Түркістанда бес адамның қайтыс болуына қатысты жаңа дерек айтылды

Төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі арнайы комиссия өкілдері қайғылы оқиғаның қалай орын алғанына қатысты болжаммен бөлісті.  

Түркістанда бес адамның қайтыс болуына қатысты жаңа дерек айтылды

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің мәліметінше, отбасы мүшелері 27 ақпан емес, 26-сына кешкі сағат шамамен 7-8-дер арасында көз жұмған болуы мүмкін. Айтуынша, мәйіттерді бұл отбасының көршісі ер кісі анықтаған. Яғни, марқұм болған әйел азаматы қаладағы базарлардың бірінде жұмыс істеген. Жұма күні жұмыста болған ол әріптесі әрі көршісі әйел азаматымен сенбі күніне өзара келіссөзер жүргізіп, жоспар құрған екен. Алайда келіншек 27 ақпан күні жұмысқа шықпаған. Көршісіне алаңдаған әйел азаматы ұлын қайғылы оқиға орын алған үйге жібереді. Алайда есікті ешкім ашпапты. Кешкісін жолдасын қайта жіберіп, сол сәтте ер кісі үйдің жарығы жанып тұрған терезеден бөлме ішіндегі әйел азаматының мәйітін көріп, дереу құзырлы органдарға хабарлаған.

"Оқиға үш бөлмелі "времянкада" орын алған. Марқұм болғандар ұйқыға жатып үлгермеген деген болжам жасауға болады. Себебі мәйіттер төсек орнынан емес, әр бөлмеден табылды. Біз олар 26-сы күні кешкі ас ішіп болған соң сағат 7-8-дерде көз жұмған деп болжам жасап отырмыз. Енді олардың қай уақытта ажал құшқанын сот-медициналық сараптама анықтайтын болады", - +деді облыстық ТЖД бастығы.

Облыстық Полиция департаменті бастығыың бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі, яғни, "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу" бабы бойынша іс қозғалғанын жеткізді. Алдын ала болжам бойынша отбасы мүшелері иістеніп көз жұмуы мүмкін.

"Нақты өлім себебін  анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сонымен қатар үй ішінде орнатылған пештің талапқа сай немесе сай еместігін анықтау үшін де тиісті сараптама тағайындалды",-деді ПД бастығының бірінші орынбасары.

 "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Түркістан облыстық өндірістік филиал директоры Шалқар Омарбеков оқыс оқиға орын алған үй өткен жылдың қараша айында тиісті құжаттар аясында газға қосылғанын атап өтті. Көгілдір отынды қосу жұмыстарын мердігер мекеме жүргізіпті. Алайда үйдегі жылыту қазандығының құжатта көрсетілген талапқа сай емес орнатылғаны анықталып отыр.

"Бұл үйде тамақ әзірлеуге де, үйді жылытуға да болатын ирандық пеш орнатылғаны анықталды. Біздің қызметкерлер тиісті құжаттарды қараған кезде пешті орнату схемасы талапқа сай еместігі анықталды. Талаптар дөрекі бұзылған. Үйді жылытатын құбырлар болмаған, сол үшін әр бөлмеде жылыту құрылғы орнатылған. Бірақ оның тек біреуі іске қосылған. Улы газ пеш орнатылған бөлмеден таралды деген болжам бар", - деді  Шалқар Омарбеков.

Еске салсақ, күні кеше Түркістан қаласындағы жер үйлердің бірінен бір отбасының  бес мүшесінің мәйіті табылды. Олар: 1980 жылы дүниеге келген анасы және 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары. Отағасы кәсіпкерлікпен айналысады, оқиға болған кезде емделу мақсатында Шымкент қаласында болған.

Қайғылы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Комиссия төрағасы, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынасары Арман Жетпісбайдың мәліметінше, марқұмдардың жақындарына материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі. Және де облыс әкімдігіндегі мемлекеттік қызметкерлер бұл отбасыға бір күндік жалақыларын аударуға ниет білдіріп отыр екен. Ал марқұм болғандардың денелері Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында жерленеді.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу