Түркістан облысында тұратын 78 жастағы шабандоз қария туралы не білеміз?

Сайрам ауданының тұрғыны көкпар десе, ішкен асын жерге қоюға  дайын.  

Түркістан облысында тұратын 78 жастағы шабандоз қария туралы не білеміз?

Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы   Жібек жолы ауылдық округінде тұратын Түгел Сейдуалы  ауыл ішінде "көкпаршы қария"  атанып кеткен. Есін білгелі жылқысын күтіп-баптап, талай салым салған. Бала күнінен көкпарға деген қызығушылығы еселеніп,  талай додада топ жарған ол  45 жасынан асқан соң көкпарда бақ сынауды тоқтатыпты. Айтуынша, жастарға жол беруді көздеген. Бүгінде Түгел Төлегенұлының жасы 78-ге келсе де әлі күнге дейін аттан түспейді. Ара-тұра бәйгеге қосылатын аттармен алдымен өзі шауып, жылқының мүмкіншілігін байқап көреді. Ауыл жастары қандай да бір жарысқа барар болса, міндетті түрде Түгел Төлегенұлынан кеңес сұрап, батасын алуды әдетке айналдырған. Қария жастарға кеңес беруден еш аянып қалмаймын дейді. Бар білгенін кейінгі ұрпақпен бөлісуді өзіне парыз санайды.

Қорадағы айғырды қарияның өзі күтіп-баптайды. Ауыл ішінде көкпар болса, Түгел ақсақалсыз өтпейді. 

"Өзімнің атам көкпаршы болған, оның ізін әкем жалғастырды. Аттың құлағында ойнау маған да дарыды. Талай додаларда топ жарып, көптің батасын да алдым. Ал қазір өзім бата беретін жасқа жеттім. Көкпар дегеннен қалмаймын. Кейде таң азаннан қара кешке дейін аттан түспеймін. Көкпар болмаса, екі күнде бір рет жылқыма мініп алып, ауыл ішін аралап қайтамын.  Естеріңізде болса, өткен жылдың күзінде Болат Назарбаев Шардара ауданында ұлан-асыр той жасап, көкпар берді. Соған арнайы бардым. Сөз сөйлеу бұйырды, жастарға өз кеңесімді айттым. Болат Әбішұлына бата берудің сәті түсті. Ол кісі ризашылығын білдірді", – деді Түркістан облысының тұрғыны.

Түгел ақсақал жылқыны додаға қосарда, негізгі күтімнің қандай екенін де айтты.

"Әкемнен қалған кеңес десем болады, өзім де тәжірибемде қолдандым. Жылқыны бәйгеге қосардан бір күн бұрын қаңтарып алу керек. Кешкі сағат жетілер шамасында 6  келідей жем  беріп, суғарып алған жөн. Кейін таңғы сағат алтыларда шөбін беру қажет. Себебі ат түнімен жем жеп шықса, көкпарда шаппай қояды. Өзімізде де сондай ғой, ас-ауқатқа тойып алып, артық қимылдағың келмей қалады. Сосын тағы бір атап өтерлігі, жылқы – жеті қазынаның бірі, оның киесі болады. Ерекше күтіп-баптауды қалайды. Дұрыс күтім болмаса, көкпарда ұятқа қалдыруы мүмкін", – деді ол.  

Ғұмырының талай жылын көкпарға арнаған қария бұрындары салым салған көкпаршылар алатын сыйлық қазіргідей қомақты болмағанын алға тартты.    

"Бұрындары бәйгелерде қазіргідей  көлік, көлемді қаржы тігілмейтін. Біз қызық үшін, ұлттық спортымыз ұмыт қалмаса екен деген мақсатпен көкпарға қатысатынбыз. Өзімнің ең қымбат алған ұтысым 18 сом тұратын кілем болды. Бұл сол жылдары талай шабандоздың арманы еді. Сол ұтысымнан кейін "чемпион шабандоз" атанып кеттім. Әлі күнге дейін солай атайтындар бар" деп сөзін жалғады Түгел ақсақал.

Көкпаршылар әулетінен шыққан түркістандық тұрғын жасы келген адам үшін қазақтың еті ауырлық етеді дейтіндердің қатарынан емес.

"Кейде етті асты молынан жеп, асқазаныма салмақ болып қалмай ма екен деп ойланамын. Бірақ атыма мініп, ауыл ішін бір аралап шықсам, ішкен-жегенім қорытыла шығады. Аллаға шүкір, осы аттан түспей келе жатқанымның арқасында шығар, денсаулығыма шағымым жоқ" деген Түгел ақсақалдың әңгімесін жұбайы Патима Сейдуалы жалғады. 

"Бұл кісі отыз жылдай колхоздың малын бағып, көпке сыйлы болған азамат қой. Ас-ауқатын жемесе де, алдымен осы жылқыларының жағдайын ойлайды. Әлі күнге дейін сол. Таң азанымен мал қораға барып, жылқы мен биенің жем-шөбін беріп, суғарады. Қас қарайғанша  малдың жағдайын жасайды. Онымен жасты кейбір қатарластарының бүгінде денсаулықтары сыр бере бастаған. Түгел, сол көкпарға қатысып, әлі күнге дейін аттан түспеуінің арқасында шығар, денсаулығы жақсы. Біле білсеңіз, атқа мініп-түсудің өзі нағыз жаттығу ғой", – деді Патима апай.

Айта кетейік, жұбайы Патима апаймен бес ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген Түгел қарияның үш ұлы әке жолын қуып, шабандоз атанған.   

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу