Түркістан қаласындағы №3 Облыстық перинаталдық орталықта шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуге арналған заманауи Vitra 810 лазерлік жабдығы орнатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл жабдық аурудың дамуын дер кезінде тоқтатуға және баланың көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Енді операциялар Түркістан қаласында жүргізіліп, балаларды өзге өңірлерге тасымалдау қажеттілігі жойылды. Жыл сайын 200-ден астам шала туған нәресте қажетті медициналық көмекті ала алады. Жоба "Бірінші болу - батылдық" корпоративтік қоры мен AYALA қайырымдылық қорының бірлесуімен жүзеге асырылды.

Жоба неонатология саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуді шешуге бағытталған. Уақытылы диагностика мен ем көрсетілмеген жағдайда бұл ауру толық әрі қайтымсыз соқырлыққа әкелуі мүмкін. Дәрігерлердің мәліметінше, мұндай диагноз шала туған сәбилердің 36%-ына дейін кездеседі. Аурудың бастапқы кезеңдерінде сыртқы белгілер байқалмайды және тек арнайы офтальмологиялық тексеру арқылы анықталады.
"Бұл жоба – біз 2024 жылы AYALA қорымен бірлесіп, елдегі халық саны ең жоғары қарқынмен өсіп жатқан өңірде нәрестелер мүгедектігін азайту бағытында бастаған жүйелі жұмыстың жалғасы. Түркістанда заманауи лазерлік технологияны іске қосу – көмекті дер кезінде әрі тұрғылықты жерге жақын жерде көрсетуге жасалған маңызды қадам. Біз үшін еліміздің барлық өңірінде сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қағидатты мәселе. Себебі әрбір осындай шешімнің артында – баланың тағдыры, оның көру қабілеті мен болашақ өмір сапасы тұр", – деді "Бірінші болу - батылдық" корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Түркістан облысында жыл сайын 60 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Соңғы уақытқа дейін өңірде шала туған нәрестелердің ретинопатиясын скринингтен өткізу мен емдеудің толыққанды жүйесі болмаған. Дәрігерлер шектеулі жабдықпен жұмыс істеп, ауыр жағдайлар анықталған кезде сәбилерді басқа қалаларға жіберуге мәжбүр еді. Мұндай бағыттау уақыт жоғалтуға және әлсіз жаңа туған нәрестелер үшін қосымша қауіп төндіруге әкелетін.
Бұған дейін №3 Облыстық перинаталдық орталықта ретиналды камера орнатылып, шала туған нәрестелерді тұрақты скринингтен өткізу жолға қойылған болатын. Жобаның келесі маңызды кезеңі – Vitra 810 офтальмологиялық лазерлік жүйесін табыстау болды. Бұл жабдық Түркістанда тікелей диагностика мен ем жүргізуге, балаларды Шымкент немесе Алматы қалаларына тасымалдамай-ақ көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Түркістан қаласындағы №3 Облыстық перинаталдық орталықтың басшысы Ардақ Аязбеков жаңа туған нәрестелерге жасалатын торқабықтың лазерлік коагуляциясы ретинопатияны емдеудің әлемдік заманауи стандарты екенін атап өтті:
"Бұл жоғары дәлдіктегі жабдық патологиялық тамырлардың өсуін тоқтатып, көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Лазерлік емдеуді іске қосу – орталығымыз үшін медициналық көмектің жаңа сапалық деңгейі. Енді біз тіпті өте шала туған балаларға да уақыт жоғалтпай операция жасай аламыз, бұл аурудың қолайлы нәтижесіне тікелей әсер етеді".

Операциялар тұрақты негізде жүргізіледі – аптасына бір рет орталыққа Шымкент қаласынан неонаталдық хирург-офтальмолог келеді. №3 Облыстық перинаталдық орталықтың маманы алғашқы тексерулерді, диагностиканы және пациенттерді лазерлік араласуға дайындауды жүзеге асырады. Орталықта жыл сайын 10 мыңнан астам бала дүниеге келеді, оның 800–1000-ы – шала туған нәрестелер. Жыл сайын 200-ден астам жағдай шұғыл медициналық араласуды талап етеді, мұнда уақыт сағатпен есептеледі.

"Әлемді көремін" жобасына биыл бес жыл толып отыр. Оның басты нәтижесі – біздің жабдықтар орнатылып, арнайы дайындалған офтальмологтар жұмыс істейтін өңірлерде шала туған балалар арасында көру бойынша мүгедектіктің іс жүзінде нөлдік деңгейге дейін төмендеуі. "Бірінші болу - батылдық" корпоративтік қорына осы қауіпті ауруды емдеуді Түркістан облысының барлық балалары үшін қолжетімді еткені үшін алғыс айтамыз – дер кезінде әрі үйге жақын жерде. Біз бірлесе отырып балаларға бұл әлемді көру мүмкіндігін сыйлаймыз", – деді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.
"Әлемді көремін" жобасы балалар денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шала туған нәрестелердің ретинопатиясының алдын алу мен емдеу жөніндегі ұсынымдарына сәйкес келеді. Лазерлік жабдықты орнату алдағы 10–15 жыл ішінде өңірдегі мыңдаған баланың соқыр болып қалуы мен ауыр көру бұзылыстарының алдын алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, "Бірінші болу - батылдық" корпоративтік қоры 14 жылдан астам уақыт бойы Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру оқиғасы – Almaty Marathon марафонын ұйымдастырып келеді. Сөрелік жарналардан түскен қаражаттың бір бөлігі жыл сайын әлеуметтік бастамаларға бағытталады. 2012 жылдан бері Алматы қаласы мен Алматы облысында 300 миллион теңгеден астам сомаға 30-дан астам қайырымдылық жоба жүзеге асырылды.
2024 жылы қор AYALA қайырымдылық қорымен ынтымақтастықты бастап, балалар денсаулығы саласында жалпы сомасы 106 241 284 теңгені құрайтын – "Әлемді көремін" және "Бір күндік клиника" жобаларын жүзеге асырды.

"Әлемді көремін" жобасы аясында Шымкент қалалық перинаталдық орталығында шала туған нәрестелердің ретинопатиясын диагностикалауға арналған ретиналды камера орнатылды. Алдағы 10–15 жыл ішінде бұл жабдық 24 000-нан астам баланың көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді.

"Бір күндік клиника" жобасы Түркістан облысының №2 Облыстық перинаталдық орталығы базасында жүзеге асырылып, жүкті әйелдердегі генетикалық қауіптерді ерте анықтауға бағытталған. Алдағы 15 жылда 30 000-ға дейін әйелді тексеру және өңірдегі нәрестелер мүгедектігі деңгейін 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда.
