Түркі кеңесі жас көшбасшыларының II форумы Қазақстанда өтеді

21060

Халықаралық шара  "Жастар жылы" аясында атқарылады.  

Түркі кеңесі жас көшбасшыларының II форумы Қазақстанда өтеді

ҚР қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев түркі кеңесі мемлекеттері жастар ісі және спорт министрлерінің Астанада өткен үшінші отырысында осылай деді.

Түркі кеңесі жас көшбасшыларының II форумын, IV халықаралық жастар лагерін және түркі кеңесінің III халықаралық фестивалін ұйымдастыру мәселелері күн тәртібіне қойылған жиынға түркі кеңесінің бас хатшысы Б.Әміреев, Түркияның жастар және спорт министрі М.Қасапоғлы, Қырғызстан Республикасының жастар, денешынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің директоры Қ. Аманқұлов және Әзербайжан Республикасының жастар және спорт министрінің орынбасары И.Исмаилов қатысты.

"Біз біріккен іс-шараларға ұйытқы болу үшін түркі кеңесі жас көшбасшыларының жұмысын жандандыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Өздеріңіз білетіндей, президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды "Жастар жылы" деп жариялады. Біз түркі кеңесі жас көшбасшыларының II форумын осы жыл аясында атқаруды жоспарлап отырмыз", – деді Дархан Кәлетаев.

Министрдің мәлімдеуінше, түркі кеңесі жас көшбасшыларының II форумы 2019 жылы жазда Түркістан қаласында өтуі мүмкін.

"Жастар саясаты мәдени шарамен ғана шектелмейтіні белгілі. Сондықтан форум шеңберінде маңызды кездесулер мен сарапшылардың пікірталасы ұйымдастырылады",– деді Дархан Кәлетаев.

Оның сөзінше, түркі кеңесі жас көшбасшыларының II форумы діні, тілі, ділі ортақ бауырлас халықтар бас біріктіретін айтулы жиын. Оның болашақты бағдарлауға берері мол.

Айта кетейік, түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі қазіргі заманғы түркітілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым. 2009 жылдың 3 қазанында Нахичевань қаласында Қазақстан, Түркия, Әзербайжан мемлекеттерінің бастамасымен құрылған халықаралық ұйымның штаб-пәтері Түркияда орналасқан. Кеңес құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдері кіреді. Бұл мемлекеттердің халық саны 140 миллион адамнан асады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу