Туристік тартымды ел ресейліктерден теріс айналды

378

Тайланд өз еліне оралмай, ұзақ мерзімге қалып қоятын "сыйсыз қонақтарды" үйлеріне қуып жіберудің тамаша тәсілін тапты.  

Туристік тартымды ел ресейліктерден теріс айналды Фото: AI Atameken Business

Жергілікті жұртшылықтың сыпайылығы, мейірбандылығы және езуін еш жимайтыны арқасында тай елін әдеби тілде "Күлімсіреген ел" (the Land of Smiles) деп те атайды. Алайда бұрын-соңды болмаған миграциялық ағынның астында қалған бұл патшалық бүгінде жатжұрттықтарға қатысты өзінің ақжарқын мейірімділігін жоғалта бастағандай, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

"Thailand Expat Population" дерегінше, 2026 жылдың басынан бері бұл мемлекет бір ғана Ресейден келген шамамен 1,5 миллион саяхатшыны қабылдап үлгерді. Бұл былтырғыдан екі есеге дейін көп-ақ. "Ресейдің туристік индустрия одағы" сияқты көршінің салалық қауымдастықтары мен жетекші туроператорларының бағалауынша, тропиктегі Тай патшалығында қыстауға қалатын РФ тұрғындарының жыл сайынғы саны жарты миллион адамға дейін жетеді.

Осындай қонақтардың едәуір бөлігі аппақ жағажайлары бар бұл елде тым ұзақ уақытқа тұрақтап, жерсінеді: Бангкок, Паттайя, Пхукет және Самуи өңірлерінен пәтерлер, апартаменттер мен виллаларды қаптатып сатып алады немесе жаппай жалдайды.

Мұндай алапат сұраныстың соңы Тайландта шаршы метр құнының күрт шарықтауына және жергілікті тұрғындарға баспананың қолжетімсіз болып қалуына соқтырды. Бұл, ақпарат құралдары назар аудартқандай, әлеуметтік желілерде қызу пікірталастар мен наразылық толқынын туындатып жүр.

Қыстаушылар неге "қыспаққа" алынды?

Ресейліктер үшін арзан да жайлы өмір, жылы климат пен жүріс-тұрыс еркіндігінің символы болып келген патшалық ойын ережесін кенеттен өзгертіп, жүздеген мың саяхатшының ұзақ мерзімді демалысқа қатысты үйреншікті схемаларын күйретті. 2026 жылдың 15 қыркүйегінен бастап Ресей азаматтары үшін қалыпты визасыз режим тура жартысына дейін қысқарып қалды. Ал, құрлықтағы өткізу пункттері арқылы елге кіру жылына алты реттен екі ретке дейін азайтылды.

Бұл жерде әңгіме елге кіруге тыйым салу немесе туризмге соққы беру туралы болып отырған жоқ. Бірақ Тайланд енді турист мәртебесін елде еш рұқсатсыз ұзақ тұрудың тәсіліне айналдырып алған әккі шетелдіктерді қатаңырақ бақылауға ниетті.

Үкіметтің тиісті ресми қаулысы "Тайландтың Корольдік газетінде" 31 тамызда жарияланды. Жаңа ережелер 15 қыркүйектен бастап күшіне енеді және Ресейді қоса алғанда, 93 елдің азаматтарына таралады.

Дәл осы құжат визасыз ережелердің өзгеруіне қатысты біраздан өрбіген қызу пікірталасқа түпкілікті нүкте қойды. Өйткені биылғы көктемде, мамыр айында тай билігі шетелдіктердің елде болу мерзімін қысқартуды жоспарлағанын мәлімдеген болатын.

Жаңа тәртіп тек тиісті қаулы жарияланғаннан кейін ғана жұмыс істей бастайды. Жариялау болса, айлар бойы кейінге сырғи келе, дәл қазір ғана жүзеге асып отыр. Тайлық заңнама бойынша нормативті актілер ресми жарияланғанына 15 күн өткен соң күшіне енеді. Сол себепті тыйымдардың күшіне енетін нақты межесі ретінде 15 қыркүйек белгіленді.

Жаңа ережелер әлемдегі тоқсаннан астам мемлекеттің азаматтарына қатысты болғанымен, шынында одан ең көп зардап шегетіні – соғыс жүргізіп жатқан Ресей. Ақпарат құралдарының жазуынша, ықтимал мобилизациялаудан және өз отанындағы өмірдің нашарлауынан қашқан ресейліктер Тайландты паналаған еді. Онда баспана, азық-түлік, киім-кешек, көлік және басқасы өзге елдердегіден әлдеқайда арзан.

Сонымен қатар Мәскеу мен Бангкок арасында бекітілген 2005 жылғы екіжақты үкіметаралық келісім күшінде болған. Оған сәйкес, 2024 жылдан бері РФ азаматтары Тайландта жаз кезінде 60 күнге дейін визасыз емін-еркін тайраңдай алатын. Жаңа қаулы бұл келісімнің де күшін толығымен жойды.

Визасыз мерзім бұрынғы 30 күнге қайтарылды. 15 қыркүйекке дейін кірген туристерге бұрынғы шарттар сақталады: олар елде 60 күнге дейін бола алады. Ал, бұл датадан кейін шекарадан өткендер көші-қон қызметі арқылы тағы 30 тәулікке бір рет ұзартуға мүмкіндігі бар. Ұзарту үшін 1 900 бат (шамамен 58 доллар) төлеу қажет болады. Ол мерзім аяқталған соң дереу елден кетуі шарт.

Көзбояушылық псевдотуризммен күрес басталды

Мигранттардың "турист" ретінде елге кіріп кетуі проблемасы барлық елде бар. Ол келген саяхатшылардың санын арттырып, шенеуніктердің есептерін көркем етеді. Шынында елде жасырын қалып қойып, жұмыс істейді, еңбек нарығына, әлеуметтік, қалалық инфрақұрылымға салмағын салады, тіпті табыс табу үшін қылмыс әлеміне қызмет етуі мүмкін. Сондықтан әлемдегі көптеген елдер бұл арамза тәсілмен күресудің төл жолдарын іздеуде.

Бір қарағанда, қарапайым демалушы үшін ешнәрсе өзгермейтін сияқты. Ресейліктердің көпшілігі Тайландқа 7, 10 немесе 14 күнге ұшып келеді екен. Демек, тіпті отыз күндік лимит мұндай сапарларды артығымен қамтиды.

Ресейлік туристік индустрия одағы да визасыз болу мерзімінің қысқаруы ресейлік туристердің басым көпшілігіне теріс ықпал етпейтінін жеткізді: туроператорлар ұсынатын стандартты жолдамалар жаңа шеңберге сыйып тұр.

Бірақ жаппай туризмнің ту сыртында басқа әлем бар: онда турист болып келген ресейліктер Тайландта айлап, тіпті жылдап қалушы еді. Тіпті релокант болмағанымен, туған жеріндегі үскірік аязды, ақырған боранды, алты ай қысты тропиктегі теңіз жағасында өткізуді жаны қалайтындар көп. Міне, соларды жаңа қағидалар терең дағдарыста қалдырды.

Қатаң санкциялар туристік мөрлер арқылы корольдікте жылдар бойы өмір сүрген ресейлік дербес саяхатшылардың және "қыстаушылардың" басты схемасына – бордер-ран мен визаран тәжірибелеріне соққы берді.

Ол қандай схема еді? Адам туристік виза уақыты аяқталғанда, Тайланд аумағынан шығып, көрші мемлекеттің шекарасын кесіп өтеді. Бірақ өзге елде аз уақытқа, тура бірнеше сағатқа ғана қалады да, түнде кері оралады.

Бұрын осылай ел аумағынан шығып кеткеннен кейін туристік визасының мерзімі автоматты түрде жаңаратын. Енді мұндай айланы шетсіз-шексіз, жүйелі түрде пайдалану мүмкіндіктері шектеледі: шетелдік азамат елден бірер сағатқа не күнге емес, бірнеше айға кетуге тиіс!

Құжат "бордер-рандарға" қатаң лимиттерді қайтарады: енді Тайландқа құрлықтағы шекаралық өткізу пунктері арқылы визасыз кіруге (мысалы, Камбоджаға немесе Малайзияға барып қайтқан кезде) жылына екі реттен артық рұқсат етілмейді.

