Түркістан өңірінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен Қылмыстық - атқару жүйесі комитетінің облыстық департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен лауазымды тұлғаларды бас бостандығынан айыру мекемесінің ахуалымен таныстыру жұмыстары басталды. Осылайша сыбайлас жемқорлықпен күресушілер шенеуніктерді оңай олжаға құныққан жазасын өтеушілердің темір тордың арғы жағындағы өмірімен таныстырып, парадан аулақ болуын мақсат тұтқан.
Төлебидегі ИЧ-167/9 түзеу мекемесіне 180-ге жуық мемлекеттік қызметкер арнайы барып, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері оларға ішкі тәртіптің қатаңдығын, сотталушының жататын жері мен медициналық бөлме, асхана, аула сынды жерлерімен жіті таныстырып шықты.
Абақты өмірін көзімен көргендер қатарында Арыс, Кентау, Сайрам, Отырар, Түлкібас және Шардара аудандарының әкім орынбасарлары, аппарат басшылары, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері бар.
"Негізі бұл ұйымдастырылған шараның ауқымы өте кең деп айтар едім. Себебі ондағы өмірді көрген адам бүгінгі күніне тәуба деп, әрбір қадамын ойланып басатын болады. Тек мемлекеттік қызметкер емес, темір тордың ішіндегі өмірмен танысқан кез келген адам сондай ой түйері анық. Абақтының ішін аралап жүріп, жазасын өтеушілердің бізге қызыға да, қызғана қарағанын байқадық. Бізде бостандықта жүріп, елге қызмет ету мүмкіншілігі бар және соны бағалай білу керек деп ойлаймын", – деді Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразәлиев.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, түрлі лауазым иелерін абақты өмірімен таныстыру науқаны жыл соңына дейін жалғаспақ. Келесі таныстыру жұмыстарына облыстық басқарма басшылары, аудан мен қала әкімдері, бас дәрігерлер мен мемлекеттік мекеме басшылары қатысатын болады.
Жансая Тәуекелқызы