"Түркістан қымбат па, әлде Түрікменстан қымбат па": Жылыжайлар неге жылы жабылғалы тұр

1087

Қазақстанда халықты алаңдатып, үкіметтегілердің басын қатыратын басты мәселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. 

"Түркістан қымбат па, әлде Түрікменстан қымбат па": Жылыжайлар неге жылы жабылғалы тұр Фото: canva.com

Әлемде соғыс ошақтары бірінен кейін бірі болып, дәстүрлі тауар тасымалдары үзіліп жатқан кезеңде бұл әлемдегі ең басты проблеманың біріне айналды десе де болады. Мұндайда әр мемлекет айылын жиып, өз қажетін өзі жабуға тырысып, жерін тырмалап, өнімін өзі даярлауға бет бұрған. Қазақстан да қалыс қалған жоқ. Егін даласын кеңейтіп, жылыжайларын қамдауға тырысады. Десе де өңірінің көбінде қысынан жазы ұзақ, су проблемасы жиі туындайтын елде жылыжай ұстау да оңай емес. Ең қиыны, сол жылыжай иелері кәсіптің бұл түрін тастап, саладан кетіп жатыр.

Неліктен деген сұраққа inbusiness.kz тілшісі осы мақалада жауап іздеп көрді.

Жылыжайлар жыл сайын азайып барады

Жылыжайлардың өзекті мәселесі жөнінде биыл Energyprom ауқымды зерттеу жасап, саланың сан проблемасының статистикасын жариялаған еді. Зерттеуді қолға алған сарапшылар Қазақстанда кейінгі жылы жылыжайлар аумағы 18,1%-ға азайғанын атап өткен. Ірі өнеркәсіп деңгейіндегі жылыжай иелері де аумақты едәуір азайтқан. Мұның салдарынан жылыжайларда өсірілетін қияр мен қызанақ түсімі былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе азайып, 256 мың тоннадан 182 мың тоннаға дейін азайған.

Жылыжайдың көбі негізінде Қазақстанның оңтүстігінде шоғырланған. Қысы жайлы болғандықтан, елдің солтүстігі мен шығысына қарағанда Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында жылыжай ұстаған тиімді. Әсіресе, Түркістан бұл бағытта көш басында. Былтырғы көрсеткіш жарияланғанымен, 2023 жылдың көрсеткішін Ұлттық статистика бюросы тек 2024 жылдың басында жария етеді. Бірақ қазірдің өзінде агросаланың мамандары биылғы көрсеткіш 2022 жылдың көрсеткішінен төмен болатынын ашық айтып жатыр. Себебі биыл қыс қатты болғандықтан, оңтүстіктіктегі жылыжайлардың біразы үлкен шығынға ұшыраған.

Жартысы жабылып қалды...

Жылыжай ұстайтын диқандардың басты мәселесі – көмірдің жетпейтіні. Қыс жайлы болса бір жөн, бірақ былтыр күн 30 градусқа дейін суыған кезде елдің оңтүстігінде жылыжайларды жылытатын қатты отын тапшы болып шыға келді. Ал шаруашылықтың бұл түрінде қорада көмір уақтылы тұрмаса, қып-қызыл шығынға баттым дей бер. Мұның салдарынан былтыр кейбір жылыжай иелері үсіп кеткен көкөністі тонналап лақтыруға мәжбүр болған.

Десе де саладағы өзекті мәселелер мұнымен шектелмейді. Бірнеше жылдан бері елдің жер-жеріндегі жылыжай қауымдастықтары мемлекеттің құзырлы органдарына дүркін-дүркін хат жазып, саладағы өзекті мәселеге назар аудартуға тырысап-ақ жүр.

Мәселе мынада: қыс бойы көмір сатып алып, жер тырмалап өсірген көкөністің өзіндік құны айналып келгенде төккен тер мен шыққан шығында ақтай алмай жатады. Әлеуметтік бағада көмір керек. Алайда бұл көмір жеткен күннің өқзінде оның жылыжайға жеткендегі бағасы қымбат. Ақыры, отандық көкөністі шет елдерден келген өнімдер "қалпақпен ұрып алады". Шетелден келетін арзан көкөністің жанында отандық қияр мен қызанақ қымбат көкөніске айналып шыға келеді де, тұрғындар сауда сөрелерінде өнімнің арзанына қол созады. Мұндайда қайтпек керек? Жығылғанға жұдырық болып, коммуналдық тариф шаруалардың қалтасын тағы бір рет қағады.

"Адамдар шын мәнінде түпкі нәтижені көргісі келеді. Мемлекеттік органдар есепті жақсы беріп, жалынды сөйлейтін шығар. Бірақ олардың жылыжайларға келгенде жұмысының нәтижесі мынау, Түркістан облысында жылыжайлардың жартысы жабылып қалды. 25 мың адам жұмыссыз қалды. Мыңдаған фермер қарызға кіріп кетті. Ал олармен қатар жұмыс істейтін, дәнді-дақыл әкеліп, тыңайтқыштарды жеткізетін кәсіп иелері де банкротқа ұшырады деген сөз. Бұл айналып келгенде Жұманғариннің жұмысының нәтижесі. Енді Қазақстан халқы шетелдік өнімді сатып алады. Түрікменнің қияры мен қызағанының келісін 1,5-2 мың теңгеге алады. Бұлай кете берсе, көкөніс ет бағасымен теңеседі", – дейді агросарапшы Алмасбек Садырбаев.                                

Жұманғарин не дейді?

Осылайша, өз еліміздің шаруалары жылыжай ісін жылжыта алмағандықтан, Түрікменстаннан келетін қияр мен қызанақты сатып алуға мәжбүр боламыз. Елдің оңтүстігінде расында да, сала диқандары банкротқа ұшырап жатыр. Осы мәселе Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің алдына кесе-көлденең тартылған. Вице-премьер мәселе барын мойындайды. Таяуда Жұманғарин Түркістан өңірінің жылыжайлары иелерімен кездесіп келген. Айтуынша, елде фермерлік жылыжайларға стандарт жасалған. Қазір аккредитация арқылы сертификат жасап, жылыжай иелерін дұрыс жолға бағыттау мәселесі пысықталып жатыр.

"Олар Үкіметтен көмек алады. Субсидия, газ, жарық, басқа да жағынан да, ол көмек қолжетімді. Шаруалар жылыжайларда көкөністі қаңтардан бастап еге бастайды. Ішкі нарықты қорғау үшін бірқатар іс-шараны көздеп отырмыз. Ситуациялық штаб жасадық. Ішінде СЭС, Атамекен, фитосанитария қызметтері баршылық. Олардың қалай жұмыс істеуі керектігі жөнінде алгоритмі бар. Қазақстан шекараны қазір жауып тастай алмайды. Неге десеңіздер, әр елмен өзара жасасқан шарттарға бұл әрекетіміз қайшы болады", – дейді вице-премьер.

Үкімет мүшесі жылыжайлардың жартысы жабылып жатса да, "қорқыныш жоқ" деп сендіргісі келеді.

Бірақ бәрін көтеретін ақ қағаз сияқты "мәселе бақылауда" деген сөздер үкімет тарапынан айтылғанымен, көмір мәселесіне, тариф проблемасына тірелген диқандардың жайы осы.

Жыл басында сенатор Әли Бектаев жылыжай өндірісіне мемлекеттік қолдаудың қосымша түрлерін ойластыру керектігін айтып, бүгінде жылыжайлар пайдаланатын минералды тыңайтқыштардың және препараттардың 50%-ы субсидияланатынын, алайда ол жылыжай өндірісіне кететін шығындардың 3%-ын ғана құрайтынын мәлім еткен еді. Түрікменстанмен шекараны жаба алмасақ, отандық жылыжай иелері импортшылардың бәсекеге қазіргі жағдайда түсе алмайтыны анық. Қолды бір сермеп, жер тырмалаудан түңілмесе игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу