Үш жыл бұрын Түркістан облысы Абай ауылында тұратын 7 жасар баланы өзінен үлкен оқушылардың зорланғаны туралы атышулы әңгіме әлі көпшіліктің есінде. Араға жылдар салып жәбірленушінің қазіргі тағдарын білмек болған Village Kazakhstan басылымы, бұл іске қатысты жаңа деректерді жариялады. Бірақ мақаланы оқырман назарына ұсынғаннан кейін тілшілер белгісіз адамдардың қысымына тап болған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бұл туралы ақпарат құралы өкілдері Телеграм желісіндегі ресми парақшасында жазды.
"Біз дәл қазір редакциямызға мақаланы алып тастауды талап етіп, өзін әр түрлі ведомство өкілдеріміз деп атаған белгісіз біреулер шабуыл жасап жатқанын хабарлауға мәжбүрміз. Тәуелсіз журналистерге қысым жасауды тоқтатуды талап етеміз. Жарияланған материалдарды жойғымыз келмейді. Бұл адамдарға елдегі мәселелерді шешуге кеңес береміз, ал журналистердің аузын жабуға тырыспаңыздар", – деп жазды басылым өкілдері.
Материалдың авторы, журналист Әсем Жапишева басылымның барлық қызметкерлеріне белгісіз қоңыраулар көбейгенін жазды.
"Оларға мақаланы алып тастауды талап ететін хабарламалар да келді", – дейді тілші.
Бұл жағдайға қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де пікір білдірді.
"ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетуге жол берілмеуі тиіс деген қағиданы ұстанады. Министрлік өз тарапынан журналистердің құқығын қорғауға көмектесуге дайын. Сонымен қатар, ақпараттың шынайылығына қандай да бір материал жарияланатын БАҚ, сондай-ақ материалдың немесе жарияланымның авторы жауапты екенін еске саламыз", – деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.
Айта кететіні автор мақаланы жарияламас бұрын елдегі балалар омбудсмені Аружан Саинның өкілдерімен бірнеше рет хабарласқан. Алайда зорлық көрген оқушының қазіргі тыныс-тіршілігі, жағдай туралы толық ақпарат ала алмаған. Кейін тілші Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылына барып, зардап шеккен баланың әжесімен тілдесіп, үш жылдан кейін не өзгергенін және тергеудің қалай жүргізілгенін анықтап, арнайы репортаж жасаған.
Онда жәбірленушіні зорлаған төрт адамның тек біреуі жазаланғаны, сол кездегі мектеп директоры орнынан кетіп, кейін қайта тағайындалғаны, іске қатысты жауапты тұлғалар жазадан жалтарғаны, ал ақыр аяғы қорланған бала әлі сол ауылда әжесімен тұратыны жазылған.
Бірақ балалар омбудсмені Аружан Саин бұл деректерді жоққа шығарып отыр.
"Бала мен оның анасы осы жылдар бойы Алматыда, біз мұны анық білеміз. Өйткені олар қордың еріктісі тегін беретін пәтерде тұрады, олар баспанасына риза және кетіп қалған жоқ. Бала мектепке барады, денсаулығы жақсы, анасы жұмыс істейді. Біздің қор баланың психологпен өтетін сабақтарының ақысын төледі, олар оң нәтиже берді", – деп жазды балалар омбудсмені.
Еске сала кетсек, Абай ауылындағы жағдайға көпшілікке 2018 жылғы наурыз айының ортасында белгілі болды. Сол кезде 7 жасар немересінің 2017 жылдың тамызынан бері бірнеше рет зорлағанын, ал жергілікті полиция істі алға жылжытпай отырғанын айтқан әжесі, әділдік іздеп, қазақстандықтардан көмек сұраған еді.
Құралай Құдайберген