Түркі кеңесі коронавирусқа қарсы декларация қабылдады

2622

Мүше-мемлекеттердің аумағында қалып қойған азаматтарға көмек көрсетіледі.  

Түркі кеңесі коронавирусқа қарсы декларация қабылдады

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне (Түркі кеңесі) мүше мемлекеттердің президенттері бейнебайланыс арқылы төтенше саммит өткізіп, коронавирус инфекциясына қарсы күрес шараларын күшейтуге қатысты мәлімдеме жасады.

Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түркменстан мемлекеттерінің президенттері, Мажарстанның премьер-министрі, Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдад Әміреев және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус қатысқан  бейнеконференцияда пандемияға қарсы күресте екіжақты және көпжақты ынтымақтастық қажет екені күн тәртібіне қойылды.

Бейнеконференцияға қатысушылар түркі кеңесі мемлекеттерінің тең-авторлығымен әзірленген және 2 сәуірде БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған "COVID-19" вирусымен күрестегі жаһандық тілектестік" атты қарар аясында

пандемияның таралуын қысқарту мен оны жою бойынша бірлескен шұғыл шараларды қабылдау мақсатында барлық мемлекеттерді жаһандық тілектестік пен кеңейтілген ынтымақтастыққа шақырды. Сонымен қатар  пандемияның жаһандық ауыр салдарын жеңуге бағытталған БҰҰ  шеңберіндегі барлық іс-әрекеттер мен тетіктерді қолдайтындарын жеткізді.

Пандемия кезінде түркі кеңесіне мүше-мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық тұрақтылыққа басымдық беріліп, жүк көліктерінің шекарадан өтуі жеңілдетіледі. Пандемияның мүше-мемлекеттердің экономикасына келтіретін теріс салдарын азайту үшін келісілген және үйлестірілген іс-әрекеттер тиісінше орындалады. Пандемияға байланысты сапарларға шек қою салдарынан мүше-мемлекеттердің аумағында қалып қойған азаматтарға көмек көрсетіледі. Бұған қоса пандемия туралы жалған ақпарат таратуға қарсы бірлескен іс-шаралар жоспары жүзеге асырылады

Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің президенттері осы және басқа да маңызды мәселелерді талқылап, декларация қабылдады. Құжатта қарастырылған өзара іс-қимыл мен бірлескен күш-жігерді үйлестіру жұмысы түркі кеңесінің бас хатшысына тапсырылды.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу