Түркістан қалай түрленеді

1903

Үкіметте облысты 2025 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары қаралды, деп хабарлайды inbusiness

Түркістан қалай түрленеді

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев бүгін Түркістан облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын Үкімет қарауына енгізді.

Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, туризмді дамытуды көздейтін 142 іс-шарадан тұрады. Министрдің айтуынша, жоспарды іске асыруға жалпы 3,6 трлн теңге (оның ішінде республикалық бюджеттен 530,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 348,5 млрд теңге, жеке инвестициялардан 2,7 трлн теңге қажет) қажет. 

"Өнеркәсіп саласында 26 іс-шара жоспарланған. Оның ішінде мұнай өңдеу зауытын, химия кешенін және тұрмыстық техниканы өндіру зауытын салу, сондай-ақ "ТURKISTAN" арнайы экономикалық аймақ аумағын 973 гектарға ұлғайту және тағы басқалары көзделген. Ауыл шаруашылығын дамыту саласында 810 млрд теңгеге 93 инвестициялық жоба іске асырылып, Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру, су тартқышты және сорғы стансасын реконструкциялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен тракторлар паркін 37%-ға жаңарту жоспарланған", дейді министр.

Осының нәтижесінде 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы өнімін 695 млрд теңгеге, ал ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе арттыру жоспарланған.

Өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында "Қасқасу" тау шаңғысы курортына инфрақұрылым жүргізіліп, Түркістан қаласында туристік-рекреациялық орталық, 3 қонақүй, рухани-мәдени орталығы салынбақ. 

"Осының нәтижесінде 2025 жылға қарай облыста туристер саны 2,5 млн адамға дейін артады. Облыстың автожолдары: Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы, Сарыағаш қаласының айналма жолы, Түркістан қаласының шығыс айналма жолы, сондай-ақ Түркістан-Шымкент-Ташкент жүрдек теміржол магистралі салынады. Жалпы кешенді жоспар шеңберінде, республикалық және жергілікті маңызы бар 2,3 мың шақырым жолды жөндеу және қайта жаңғыртумен қамту ұсынылады. Бұл 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 99,5%-ға дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жеткізуге мүмкіндік береді", деп атап өтті Әсет Ерғалиев.

Денсаулық сақтау саласында 570 төсектік көп бейінді аурухана, ауысымда 500 адам қабылдайтын үш емхана, жедел медициналық жәрдем стансасы, сондай-ақ ана мен бала орталығы салынады. Сондай-ақ 3 ауысымды және апатты мектептерді жою, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 130 жаңа мектеп салынады. Сонымен қатар, Түркістанда Назарбаев зияткерлік мектебі мен жатақханасы бар "Дарын" мектеп-интернатының құрылысы жоспарланған.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу