Түркі әлемімен байланысы бар жаңа "Бектас мемлекеті" құрылмақ

13110

Оның аумағында әйелдерге ғиджаб кимей, еркін жүруіне, қалаған өмір салтын ұстануына рұқсат етіледі.

Түркі әлемімен байланысы бар жаңа "Бектас мемлекеті" құрылмақ Фото: wikipedia.org

Еуропаның оңтүстік-шығысында, Балқан түбегінде орналасқан Албания өз аумағында бектастардың (түрікше – бекташ) егемен мемлекетін құрып беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Албания статистика институтының мәліметінше, бұл елде шамамен 3 миллиондай халық тұрады. Албания территориясының ауданы 28 748 шаршы шақырым. Салыстырсақ, біздің Қарағанды облысына (239,1 мың шаршы шақырым) 8 Албания сиып кетеді.

Косово республикасымен, Босния және Герцеговинамен бірге, Албания – Еуропадағы санаулы мұсылман мемлекетінің бірі. Қазақстан сияқты, оның халқының басым көпшілігі – шамамен 64%-ы сүннит-мұсылмандар. Бірақ олардың ішінде бектастар бөлек тұрады.

"Осы елдің Премьер-министрі өзінің басты мақсаты – "тағат-толерантты исламды" қолдау екенін мәлімдеді. Осы мақсатта Албания өзінде Ватиканның төл аналогын – мұсылманша нұсқасын құруды жоспарлап отыр", – деп хабарлады "Евроньюс".

Жалпы, барша мұсылман үшін тартылыс орталығы – мұсылман жамағатына ортақ қос Киенің сақшысы Сауд Арабиясы екені мәлім. Сондықтан Ислам үшін "Ватиканның аналогы" қажет болмаса керек. Бұл жерде әңгіме Ватикан үлгісінде мемлекет ішінен мемлекет құрылатыны туралы болып отыр.

The New York Times хабарлауынша, Албания Премьері Эди Рама өз елінің астанасы Тиранада егеменді микромемлекет құруды жоспарлап отыр. Ол құйтақандай, он-ақ гектарлық мемлекет шииттердің сопылық қозғалысы – Бектастар (Бекташтар) орденінің тәжірибелеріне сүйенетіндерді, соны ұстанатындарды айналасында топтастыратын болады. Америкалық газет бұл сопылық қозғалыс XIII–XIV ғасырларда Түркі әлемінде пайда болғанына назар аудартады.

Сөз болып отырған сопылық ағынның негізін XIII ғасырда Қожа Бекташ қалаған. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың немере інісі, күйеу баласы, сахабасы, төрт халифаның төртіншісі болған Әли ибн Әбу Талиб әл-Құрашиді ерекше қадір тұтатынына қарай бектастар шииттерге жақын. Сондай-ақ оларда шоқыну сияқты христиандық элементтері де бар. Бұл сопылық орден Түркия, Албания, Солтүстік Македония, Боснияда – негізінен Ислам дінін қабылдаған бұрынғы православтар мен униаттар арасында таралған. Дүниені Аллаһ, Мұхаммад (с.ғ.с) және Әли халифа арқылы қабылдайды.

Албанияның жоспарына сәйкес, "Бекташтар Орденінің егемен мемлекеті" (албанша Shteti Sovran i Urdhrit Bektashi) әлемдегі ең ұсақ мемлекетке айналады: оған 10 гектар ғана жер бөлінбек. Салыстырғанда, ол бүгінде әлемдегі ең ұсақ мемлекет болып табылатын Ватиканның аумағынан (44 гектар) 4 еседей шағын болмақ. Ал, мәселен, Астанадағы "ЭКСПО-2017" көрме кешенінің аумағы – 173,4 гектар.

Бекташ мемлекетінің өз лидері, әкімшілігі, билік тармақтары, паспорты мен шекарасы, яғни, толыққанды мемлекетке тән барлық атрибутикасы болады.

Жаңа мемлекетте алкоголь ішімдіктерін сатуға, тұтынуға рұқсат етіледі деп қарастырылған. Бектастардың өздері спирт ішімдіктерін тұтынатыны белгілі.

Сондай-ақ әйелдерге қалаған киімін киюге рұқсат етіледі. Тұрғындардың ұстанатын өмір салтына қатысты ешқандай шектеу болмайды. Бұл бекташтардың толерантты салт-дәстүріне сәйкес келеді.

"Жаңа мемлекеттің мақсаты – Исламның тағат-төзімді нұсқасын ілгерілету. Біз діни төзімділік атты қазынаны аялап сақтауға тиіспіз", - деді Нью-Йорк таймсқа сұхбатында Эди Рама.

Еуроньюс бекташтар тарихы Түркиямен тығыз байланысты екенін жазады. Сол жақтан олар өз наным-сенімін Осман империясының қоластына көшкен бүкіл Балқан өңіріне жайды.

Соның көмегімен сүннит османдар Ислам дінін христиандар арасына да тарата алды. Бектастар шоқына жүріп те мұсылман болуға болатынын көрсетті.

Алайда тура жүз жыл бұрын бұл ағынның басшылары Түркияны тастап шығуға мәжбүрленді. Тәуелсіз Түркия Республикасының тұңғыш лидері Мұстафа Кемал Ататүрік түбегейлі реформаларды қолға алып, мемлекетті діннен бөлді, зайырлы қоғам құрды, оған қарсы шыққан діндәрларды елден қуды. Содан бектастар Албанияда тұрақтап қалуға ұйғарды: бұл өңірде халықтың 20%-ын осы сопылық ілімді ұстанушылар құрайтын.

Ол кезде бұл орденнің көшбасшысы, этникалық албан Салих Ниязи болатын. Ол Тирана қаласында Бекташ Орденінің дүниежүзілік штаб-пәтерінің іргесін қалады. Жаңа мемлекет те сол штаб-пәтер орналасқан аумақта құрылады деп жоспарланған.

1930 жылы албан парламенті бектастардың жарғысын бекітіп берді. Олардың ресми тілі ретінде албан тілі белгіленді.

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін осы мемлекетте билікке келген коммунистер бастапқыда бекташтарға тиіспеді. Дегенмен, 1960-шы жылдары Кеңес одағындағыдай атеизммен әуестеніп, дінге қарсы репрессияларды бастады. Қуғын-сүргіннен Ислам діндарлары қатарында бекташтар да қатты зардап шекті.

1990-шы жылдары коммунистік биліктің күйреуі бұл орденнің (ағынның) түлеп, жаңғыруына жол ашты.

2018 жылы Euronews телеарнасына сұхбатында бекташтардың діни жетекшісі, дәруіш қажы Баба Монди "Бектас болу – адам, пенде болу" дегенді білдіретінін түсіндірді. Бекташтар бейбітшілік, махаббат, өзара құрмет қағидаттарына негізделген қоғам құрды.

"Америка Құрама Штаттары, Батыс әлемінің басқа да державалары біздің құйтымдай ғана мемлекетіміздің егемендігін мойындайды деген үміттеміз. Соған шақырамыз. Біз төл мемлекетімізге ие болуға лайықпыз! Ислам туралы әлемде ақиқатты айтатыны, оны ешқандай саясатпен араластырмайтыны – жалғыз біз ғана!" – деді қажы Баба Монди.

Оның үстіне Албания мемлекеті олардың өз мемлекетін құруына территориясының бір бөлігін ерікті түрде ұсынып отыр. Премьер-министр Эди Рама өз елінің ішіндегі анклавқа айналатын жаңа мемлекетті мейлінше жақын уақытта құруға ниетті екенін мәлімдеді.

Жаңа мемлекеттің тізгіні орденнің қазіргі жоғарғы лидері қажы Баба Мондиге табысталуға тиіс.

Егер Бекташ мемлекеті құрылып жатса, ол әлемдегі ең кішкентай мемлекетке айналмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу