5-ші Анталия дипломатиялық форумы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ТМҰ СІМК) бейресми отырысына қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отырыс барысында тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалды ушықтырмау жөніндегі күш-жігерді талқылады.
Өз сөзінде Е. Көшербаев Қазақстан Республикасының бейбіт бастамаларды ілгерілетуге бейілділігін атап өтіп, Қазақстан қақтығыстарды тек саяси-дипломатиялық жолмен шешуге табанды түрде шақыратынын мәлімдеді. Осы тұрғыда Қазақстан келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін тағы да растады.
Сонымен қатар министр биылғы мамыр айында Түркістан қаласында өтетін ТМҰ-ның бейресми саммиті ұйымның рөлін одан әрі нығайтуға жаңа серпін беріп, ынтымақтастықты тереңдетуге және қатысушы мемлекеттердің күш-жігерін шоғырландыруға ықпал ететінін атап өтті.
Осы тұрғыда сұхбаттасушылар ТМҰ-ның институционалдық дамуының келешек мәселелерін де талқылады.
Форум аясында ҚР Сыртқы істер министрі Люксембург Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер және сыртқы сауда, сондай-ақ даму мақсатындағы ынтымақтастық және гуманитарлық істер министрі Ксавье Беттельмен, Боливия СІМ басшысы Ф. Арамайо Карраскомен, Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Кястутис Будриспен, Гвинея-Бисау СІМ басшысы Жоау Бернарду Виейрамен және ЕО-ның Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Кайса Оллонгренмен екіжақты кездесулер өткізді.