Тек Бруней, Индонезия, Малайзия және Сингапур азаматтарына бұл қатаң талап қолданылмайды. Сондай-ақ халықаралық әуе рейстерімен келетіндер, соның ішінде ауысып мінулер үшін де әуе арқылы кіру санына шектеулер қойылмайды.

Осылайша, қос шектеу: елде визасыз болуды 30 күнге дейін қысқарту және виза-ранға тыйым салу ақыры "визасыз каникулдардың" күшін жояды, заңсыз мигранттарға тоспа құрады, жалған туризмді азайтады.

Реформаның ең басты мәні де осында. Тайланд қарапайым туристерге қақпасын тарс жаппайды. Патшалық тек туристік мөрді елде тұру ықтиярхатының орнына пайдаланатындардың жолын кесуге тырысуда.

Тай Үкіметі өз түсініктемесінде бұл қатаңдатудың мақсаты – "миграциялық бақылауды күшейту, заңсыз бизнесті жою және шетелдіктердің туристік негіздер бойынша тұрақты тұру мүмкіндігін болдырмау" болып табылатынын мәлімдеді.

Қазақстан азаматтары бұл өзгерістерді сезінбейді. Өйткені ҚР СІМ мәліметтері бойынша, қазақстандықтар қазірдің өзінде Тайландта визасыз тек 30 күнге дейін ғана бола алады. Одан ұзаққа қалғысы келсе, тиісті визаны рәсімдеуі қажет. Шекарадан өткен кезде Қазақстан азаматының жарамдылық мерзімі алты айдан асатын төлқұжаты болуы керек.

Экзотикалық өмірдің көлеңкелі жағы

Кейінгі кезде жергілікті ақпарат құралдары шетелдіктердің, соның ішінде ресейліктердің заңбұзар, оғаш тірліктерін жиірек талқылай бастады. Таяудағы бір оқиға қоғамда резонанс тудырды. Жол жиегіне тоқтаған таксидегі ресейлік жолаушылар машинаның көше жақ есігін шалт, теуіп ашып, артта мопедпен келе жатқан қызды ұрып жыққан. Бұл соққыдан анадай жерге ұшып түскен жергілікті тұрғын ауыр жарақат алыпты. Салдарынан, ресейлік туристерге оның емделу ақысын төлеуге тура келді.

Тайландтың "Илвес Тур" қабылдаушы компаниясының басшысы, Паттайяда 13 жыл Ресейдің құрметті консулы болған Виктор Кривенцов туристерге сары нөмірлік белгісі бар ресми таксилерді пайдалануға кеңес береді. Оның түсіндіруінше, мұндай көліктер үшінші тұлғаларға залал келтірген жағдайдан да сақтандырылған. Сондықтан жолаушыларға ешқандай талап туындамауға тиіс.

Егер қақтығыс бәрібір полицияның келуіне немесе тұтқындауға соқтырса, сарапшы туристерге тай тілінде толтырылған, немесе мазмұны өзіне түсініксіз құжаттарға қол қоймауға кеңес береді.

Шетел азаматы мұндай жағдайда дереу өз елінің консулдығымен байланысу мүмкіндігін талап етуі қажет. Сондай-ақ сақтандырушы компанияда үшінші тұлғалар алдындағы жауапкершілікті қамтитын полисті де алдын ала ресімдеп алған жөн.

Жалпы, Тайланд ресейліктерден не басқа жатжұрттықтардан толығымен теріс айналып жатқан жоқ: ұшақтар ұшуын жалғастырады, курорттар қонақтарды қабылдай береді. Қарапайым демалыс үшін отыз күн де жеткілікті. Бірақ бұл ел бұрынғы "туристің шексіз еркіндігі" моделінен теріс айналуда.

Күн шуақты "Күлімсіреген елдің" қарапайым демалушыларға әлі де құшағы ашық. Бірақ бұрынғыдай айлар бойы рұқсат алмай, елде беталды қаңғып жүруге немесе шексіз "қыстауға" қатаң шектеу қойылды. Енді бұл "жер жәннатында" жай ғана қыдырып, бой жазып қайтуға болады. Ал, тұрақтап қалу үшін енді мүлдем басқа тәртіпке бағынуға тура келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу