Түркістан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесте Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылдық округінің әкімі Ербол Бекбердиевтің тәртіптік ісі қаралды. Белгілі болғаны, ол өзінің орынбасары Дамир Сыдықовқа былапыт сөз айтқан. Қол астындағы қызметкеріне "боқтық" сөз айтты делінген шенеунікке қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану үшін аудан әкіміне ұсыныс енгізілді. Аудан әкімінің ауылдық округ әкіміне қандай жаза тағайындалатыны әзірге белгісіз.
"Мемлекеттік қызметшілерге тəртіптік жаза қолдану қағидаларына байланысты 10 жұмыс күні ішінде тəртіптік жаза қолдану жөнінде шешім қабылдайды", – деді аудан әкімінің баспасөз хатшысы.
Осы ретте айта кетейік, әкім мен орынбасары арасындағы дау өткен жылдың қараша айында орын алыпты. Екі шенеуніктің арасында кикілжің туындап, басшысы орынбасарына дөрекі сөз айтқан. Алайда Қарасудың әкімі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған іспен келіспейді. Айтуынша, ол орынбасарына былапыт сөйлемеген.
"Дөрекі сөйледі деген шындыққа жанаспайды. Бұл оқиға жылдың 18 қарашасында орын алды деп көрсетілген. Бірақ бұл күні орынбасарым менің кабинетіме кірген емес. Менің қабылдауыма кімнің кіріп-шыққаны бәрі бақыланады. Бейнебақылау камерасы бар. Ал ұсынылған аудиожазбаны қалай жазғанын білмеймін, менің дауысым емес. Әдеп жөніндегі кеңесте менің тәртібіме байланысты қаралған іспен келіспеймін. "Жала жабу" дерегімен талап-арыз жазып, шағымданатынын боламын",-деді Қарасу ауылдық округінің әкімі Ербол Бекбердиев.
Одан өзге шенеунік өзін айыптаған орынбасарының үстінен әкімдікте жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі қызметкер ұрып-соқты деп шағым жазғанын айтты. Ал әкім орынбасары Дамир Сыдықов бұны "жала" деп, ешбір дәлелдің жоқтығын, ешкімге қол көтермегенін алға тартты. Өзінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін құзырлы органға арыз да түсірген. Алайда әзірге нақты ешбір шешім шықпағандықтан, бұл оқиғаға қатысты пікір білдіре алмаймын деді.
Ақпарат ретінде айта кетейік, дәл осы Әдеп жөніндегі кеңесте Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты Қ.Тұрысбеков ауылдық округі әкімінің де ісі қаралды. Ол жұмыс орнында карта ойнап, ғаламтор "жұлдызына" айналды. Енді оның жұмыс орнында қалу-қалмауын аудан әкімі шешетін болады.
Жансая Тәуекелқызы