Назым Қараманова биыл қазақстандықтар арасында Мальдив аралдары мен Түркия сұранысқа ие екенін айтады. Тіпті саяхатты сағынғандар Шри -Ланка мен Мысырға да бара алады екен. Бастысы ПТР-тест анықтамасы сынды бірқатар талаптарды орындау керек. 

"Әрине, әлемде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Кез келген сәтте бағыттар жабылып немесе жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. Бірақ қазіргі кезде қандайда бір өзгерістерге байланысты саяхатшылар шетелге шыға алмай қалса, туристік агенттіктер ақшаның қайтарылатынына кепілдік береді", – дейді компания өкілі. 

2020 жылы шекаралар жабылып, кәсіпкерлердің орасан шығын шеккеніне қарамастан аталған бизнесті тұралатпауға күш салған елдердің бірі – Түркия. Бұл бірінші кезекте "Қауіпсіздік сертификатының" көмегімен жүзеге асты. Аталған құжат қызметкердің денсаулығы, байланыссыз төлем, қонақты күтіп алу алгоритмі, тегін қорғаныс құралдарымен қамту, дер кезінде бөлмені залалсыздандыру сынды 200-ге жуық талапты орындаған бизнес нысанына беріледі. Сол арқылы саяхатшылардың сенімін ұялатқан елдің Мәдениет және туризм вице-министрі Надир Алпаслан биыл Түркия 34 млн шетелдік туристі қабылдауға дайын деп мәлімдеді. Осы арқылы Анадолы елі 23 млрд доллар табыс таппақ. 

Алайда бұл тек қана болжам. Олай дейтініміз аталған мемлекетте эпидемиологиялық жағдай күрделеніп, 16 сәуір күні коронавирус жұқтырғандар санының күнделікті өсімі пандемия басталғаннан бастап ең жоғары көрсеткішке жеткен – 63 082 жағдай. 21 сәуір күнгі өлім-жітім бойынша да тәуліктік ең жоғары статистика тіркелді, яғни, бір күнде 362 науқас қайтыс болған. Сондықтан аталған ел билігі 29 сәуір мен 17 мамыр аралығында республика бойынша толық локдаун енгізді. Ал Қазақстанның коронавирустың таралуына қарсы ведомствоаралық комиссиясы 26 сәуірден бастап Түркия мен Қазақстан арасындағы әуе рейстерінің санын 20-дан 9-ға дейін қысқартты.

Ішкі туризмнің әлеуеті жоғары, бірақ кәсіпкерлер жергілікті санитарлық қызметке тәуелді

Былтырғы жылдың ІІІ тоқсанында отандық қонақүйлер мен демалыс орындары 2,6 млн адамға қызмет көрсеткен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 есе жоғары. Әйтседе салада жағымсыз динамика байқалады. Мәселен, былтыр елімізде қонақүйлер, жатақханалар және басқа орналастыру орындарының саны 3,9%-ға қысқарған. Туристік қауымдастық өкілдері мұны күнде өзгеретін жергілікті санитарлық дәрігердің қаулысымен байланыстырады. 

"Туыстарымыз Алматы облысы, Көлсай көлдері аумағында қонақүй саласында қызмет көрсетеді. Өткен жылы келушілер қарасы көп болды. Бірақ блок-бекет қойылып, ауылдар арасында қатынастың шектелуі кесірінен біраз келуші кері қайтты. Жуырда жаңа қонақүйдің құрылысын бастадық. Қауіпсіздік талаптарын сақтауға дайынбыз. Бастысы биыл шектеулер болмаса екен деп отырмыз", – дейді Алматы облысы, Кеген ауданы, Саты ауылындағы қонақүй иесі Эльмира Ысқақова. 

Айта кету керек, Қазақстанда туризм саласының әлеуеті жоғары. Мұны пандемияға дейінгі көрсеткіштерден, халықаралық рейтингтерден байқауға болады. "Карантинге дейінгі" 2019 жылы саяхаттау бағытындағы бәсекеге қабілеттілік тізімінде Қазақстан 80-орынға тұрақтаған еді. Ел индексі 2,7%-ға өсіп, көрші Қырғызстан сынды бірнеше мемлекеттен алға шықтық. Ішкі туризмнің әлеуетіне Рашида Шайкенова да үлкен сеніммен қарайды. Оның болжамынша алдағы жазда ірі қалар маңында орналасқан курорттық аймақтарға сұраныс артады. Ал саяхатшылар басымдық беретін бағыттар қатарында Алакөл, Каспий жағалауы, Түркістан, Бурабай мен Балқаш көлі бар.

"Ішкі туризм дамып келе жатқан, келешекте де дамитын сектор. Қазір алдағы маусымға дайындық басталды. Локдаун мен шекаралардың жабылуы ішкі нарықты дамытты. Бірақ бұл сала өкілдеріне айтарлықтай пайда алып келген жоқ. Себебі қазақстандықтар турлар сатып алу арқылы емес, өз бетінше саяхаттағанды ұнатады. Қазір курорттық, жағажайы бар аймақтар сұранысқа ие. Оны қонақүйлерге қоңырау шалу арқылы анықтауға болады. Ешқайсысында орын жоқ. Халық демалыс күндеріне арналған турларға басымдық береді", – дейді қауымдастық басшысы. 

Құралай Құдайберген
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу