Түркістан облысында браконьер қаптап кетті

2034

Осыны дәлелдейтін бейнероликтер әлеуметтік желіні кернеп тұр. 

Түркістан облысында браконьер қаптап кетті

"Ауға адамдар аяғы оралып, мерт болса ше?"

Мысалы, бейнероликтердің бірінде браконьерлердің бірнеше қайықпен, тапа-тал түсте Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына қытай ауын жайып жатқаны бейнеленген.

"Қорықшылар келіп айқайлап кетті, бұлар оны елеген де жоқ. Бұларға сонда заң жоқ па? Ешқандай қорқыныш жоқ. Қылмыс жасап отырмын деген ой да жоқ. Сонда осы табиғатты қорғауды ел сеніп тапсырған жауапты қызметтер қайда қарап отыр?! Сіздерге хабар берілді, қайдасыздар? Бұл сыбайластық емес пе?", – дейді дронмен видеоны түсірген азамат.

Оның байламынша, "бұлар ең қорқыныштысы, қытай ауларын құрады да, кейін құрған ауларды қайта жинамай, ұсталған балығын алып, ауды тастап кетеді". Содан ол ауларға жануарлар тұтылып, қиналып өледі.

"Су тартылған кезде қытай аулары ондаған шақырымға созылып жатқанын көреміз, сол ауларға "Қызыл кітаптағы" құс та, аң да, тіпті суға шомылған адамдар да аяғы оралып қалып жатады. Масқарасы сол, суға шомылып жүрген адам оратылып, мерт болса ше? Оған кім жауап береді? Браконьер ме? Бұл жайттар туралы ақпараттар өте көп, куәлар да жетерлік. Үкімет сеніп тапсырған арнайы қызметтер және лауазымдылар намысты нанға сатқан ба? Сыбайластыққа белшеден батқан ба? Түркістан облысында браконьерлік өршіп барады. Тоқпен аулау, жарылғыш заттармен жару, қытай ауларын салу секілді қылмыстарды жауапты қызметтер тоқтата алар емес", – деп мазасызданады ғаламторда "Fishing Hunting 17" лақап атымен белгілі блогер.

Басқа бір видеороликте FISHING PRO атты YouTube-тегі балықшылар тобы Шардарада, биылғы ақпанда, яғни балықтар уылдырық шашатын кезде заңсыз балық ауланып жатқанын хабарлады. Жалпы мұндай бейнежазбалар Қазнетте өте көп.

"Түркістан облысында браконьер қаптап кетті. Олар ештеңеден қорықпайтын болған. Заңмен тыйым салынған қытай торларымен ашықтан-ашық балық аулап, тайраңдап жүр. Күндізгі уақытта Шардара су қоймасы жағына барсақ, қытай торымен еркін балық аулап жүрген браконьерлерді көреміз. Сирек жағдайларда балықты тоққа түсіріп, аулайтындарды да көріп тұрамыз. Түркістан облысында браконьерлерге қарсы мүлдем күрес жүріп жатпаған сияқты. Сырдария, Көксарай су қоймасы, Шардара су қоймаларында браконьерлер тым көп. Сіздерден қаптап бара жатқан заңсыз балық аулаушылармен күресті күшейтулеріңізді сұраймын", – деп жазды Үкімет мүшелеріне хатында қоғам белсендісі Ержан Баймаганбетов. 

Балықшылардың айтуынша, кейбір қорықшылар браконьерлермен сыбайласқан (доляда). Сондай-ақ тыйым салынған қытай торы базарларда еркін сатылатынына назар аудартады. Егер соның саудасымен шынайы күрессе, ол тор дарияға түспес те еді.  

Билік не дейді?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Түркістан облысындағы браконьерлікке қатысты өтініштер қаралғанын мәлімдеді.

"Расында, мысалы Түркістан облысындағы Шардара су қоймасында 2022 жылғы 19 ақпанда орын алған оқиға бойынша инспекция мамандары мен су қорықшыларына хабарлама түскен. Алайда бейнежазба жүргізіп жатқан дронды байқаған белгісіз тұлғалар құрған ау торларын тастап, қорықшылар келгенше оқиға орнынан кетіп қалған. Құрылған 10 дана қытай торлары жиналып, уақытша сақтауға қойылды", – деп хабарлады ведомство.

Министрлік Шардара су қоймасында браконьерлікпен күресті күнделікті негізде бірнеше ұйым, атап айтқанда табиғат пайдаланушы тұлғалардың қорықшылық қызметі, жергілікті табиғат қорғау тобының инспекторлары және Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Түркістан облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің мамандары жүзеге асыратынына сенімді.

"Шардара су қоймасына 3 мемлекеттік инспектор бекітілген. Қазіргі таңда браконьерлікке қарсы күрес аясында инспекцияның сенім телефоны жұмыс жасайды. Егер азаматтар қандай да бір заң бұзушылықты анықтаса, шара қабылдау үшін келесі нөмерлерге хабарласуды сұраймыз. Инспекцияның сенім телефоны: 8 707 359 05 51 (Б.Кожамкулов) Бірыңғай қорықшылық қызметі: 8 747 909 17 07 (С.Жанысбай). Браконьерлікке қарсы күрес аясында тұрақты негізде бірлесе жұмыстар атқаруымыз қажет. Министрлік балық ресурстарын сақтап қалуда алаңдаушылық білдіргеніңіз үшін алғыс айтады", – деп жауап қатты Экология министрлігі.

Өзбектен үйренсек қайтеді?

Жалпы аталған су қоймаларына 2,5 мың теңге жарна төлеп, заңды түрде қармақ салатын балықшылар жетерлік. Бірақ қармаққа ұсақ шабақ қана ілігетініне шағымданады. Өйткені ірі балықтарды браконьерлер қырып кетеді. Ол браконьерлер ұсталғанымен, көбіне ауы, әрі кетсе, қайығы тәркіленумен іс бітеді.

Осы орайда тағы да өзбек ағайындардан үлгі алуға болады. Бұл елде браконьерлерге қарсы заң да, жаза да қатал. Сондықтан балықшылар заң аясында аулауға бейім тұрады. Өзбекстанда көлдер мен тоғандарда балық өсіруші тұтас фермалар құрылған. Қармақ салса, кірпік қаққанша қылпылдай бастайды. Ресми дерек бойынша Өзбекстанда бір жыл ішінде шамамен 400 мың тонна тауарлық балық өсірілген. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда 9,2 мың тонна ғана балық қолмен өсіріледі. Қазақстандықтар көбіне, табиғат өсірген балықты қынадай қырады.

Көрші өзбектер болса, жан басына шаққанда 16 келіден балық өсіреді.

Санкция астындағы Ресей Федерациясында шамамен 1 млн тонна балық қолдан өсіріледі және 5 млн тоннадан астам балық ауланады, оларда бұл балық халықтың жан басына шаққанда шамамен 42 келіден келеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу