Түркістан жақта шекаралар өзгергелі жатыр

7680

Қай ауылдың қайда кететіні нақтыланып жатыр.

Түркістан жақта шекаралар өзгергелі жатыр

Inbusiness.kz кеше 100 мың долларға жуық пара алды деп айыпталған Кентау қаласының әкімі ұсталғанын хабарлағаны мәлім. Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Түркістан облысы Кентау қаласының әкіміне қатысты аса ірі көлемде пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Даурен Махажанов қаланы 2019 жылғы сәуірден бері басқарып келді.

Оның орнына келетін жаңа әкімге кеңейген Кентау тиетінге ұқсайды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиевтің "Кентау қаласының және Сауран ауданының шекарасын өзгерту туралы" бірлескен шешімінің жобасы жарияланды.

Оған сәйкес, Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы мен Түркістан облыстық мәслихатының шешімі бойынша Кентау қаласының және Сауран ауданының шекарасы өзгертіледі. Атап айтқанда, Сауран ауданының жалпы көлемі 75 552 гектар жері Кентау қаласына қосылмақ. Мұның ауқымын түсіну үшін осы жердің шағын мемлекеттер территориясынан жүздеген есе көп екенін, мысалы, 377 Монакоға теңелетінін айтуға болады.

Ауданнан алынып, Кентауға қосылатын осынау ұлан-ғайыр аумақта не бар?

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, ол жердің 39 693 гектары – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер.

34 424,1 гектары – қорықтары бар, шұрайлы дала, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері. Сауықтыру-рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер де соған кіреді.

  • 607,4 гектарында – ауылдар орналасқан, яғни адамдар тұрады.
  • 491,9 гектарында су қоры бар.
  • 335,4 гектарын – өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждығына берілген, өзге де мал жайып, егістік егуге арналмаған жерлер алып жатыр.

Еске сала кетсек, Президент Қ. Тоқаевтың былтырғы 2021 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен Түркістан өңірінде жаңа аудан құрылды. "Астанасы", яғни әкімшілік орталығы Шорнақ ауылында орналасқан жаңа ауданға Сауран деген атау берілді. Сауран – ХІІ ғасырда іргесі қаланған, ісі сауда орталығы болған шаһар екені мәлім. Қазақ хандығының астаналарының бірі. Байырғы қаланың археологиялық қазба орындары жаңа ауданның аумағында, Түркістанның солтүстік-батыс жағында, 30 шақырым жерде орналасқан.

Сауран ауданына бұған дейін Кентау қаласының құрамында болған Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Ораңғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері берілді. Аудан жерінің жалпы аумағы 721 745 гектарды құрады.

Айтқандай, дәл осы ауылдық елді мекендер кейінгі кезде орталығын өзгертумен келеді. Ұзақ жыл бойы Түркістан қаласына бағынып келді. Бақытжан Сағынтаев Министрлер кабинетін басқарып тұрған тұста, Үкіметтің 2018 жылғы 17 шілдедегі "Түркістан облысы Түркістан және Кентау қалаларының шекараларын өзгерту туралы" туралы №430 қаулысымен осы 12 ауылдық округ, Ащысай ауылымен бірге Кентау қаласының құрамына ауысты. Өткен жылы олар тегіс жаңа ауданға берілген.

Енді осының 75,5 мың гектары Кентау қаласына кері қайтарылмақ.

Бұл не үшін қажет?

Осы орайда Кентаудың Сауранның ауылдық округтеріне көз сүзіп отырмағанын байқауға болады. Себебі жаңа ауданнан тартып алынатын жердің басым бөлігі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға тиесілі. Мұның мәнісі бар.

Жалпы атауы қала болғанымен, Кентаудың ауылға ұқсас тұсы көп, тұрғындары жаппай мал ұстайды.

Осыған орай биылғы 2022 жылғы ақпанның басында Кентау қалалық мәслихатында кентаулықтарға мал жаятын жер жетпей жатқаны ашық айтылды. Көп жердің жаңа ауданға кетіп қалғаны қалалықтардың наразылығын туғызып жүрген көрінеді.

Қазіргі кезде Кентау қаласында 35 092 гектар ғана жалпы жайылым қалды. Алда ел Үкіметі малдың тұрағы мен жайылым ауданына қарай әрбір елді мекендегі үй жануарларының санын шектеу енгізгелі жатыр. Бұл жағдайда кентаулықтар біраз малын сойып тастауға мәжбүр болуы мүмкін.

Өйткені Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 бұйрығымен бекітілген "Жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасына" сәйкес, Кентау қаласындағы барлық малға 144 946 гектар жайылым қажет болады. Ал қолда бары одан 4 еседен астамға кем!

"Қалада қазір жалпы саны 57 705 мал пайдаланылады (9 701 сиыр, 3 016 жылқы, 44 904 қой мен ешкі және 84 түйе бар). Яғни 57,7 мың бас малға жалпы ауданы 144 946 жайылым керек. Демек Кентау қаласында жайылымдық жерге деген тапшылық өткір тұр. Сондықтан Кентау қаласында жайылымдық жердің жетіспеушілігі мәселесі шешілуге, жайылымға түсетін жүктеме азайтылуға тиіс. Бұл қалада мал басының өсуіне жол ашады", – деп хабарлады жергілікті мәслихат.

Жалпы алғанда, Кентау қаласының территориясы бүгінде 52 767 гектарды ғана құрайды. Яғни Түркістан облысы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімі бекітілсе, оған екі еседей көп жер қосылмақ.

Әзірге жайылымды ұлғайтатын әлеуеті жоқ. Қала Қаратау тауының етегінде қысыла орналасқан. Ауыл шаруашылығына арналған жердің жалпы көлемі 40 600 гектар ғана. Оның 4216 гектарын егістік иеленген. 716 гектарында көп жылдық ағаштар өсіп тұр. Тағы 576 гектары – кенорындары саналады.

Сондықтан тұйықтан шығар жалғыз жол – көрші ауданның жерін алу ғана болғанға ұқсайды. Бұл жерде Қазақстанның унитарлы мемлекет болғаны бір игілік: мәселе салыстырмалы түрде алғанда, көп шусыз, шиеленіссіз, басқыншылықсыз шешіледі.

Мақтаарал ауданы өзгереді

Айтқандай, Түркістан облысында тағы бір ауданның шекарасы өзгереді деп күтілуде. "Мақтаарал ауданының шекарасын өзгерту туралы" Түркістан облысының әкімдігінің тағы бір қаулысы және Түркістан облыстық мәслихаты келесі шешімінің жобасы әзірленді.

"Бұл құжатты қабылдаудың мақсаты – халықтың мұқтаждығын қанағаттандыру. Қаулы жобасының қабылдануы кері әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдар туғызбайды. Сонымен қатар жер учаскелерін кәсіпкерлік мақсатта алған субъектілерге қаржылық шығын әкелмейді", – деп қысқаша түсініктеме берді Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Тілеген Ерғали.

Құжатқа сәйкес, Мақтаарал ауданының келесі ауылдық округтерінің шекаралары өзгертіледі: Мақатарал ауылдық округінің – 150,35 гектар жерін, Бірлік ауылдық округінің 5,48 гектарын және Жамбыл ауылдық округінің 20,98 гектарын, яғни жалпы көлемі 176,81 гектар жерді Атакент кентіне беру ұсынылып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу