Түркістан облысында су тапшылығына байланысты күріш тек Шардарада егіледі

152

Трансшекаралық өзендердегі су көлемінің азаюы Түркістан облысындағы күріш егуге әсер етті.

Түркістан облысында су тапшылығына байланысты күріш тек Шардарада егіледі Фото: svoefermerstvo.ru

Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артып, жалпы 919 мың гектарға жетпек, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, биыл егіс құрылымын қалыптастыру барысында рентабельділігі жоғары әрі құрғақшылыққа төзімді дақылдарға басымдық беріліп отыр.

Атап айтқанда, мақта егісі 18 мың гектарға ұлғайып, 162 мың гектар, жүгері 16 мың гектарға артып, 55,2 мың гектар, мақсары 14 мың гектарға көбейіп, 85,5 мың гектар болды. Ал бидай алқабы 24 мың гектарға қысқартылып, 216,3 мың гектарға егілмек. Мәселен, өткен жылы өңірде күріш егу жоспары 3,3 еседен асып кеткен.

– Өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі жол картасы аясында облыста күріш дақылын 3,5 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Өткен жылы трансшекаралық өзендердегі су тапшылығы туындауына байланысты, биыл күріш тек Шардара ауданында ғана егіледі, – деді ол.

Сондай-ақ жүгері дақылының егіс көлемін арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау тетіктері күшейтілді. "Басым дақылдардың өндірісін дамытуды субсидиялау" бағдарламасы аясында жүгеріні субсидиялау нормативі тоннасына 10 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ мақсары дақылына берілетін субсидия көлемі 10 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін артты.

Қазір жер жырту жұмыстары 49 пайызға, ал сор шаю жұмыстары 2 пайызға орындалды. Агротехникалық талаптарға сәйкес, жер жырту жұмыстары наурыз айында, ал сор шаю 20 ақпанға дейін аяқталуы тиіс.

– 2026 жылғы дала жұмыстарына арналған жеңілдетілген жанар-жағармай бойынша өтінім 1-30 желтоқсан аралығында қабылданып, жалпы қажеттілік 106,3 мың тонна деп анықталды. Босату жұмыстары ақпан айынан басталады. Минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге қаржы қарастырылып, 134 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін облыста 203,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіледі. Бүгінгі таңда қоймаларда 25 мың тонна тыңайтқыш қоры бар, – деп мәлімдеді ведомство.

Дала жұмыстарына облыс бойынша 25,4 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Оның ішінде 15 мың трактор, 2 мың комбайн және 9 мың агрегат бар. Техникалардың 98 пайызы көктемгі жұмыстарға дайын. Биыл техника паркін жаңарту мақсатында 2 мыңнан аса техника сатып алу жоспарланып, бұл бағытқа 16 млрд теңге қаржы бөлінді.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру бағытында өткен жылы 2 333 жобаға 26,4 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткішті 34,7 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда 180 жоба бойынша 3,8 млрд теңгеге өтінім қабылданып, 101 жоба 1,8 млрд теңгеге қаржыландырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу