Түркі әлемі төл НАТО-сын құруы мүмкін

3806

Қазақстанда түріктің әскери бомбалаушы ұшқышсыз басқарылатын ұшақтары мен дрондары өндірілетін болды. 

Түркі әлемі төл НАТО-сын құруы мүмкін Фото: eadaily

Түркітілдес елдер экономикалық тұрғыдан жақын бола түсті. Келесі жылдың басында "Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған Кеден дәлізі" құрылады.

Тиісті келісімді ратификациялайтын заңға Қазақстан Президенті 2024 жылғы 23 қыркүйекте қол қойды. ТМҰ-ға мүше Қазақстаннан басқа Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы жыл соңына дейін ратификациялау шараларын толық аяқтауға тиіс.

Қазірдің өзінде Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін 5 елдің жиынтықты ЖІӨ-сі 1,9 триллион долларға жуықтап қалды. Өзара ынтымақтастықтың әрі қарай өрістеуі арқасында бұл көрсеткіш еселеп өсуі мүмкін.

Осының өзінде жиынтықты ЖІӨ-сі бойынша түркі елдері әлемдік ондыққа еркін кіре алды. Бұдан көбісі тек АҚШ-та (20,94 трлн), Қытайда (14,72 трлн), Жапонияда (5,064 трлн доллар), Германияда (3,806 трлн), Ұлыбританияда (2,708 трлн), Үндістанда (2,623 трлн) және Францияда (2,63 трлн доллар).

Түркияның Сауда министрі Омер Болаттың айтуынша, ТМҰ елдерінің барлығында экономикалық өсім тіркелуде. ЖІӨ өсімі орта есеппен жылына 4,4 пайызды құрайды. Бұл әлемдік орташа экономикалық өсімнен жоғары.

Дүниежүзіндегі өзге мемлекеттермен салыстырғанда, түркітілдес мемлекеттерде демографиялық өсім жалғасты. Бүгінде ТМҰ мүше елдері халықтарының жалпы саны 175 миллион адамнан асты.

"Түркі әлеміне кіретін елдер табиғи қазба байлықтарға да бай. Оның үстіне олар әлемдік сауда жолдарында географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Осы және басқа факторлар біздің экономикалық ынтымақтастығымызды одан сайын нығайту үшін қажетті берік негізді қалайды. ТМҰ елдері әлем елдерімен арадағы сауда айналымдарын 1,2 триллион долларға жеткізе алды. Осы арқылы олар төл амбицияларын паш етті", – деді Омер Болат.

"Бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау жейді" деген бабалар даналығын түркітілдес елдер енді назарға алуда. Сондықтан сыртқы жаудан бірлесіп қорғану мәселесін пысықтап жатыр.

Осы орайда кеше Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов басқарған делегация Ыстамбұлдағы "SAHA EXPO-2024" қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің ІV халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Іс-шара Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінің әскери-өнеркәсіп кешенінің жетістіктерімен танысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оның аясында пилотсыз ұшатын тактикалық авиациялық жүйелерді, барраждалатын оқ-дәрілерді (дрон-камикадзе), бронды техниканы, ұшақтарды бірлесе өндіру туралы келіссөздер өткен.

Көрмеде әскерлер мен ұрысты басқарудың автоматты жүйелері, робототехникалық кешендер, байланыс, әуе шабуылынан қорғаныс (ПВО), радиобарлау, радиоэлектрондық күрес және радиоға қарсы іс-қимыл (радиопротиводействие) құралдары қойылған.

Бұдан өзге көрмеге қойылған ұшқышсыз басқарылатын авиация, жоғары дәлдіктегі қару-жарақ, лазерлік технологиялар, оптикалық-электронды жабдықтар және басқа да экспоненттер қызығушылық тудырыпты.

Ауқымды іс-шара аясында Қазақстанның қорғаныс ведомствосының басшысы Руслан Жақсылықов түрік әріптестері – Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гүлермен және Қорғаныс өнеркәсібі агенттігінің төрағасы Халық Гергүнмен келіссөздер өткізді.

Бұдан басқа Біріккен Араб Әмірліктерінің қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік министрі Мұхаммед бен Мүбарак Фадель Аль-Мазруимен де кездесті.

Қорғаныс министрлігі министрдің түріктің әлемге мәшһүр Baykar Defence компаниясының бас директоры Халук Байрақтармен келіссөздердің нәтижелі болғанын хабарлады.

"Тараптар еліміздің аумағында жедел деңгейдегі тактикалық ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен барраждалатын оқ-дәрілер өндірісін Қазақстанда локализациялау мәселесі бойынша Жол картасын әзірлеу туралы келісімге келді. Түрік Республикасына сапар екі елдің әскери-техникалық ынтымақтастығы аясында жасалды", – деп хабарлады министрлік.

Бұған дейін Қазақстанда Kazakhstan Engineering еншілес компаниясының базасында түріктің ANKA соққы беруші ұшқышсыз ұшақтарын құрастыру және оларға техникалық қызмет көрсету желісін ұйымдастыру басталған екен.

Биылғы 10 мамырда Анкарада Kazakhstan Engineering" ұлттық компаниясы мен Turkish Aerospace арасында әскери-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

"Келісім аясында әскери дрондарды бірлесіп өндіру саласында Қазақстан мен Түркияның ұзақмерзімді ынтымақтастығын жолға қою жоспарлануда. Сондай-ақ түрік тарапы Қазақстанға тиісті технологияларын береді және Қазақстанның Қарулы күштеріне арналған ұшқышсыз ұшатын аппараттарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін жергілікті персоналды оқытады", – деп хабарлады ведомство.

Түріктер қазіргі заманғы соғыста ең көп сұранысқа және басымдыққа ие әскери дрондарды Қырғызстанда да шығармақ. Осы орайда қырғыз дипломаты, осы елдің Әзербайжандағы және Грузиядағы бұрынғы елшісі Қайрат Осмоналиев "Түркі НАТО-сын" құруды ұсынып отыр.

Оның байламынша, түркі мемлекеттері тығыз ықпалдасу, интеграцияны тереңдету үшін ортақ әскер құрғаны жөн. Осы арқылы олар өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл туралы Yeni Şafak түрік басылымы жазды.

"Түркі НАТО-сында" (шартты атау) оған мүше бір елге жасалған шабуыл барлық мүше елге қарсы соғыс болып есептелуге тиіс. Сонда Түркі әлемінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін пәрменді жүйе құрылады. Бірақ бұл – болашақтың ісі.

"Бүгінде Түркі әлемінің айналасында геосаяси текетірестер ушығып тұр. Түркітілдес мемлекеттер бейбіт және тұрақты дамуы үшін тиісті жағдайлар түзуіміз керек. Оны аймақтық қақтығыстар заманында қуатты қарулы күштерсіз жасау қиын. Осы аумалы-төкпелі шақта Түркі әлемінің біртұтас қауіпсіздігі жүйесін құру мәселесін күн тәртібіне шығаратын кез келді. Бұл жүйеде жекелеген әрбір елдің қауіпсіздігі біздің барлығымыздың қауіпсіздігіміздің кепілі болуы шарт", – деді Қайрат Осмоналиев.

Ол Түркі мемлекеттері ұйымын Еуропалық Одақпен салыстырды.

"Ендеше егер осы сияқты әлемдік баламаларды басшылыққа алсақ, онда біз болашақта "түркі НАТО"-сын құру туралы мықтап ойласқанымыз жөн. Бұдан шошынудың еш қажеті жоқ. Өйткені бұл өзгелерге шабуылдауға бағытталмайды, бұл тек қана қорғаныс одағы болады", – деген дипломаттың сөзін келтірді түркі басылымы.

Өзара әскери технологиялармен бөлісу, бір-бірінде қуатты ұрыс қаруларын өндіру, Түркияның үздік әскери оқу орындарында әскери мамандарымызды даярлау, сондай-ақ түркі елдерінің бірлескен әскери жаттығуларын өткізуді үдету осы бағыттағы алғашқы қадамдарға айнала алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу