Түркі елдері тағы бір мақсат үшін күш біріктіріп жатыр

10522

Түркітілдес мемлекеттер сыртқы сын-тегеуріндерге тойтарыс беру үшін ортақ ақпараттық кеңістік құруға кірісті.

Түркі елдері тағы бір мақсат үшін күш біріктіріп жатыр Фото: aqorda.kz

Қазіргі кезде Түркі әлеміне ресми түрде 8 мемлекет кіреді. Оның басшылары 6-7 қараша күндері қырғыз астанасы Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) XI саммитіне қатысты.

Құрылтайға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров – ұйымның мүшесі ретінде, ал, Мажарстан (Венгрия), Түрікменстан және Солтүстік Кипр түрік республикасы – ұйымның бақылаушысы ретінде қатысты.

Бұрын Ресей де қатысатын, алайда бертінде Кремль өзіндегі түркітілдес республикалардың араласуына тосқауыл қойып тастады.

Саммит аясында белгілі болғандай, қазіргі кезде түркі тілдерінде шамамен 230 миллионнан астам адам сөйлейді.

Түркі әлемі бүгінде 22 миллион шаршы шақырымнан астам аумақты алып жатыр. Басқаша айтқанда, Антарктиданы қоспағанда, Жер планетасындағы бүкіл құрғақ құрлық жердің (134,7 миллион шаршы шақырым) алтыдан бір бөлігін түркітілдес халықтар жайлап жатыр.

Түркі әлеміне, тиісінше, түркітілдес халықтар мекен ететін аумақтарға:

  • Орталық Азия және Қазақстан,
  • солтүстік Ауғанстан,
  • Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң (Синьцзян) провинциясы,
  • Украина (соның ішінде Қырым),
  • Сібірді қоса алғанда, Ресейдің азиялық аудандары, кавказдық өңірлері және еуропалық бөлігі: Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Хақасия, Тыва, Сақа (Якутия), Карачай-Черкесия, Чувашия, сондай-ақ балқарлар, құмықтар, ноғайлар, тофалар (қарағастар) және басқасы,
  • Таяу Шығыс елдері,
  • Иран,
  • солтүстік Ирак,
  • Сауд Арабиясы,
  • Кавказ, соның ішінде Әзербайжан мен Грузия,  
  • Еуропа: Грецияның солтүстік-шығысы, Македония, Косово, Босния, Болгария, Румыния, Литва жатады.

Языки мира: тюркские языки

Livejournal.com

Халықаралық ақпарат құралдары Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитінде (ұйымның құрылғанына 15 жыл) бірқатар маңызды шешім қабылданғанын атап өтті.

Біріншіден, Еуропа елдері сияқты, Түркі әлемі елдері ақша-несие саясатын өзара үйлестіріп, әлемдегі қаржылық-экономикалық дағдарыстарға бірлесе қарсы тұруға күш салады. Осы мақсатта ТМҰ-ға кіретін мемлекеттер "Орталық банктерінің кеңесін" құру туралы бастаманы бірауыздан құптады.

Екіншіден, экономикалық ынтымақтастығы нығайтылады. ТМҰ мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар өрістетіледі. Биылдың өзінде өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Бұл тарихи рекорд. Президенттер оны ары қарай еселеуге уағдаласты.

Үшіншіден, түркітілдес елдер экономикаларын қазіргі заманға сай цифрландыру, автоматтандыру саласында тізе қоса қимылдайтын болды. Осы мақсатта саммитте Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің лидерлері "Цифрлық экономикадағы әріптестік туралы" келісімге қол қойды.

Төртіншіден, геосаяси қауіп-қатерлер артқан аумалы-төкпелі заманда мемлекеттіліктің тұғырын шайқалтатын "ақпараттық-психологиялық арнайы операцияларға" бірлесе қарсы тұру қажеттілігі туындады. Бұл үшін ТМҰ елдері бірыңғай ақпараттық кеңістік құратын болады.

Алғашқы қадам жасалды: Түркі әлемінің ортақ кеңістігін қалыптастыру мақсатында кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыруға келісті.

Құрылтайдағы жұртшылық үшін жабық өткен оңаша келіссөздерде ел басшылары Түркі әлемінің өзге де стратегиялық бастамаларын талқыға салды. Оған мысалы, қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы ықпалдастық, сауда және инвестициялық байланыстарды нығайту, цифрландыру, тіпті ғарышты бірлесе игеру де кіреді.

Саммит лидерлердің "Бішкек декларациясына" және Түркі әлемі хартиясына қол қоюмен аяқталды.

"ТМҰ саммиті бірінші кезекте Анкара үшін маңызды үш іргелі бағытты паш етті. Түркия сол арқылы Ресейдің әлсіреген шағында Орталық Азиядағы және Оңтүстік Кавказдағы өз ықпалын одан сайын күшейтіп, кеңейте түспек. Бұлар – идеология, экономика және қауіпсіздік. Бұл сондай-ақ Түркі әлеміне кіретін мемлекеттердің қуатын арттыруға септеседі", – деп жазады ресейлік "Независимая газета".

Саммитте ТМҰ-ның Түркиядан кейінгі ең ірі демеушісі Әзербайжан екені анықталды. Бұл ел ұйымды қаржылық қолдау көлемін ұлғайтқан.

"ТМҰ-ның қазіргі бюджеті біздің ірі мақсаттарымызды толыққанды жүзеге асыруға жетпейді. Сондықтан біздің ел ТМҰ хатшылығына – 2 миллион доллар, Ақсақалдар кеңесіне – 100 мың доллар қосымша бөлді. Біздің бұл көмегіміз ұйымның әлеуетін арттырады деп үміттенеміз", – деді Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің саммиттегі ұсынысымен Түркі инвестициялық форумы құрылуы мүмкін. Бүгінде Түркі инвестициялық қоры өз қызметін жалғастырып жатыр. Өзбек көшбасшысы бұл қордың жұмысын жандандыруды және "Түркі даму банкін" құруды ұсынды.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров ТМҰ жанынан Жасыл бастамалар мен технологиялар жөніндегі өңірлік орталық құру бастамасын енгізді. Бұл түркі елдерін замана көшінен қалыспай, жаңғыратын энергия көздерін өркендетуге серпін береді. Жапаров сондай-ақ түркі елдерін "Қамбар-Ата ГЭС-1" алып су электр станциясының құрылысына қатысуға шақырды.

"Біздің республика күн, жел энергиясын және жасыл сутегін өндіру үшін орасан мүмкіндіктерге ие. Қырғызстан өз бетінше және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықта энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қуат тиімділігін арттыру шараларын қабылдауда. Шамамен 50 шағын және орта су электр станцияларын салып жатырмыз. Аса ірі "Қамбар-Ата-1" ГЭС-ін Өзбекстанмен және Қазақстанмен бірге тұрғызу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, басқа да Түркі әлемі елдерін осы ауқымды жобаны іске асыруға қатысуға шақырамын!", – деді Жапаров.

Жалпы, Орталық Азия елдері мен Қазақстан үшін энергетика мәселелері өткір тұр. АЭС салу туралы референдум кезінде оны жақтаушылардың Қазақстанды энергетикалық дағдарыс жайлай бастағанын жиі ауызға алғаны белгілі.

Осы орайда Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған өз елінің біртуған елдерге энергетика мен жасыл экономика мәселелерінде көмекке келуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, таяу уақытта Түркі инвестициялық қоры толыққанды жұмыс істей бастайды. Оның жарғылық капиталына жарты миллиард доллар енгізілген.  

Саммит қорытындысында қол қойылған құжаттар бірінші кезекте Түркі әлемі елдерінің экономикалық ұстынын нығайтуға және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылыстан хабар береді. Мысалы, "Жасыл" қаржылар туралы меморандум, ұлттық банктер арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді.

Бішкек декларациясының өзі 110-нан астам бағыттан тұрады. Осы декларация негізінде іс-шаралар жоспары әзірленеді және жыл бойы жүзеге асырылады. Олар экономика салаларын, гуманитарлық қарым-қатынастарды, мәдени байланыстарды, тіпті ғарыш саласындағы бірлескен шараларды қамтиды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу