Түркістан атын иеленген жануар құрып барады

3523

Оңтүстік облыста да Көбейтұздың "сыңары" табылды. 

Түркістан атын иеленген жануар құрып барады

Қоғам өкілдерінің ақпараттық дүмпу туғызуы арқасында билік елордаға жақын орналасқан Көбейтұзға көңіл бөле бастады. Ол туралы Inbusiness.kz бірнеше рет жазды. Алайда елімізде осындай кепті басынан кешкен су қоймалары жетіп артылады.

"Түркістан облысында табиғатқа қас адамдар атақты өзенді "құртып" жатыр" деп, бір топ қоғам белсендісі және экологтар өңірге келген апат жайында дабыл қағып, Түркістан облысының Экология департаментіне жүгінген екен. Облыс әкімдігі осы жағдайға жол берген "Тұмар XXI" ЖШС үстінен сот жүріп жатқанын хабарлаумен шектеліпті.

2008 жылғы 6 мамырда сол кездегі Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті рұқсатымен және ОҚО әкімдігімен келісімге отырған шымкенттік компания Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы Боралдай өзенінде геологиялық зерттеу жүргізіп, соңынан құмды-қиыршықтасты қоспаны өндіруге кіріседі.

Мұның ақыры неге әкелді?

Экологтар шенеуніктердің осыған жол бергенде нені мақсат тұтқанын білмей дал.

"Жағдай апаттық сипат алды. "Тұмар XXI" Боралдай өзенінде қиыршықтас өндіруді қоя салып, енді Бөген өзенін құртуға кірісті. Біз Боралдайда болдық. Өзен орнында кішігірім қазаншұңқыр пайда болған. Өзен сағасында қазылған шұңқыр жанында экскаватор тұр. Соған қарағанда қазба жұмыстары жалғасуда. Карьердің төменгі жағында бұрынғы өзен жоқ. Онда тек пластик құтылармен қоқыстанған шалшық жатыр. Онда жергілікті тұрғындар шомылады. Қазақ халқы жырға қосқан атақты өзеннің қазіргі халі аянышты. Оның аңғарында заманында жабайы жеміс ағаштары, алма, долана, жабайы жүзім өсетін. Бүгінгі таңда оның Арыс өзенімен байланысы үзілді: Боралдай суы енді Арысқа құймайды!", – деп ашынады шымкенттік белгілі өлкетанушы, тарихшы, әрі эколог Константин Подушкин.

Жолындағы тауды және жер қыртысын қопара ағатын Боралдайдың ұлтымыз үшін тарихи маңызы бар. "Жамбыл облысының топономикалық атауларының анықтамалығында" айтылғандай, өзен атауында моңғол әскерінің атақты батыры Бұрындайдың есімі ұлықталыпты: сонау 1236 жылы Ұлы дала жеріне аяқ басқан Бұрындай әскері осында біраз уақытқа тұрақ тапқан.

"Боралдайдың боры бар, Даңғараған жолы бар. Боралдайға бармаған, Адамдардың соры бар", – деген көне жыр жолдары сақталған.

Боралдай – ежелден Арыс өзенінің оң саласы саналатын. Экологтар ғасырлар бойы солай болған байланыстың тәуелсіз Қазақстан тұсында бұзылғанына өкінеді. Арыс өзеніне құятын тұсында аңғары кеңейіп, ені 1–4 шақырымға дейін жетуші еді.

Қаратаудағы Ақшоқы, Арқарлы, Боралдай тауларынан бастау алатын Боралдай өзені Түркістан облысының Бәйдібек, Ордабасы аудандары аумағымен ағып өтеді. Ұзындығы 130 шақырымға дейін созылатын. Жергілікті тұрғындар Боралдайдың суын ішеді, сондай-ақ егіншілікке, бау-бақша салуға, мал суаруға пайдаланады. Өзеннен тікелей 10-нан астам ирригациялық каналдар тартылған.

Түркістан қаязы жойылу алдында тұр

Эколог Константин Подушкин Боралдайда Орталық Азиядан басқа дүниежүзінің өзге жерінде жолықпайтын балық түрі барын айтады.

"Бұл бірегей балық – Түркістан қаязы  деп аталады. Ол тұқы балығының ерекше бір түрі. Оны Сырдарияда мекен ететін Арал қаязымен шатыстыруға болмайды. Арал қаязының ғылыми атауы – Barbus brachycephalus brachephalus, Түркістан қаязынікі – Luciobarbus capito conocephalus. Түркістан қаязы тек біздің өңірдің өзендерін ғана жерсінген. Арал қаязының жағдайы жақсырақ, ол сирек жан-жануарлар түрлері қатарына енгізілгенімен, ақырындап өсіп-өнуде. Тіпті өткен ғасырдың 30-шы жылдары оны Балқашта жерсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал Түркістан қаязы ежелден тек бізде ғана акклиматизацияланды. Осы аттас облыстың басшылығы үшін ұят және масқара: биліктің бей-жай қалуы кесірінен осы балық түрінен Қазақстан айырылып қалайын тұр!" – дейді сарапшы.

Оның түсіндіруінше, бұл су жануары Боралдай ағысымен жоғарылап, Қошқар атаға бағыт алып, сол жақта уылдырық шашатын көрінеді.  

"Бүгінде ол осы мүмкіндіктен жұрдай болды. Себебі, "Тұмар-ХХІ" Көктөбе ауылы маңында Боралдай өзенін бей-берекет қазғылап тастады. Соның кесірінен төменгі ағыс жақта су жоқ, қаяз тұрақты өмір сүретін жер саналған Арыс өзенімен байланыс тыйылды. Түркістан қаязының енді уылдырық шашуына мүмкіндігі жоқ. Бұл дегеніміз – біздің облыстың атауын арқалаған балық түрінің бұдан былай басы көбеймейді, түбегейлі жойылуға бет алады деген сөз. Билік өзге істерге көз жұма қарауды қойып, осы проблеманы шешумен салмақты айналыса бастайтын кезі келді", – дейді Константин Подушкин.

Халықаралық энциклопедияларда атап өтілгендей, Түркістан қаязы – ұзындығы  70 сантиметрге, ал салмағы 16 келіге дейін баратын ірі балық. Түсі – алтын түсті, жоны – қарақоңырлау. Қабыршағы Арал қаязына қарағанда ірі. Ол ертеректе Әмудария, Зеравшан, Шу, Нарын, Урга өзендерінде болыпты. Кейін Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстанның, бертінде Қазақстанның "Қызыл кітабына" енді. 

Экологтар не ұсынады?

Біріншіден, Боралдайдың Арыс өзенімен байланысын шұғыл қалпына келтіру керек. Бұл үшін бұрынғы өзен сағасы орнында арна қазу қажет. Арысқа дейін 7 шақырымдай арна талап етіледі. Егер бұл жобаны кәсіпорын қымбатсынса, мамандар жеңілірек жолды ұсынады: жер қойнауын пайдаланушы қиыршықтас өндіремін деп шұңқырға айналдырған жерді топырақпен толтырып, ауыр техникамен тегістеп, нығыздау, яғни Боралдайдың адамдар бұзған түбін нығайту қажет. 

Екіншіден, экологтар Боралдайдың суын қарқынды шығындауды тоқтатуды талап етеді. Әрине, өзеннен су тартатын 10 арнаның бәрі бұзылсын деген сөз жоқ. Тек әлемде баламасы жоқ балық уылдырық шашатын сәуір–мамырда арналарды уақытша жапса жеткілікті.

Үшіншіден, Үкімет тек киікті қырған контрабандистермен күреспен шектелмей, көлдегі тіршілік иелерін жусатып жатқан браконьерлерге де тегеурінді тосқауыл қоюы шарт. Әйтпесе, қоғам белсенділерінің мәліметінше, олар Арыс, Боралдай, Балқаштағы қаяздарды және басқа балықтарды "электрлі қармақтармен" тоққа соғып қыруда. Бірнеше шақырымға созылатын балық аулау торлары да су жануарларының басына бәле болды. Электрлі қармақ салатын бірде бір қаскөй балықшы жазаға тартылмаған.

Боралдайдың ихтиофаунасын 25 жылдан бері су астында тұрақты бақылап келе жатқан ерікті экологтар осы өзеннің төменгі ағысында қаяздың ұрғашысы жойылғанын тіркеді. Бұрындары онда әрбір су асты бұтасының түбінде қаяз, сазан, ақбалық және өзгесі үйір болып өріп жүретін. 12 келі тартатын жайын балық ұшырасатын. Қазіргі кезде оның бәрі – естеліктің еншісі. Боралдайды адамдар өз қолымен өлтіріп жатыр.

Билік не дейді?

Осы мәселеге орай Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті түсініктеме берді. Әлгі кәсіпорынның заңды аяққа таптаған істері әшкереленіпті.

"Біздің комитеттің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы бойынша Экология департаменті 2019 жылдан бастап, "Тұмар XXI" ЖШС-на қатысты бірнеше рет тексерістер өткізді. Соның ішінде К.Подушкин мырзаның өтініші бойынша да, сондай-ақ Көктөбе ауылы тұрғындарының шағымы негізінде де тексерілді. Қорытындысында, экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін ол кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен кәсіпорынның уату-сұрыптау қондырғысының жұмысы уақытша тоқтатылды", – деп хабарлады Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов.

Бұдан бөлек, ведомство басшысының айтуынша, облыс әкімдігі мен осы кәсіпорын арасында бекітілген жер қойнауын пайдалану туралы №419 контрактінің күші де уақытша тоқтатылыпты.

"Кәсіпорын Бөген өзеніне көшіп алып, сонда қызметін жалғастыруда деген мәліметке келсек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бекіткен "байытылған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруге қарсы іс-қимыл жоспарына" сәйкес, бүгінде полиция қызметкерлерінен құралған мобильді-жылжымалы топтар әрекет етуде. Аталған құқық бұзушылыққа тосқауыл қоюмен осы топтар шұғылданады. Әзірге Бөген өзенінде аталған компанияның заңсыз өндіруге кіріскенін растайтын фактілерді полиция органдары анықтаған жоқ", – деді Зұлфұхар Сансызбайұлы.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу