Түркі әлемін біріктіретін Зангезур дәлізі міндетті түрде салынатын болды

Бұл туралы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев айтты.

Түркі әлемін біріктіретін Зангезур дәлізі міндетті түрде салынатын болды Фото: ТАСС

Ол XXXI Баку энергетикалық форумының ресми ашылу салтанатында осындай сүйінші жаңалығын жеткізген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әзербайжанның мемлекеттік БАҚ-тары елдің теміржол және автомобиль инфрақұрылымына инвестиция салып, жаңа көлік дәліздерін ашып жатқанын жазды. 

– Шығыс-Батыс дәлізінің тағы бір тармағына айналатын Зангезур дәлізі АҚШ президенті, Армения премьер-министрі және менің арамызда 2025 жылғы 8 тамызда Ақ үйде қол қойылған құжатқа сәйкес міндетті түрде салынады, – деді Ильхам Әлиев.

Ол сонымен қатар әлемнің қазба отынынсыз өмір сүре алмайтынын айтты.

– Барлығымыз климатты жақсартып, планетаны сақтап қалғымыз келеді. Бәріміз экологиялық тұрғыдан қолайлы ортада өмір сүрсек дейміз. Бірақ бүгін біз өте прагматикалық әрі шынайы болуымыз керек. Болашақты энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан жоспарлап, сонымен қатар жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салуымыз қажет, – деді Әзербайжан президенті. 

Президент энергетикалық саясаттың арқасында Әзербайжанның енді шетелге инвестиция салып жатқанын мақтанышпен айтты. 

– Осыдан 30 жыл бұрын біз инвесторларды тартатынбыз. Қазір өз инвестицияларымызды шетелге бағыттап отырмыз. Бүгінде біздің SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы Таяу Шығыс, Африка және Орталық Азия елдеріне инвестиция салып жатыр. Бұл география алдағы уақытта кеңейе береді, – деді ол.

Ильхам Әлиев осы күні Әзербайжанның энергетикалық кабельдер тарту мәселесі бойынша серіктестерімен тығыз ынтымақтастық орнатып отырғанын жасырмады. Қара теңіз энергетикалық кабелі Әзербайжаннан Грузияға, одан әрі Қара теңіз арқылы Румынияға, Мажарстанға және басқа да елдерге дейін тартыла түспек. 

Тағы бір айта кетерлігі, Әзербайжан-Грузия-Түркия-Болгария бағытындағы құрлықтық электр жеткізу желісі жобасы да іске асырылып жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу