Түркітілдес елдердің президенттері Ердоғанды неге ерте құттықтады?

3119

Енді екінші турда Ердоғанның жеңетініне америкалық сарапшылар да күмәнданбайды. 

Түркітілдес елдердің президенттері Ердоғанды неге ерте құттықтады? Фото: yandex.kz

Өткен жексенбіде түрік елінде ұйымдастырылған президенттік додада кандидаттардың ешқайсысы жеңіс үшін қажетті 50% дауыс жинай алмады. Соған қарамастан, ертесіне, 15 мамырда түркітілдес елдердің көшбасшылары үміткерлердің бірін жамырай құттықтады. Соның ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанға телефон шалып, оны "Түркиядағы Президент сайлауының бірінші кезеңінде жеңіске жетуімен құттықтады".

Бұл жайт отандық және халықаралық сарапшылардың таңданысын туғызды. Себебі бұл өзге елдің ішкі ісіне қол сұғуға, ондағы сайлаудың қорытындысына ықпал етуге ұқсады.

Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бірінші айналымда алға оза алмаған түркиялық оппозицияның келесі сайыста жеңіске жетуі неғайбыл.

Washington Post Ердоған мырзаны жеңіске жетті деп қазірден санауға болатынын жариялады. Басылым Түркиядағы сайлауға бір күн қалғанда шетелдік және жергілікті либералды ғалымдар мен аналитиктер осы елде дәуір ауысатынын, мемлекет бетбұрысты кезеңде тұрғанын сезініп, желпінгенін еске салады.

Фото: allturkserials.com

"Өйткені Түркияны жиырма жыл басқарған Реджеп Тайып Ердоған әлжуаз көрінді. Елді жайлаған ұзақ жылғы экономикалық күйзеліс, мемлекетті басқарудың нашарлығына қатысты қатаң сындар, коррупцияның белең алуы оның айбынды, білікті көшбасшы бейнесін бүлдірді. Бұған Түркияның оңтүстігіндегі шаһарларды күйреткен алапат зілзала қосылды. Содан сауалнамалар оппозиция лидері Кемал Кылычдароғлу президенттік бәйгенің бірінші турында сенімді түрде алға озатынын көрсетті. Ердоғанның заманы тарих қойнауына кетіп бара жатқандай еді. Ал дауыс беруден кейінгі күні енді оппозицияның жақтастары арасында түңілу, торығу сезімі басым болды. Кылычдароғлудың шаңына бөгіп қалу орнына Ердоған одан бес пайыздайға алға озып, жеңіске сәл жетпей қалды. Сарапшылардың басым көпшілігі іс басындағы Президенттің билікке қайта оралуын "жүзеге асқан факт" ретінде қабылдап отыр", – деп мәлім етті  Washington Post.

Халықаралық, соның ішінде америкалық эксперттер неге сондай байламға келді?

Біріншіден, Р.Ердоғанға алда, 28 мамырдағы екінші айналымда өзінің нәтижесін шамалы ғана, 0,5 пайызға жақсартса да жеткілікті.

Фото: yandex.kz

Екіншіден, 14 мамырда қатар өткен парламенттік сайлауда оның Әділет және даму партиясы мен одақтастары айқын жеңіп, ел Парламентінде басымдыққа ие болды. Тиісінше, егер екінші айналымда ел тізгінін оппозиция өз қолына алса, онда Ердоғанның партиясы оның адымын аштырмауы, бастамаларын бұғаттауы мүмкін. Онда елде дағдарыс күшеюі, халық наразылығы өршуі, Түркия дамуда кері кетуі ықтимал. Мұны сайлаушылар қаламайтын болса керек. Тиісінше, бұл да Ердоғанның сойылын соғатын дәйектеме саналады.

Америкалық саяси сарапшы Ишаан Тарурдың (Ishaan Tharoor) айтуынша, Ердоғанның феноменінің бір сыры оның сайлауалды үгіт науқанын агрессивті жүргізуінде жатыр.

"Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сияқты Ердоған да қолындағы қуатты билігі мен ықпалын электоралды артықшылыққа айналдырып, сайлаушыларын жұмылдыру өнерін жақсы меңгерген. Ол бұл тәсілін 2015 және 2018 жылдардағы алдыңғы сайлауларда сынап, баптады. Осы жолда Ердоған тұтастай оппозицияны және жекелеген қарсыластарын зұлым етіп көрсетті, масқаралауға тырысты. Ойдан шығарылған сыртқы қауіп-қатерлерге қатысты халық арасында үрей туғызды, өзі кетсе Түркия солардың кесірінен жайрап қалатынына сендіріп бақты. Діндар әрі ұлтшыл жақтастарын дәстүрлі, зайырлы Түркияны қалайтын элитаға қарсы қойды, жасанды текетірес туындатты. Бұл бөліп ал да билей бер саясаты. Бірақ ЕҚЫҰ миссиясы бастаған халықаралық бақылаушылар дауыс берудің негізінен еркін, айтарлықтай бұзушылықсыз өткенін мәлімдеді", – деді И.Тарур.

Олар тек жиналыс, пікір білдіру бостандығы шектелгенін, біраз оппозициялық саясаткерлер мен партияларға, тәуелсіз БАҚ-қа сайлау процесіне қатысуға кедергі қойылғанын ескертті. ЕҚЫҰ: "сұрапыл поляризация, жік-жікке бөлінушілік, өткір риторика, әкімшілік ресурстарды теріс пайдалану, сондай-ақ оппозицияға қысым көрсету, қорқытып үркіту сияқты көріністерге қарамастан, Түркиядағы сайлау науқаны бәсекелі және елеулі дәрежеде еркін өтті" деп бағалады.

Яғни, Батыс бақылаушыларының тұжырымдауынша, билік мен оның жақтастары қарсыластарына білгенінше қысым жасап бақты, бірақ дауыстар санын өз пайдасына өзгертуге күш салмады. Сондықтан сайлау демократиялық қалыпқа сай деп есептеледі. Себебі, демократия тірегі саналатын АҚШ-та да 2016 жылғы президенттік сайыста Дональд Трамп бәсекелесі Хилари Клинтонды көңілге тиетін небір ауыр сөзбен жәбірледі. Бірақ соған бола сайлау демократияға сай емес деп танылған жоқ.

Фото: novosti-n.org

Уашингтон пост екінші айналымда Ердоғанның жақтастары қатарын көбейтуі мүмкін бірнеше факторды атады. Соның біріне сәйкес, Ердоған дауыс беру қарсаңында мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтерді. Қомақты бола түскен алғашқы жалақысын алған миллиондаған қызметкер ризашылығын алда іс басындағы Президентке дауыс беру арқылы білдіруі мүмкін.  

Ал отағасылар мен үйбикелерін өз жағына қарату үшін Р.Ердоған бірқатар отбасыларды тегін газбен қамтамасыз етті. Өйткені осының алдында ғана Анкара Ресейді тосын мәмілеге иліктіріп, Мәскеу құбырмен айдап жатқан аста-төк орыс газы үшін ақыны тек келесі жылдан бастап төлеуге қол жеткізді.

Тағы бір жайт: түрік телеарналары Мемлекет басшысы қатысқан шараларға көбірек қызығушылық білдірген. Бұл елде Қазақстандағы сияқты әр кандидатқа тең эфир бөлу туралы заңнамалық талап жоқ. Нәтижесінде үгіт науқаны кезінде Ердоған туралы сюжеттердің жалпы ұзақтығы 32 сағатқа, Кылычдароғлу туралы сюжеттер небары 32 минутқа созылған. 

Түрік телевизиясы ынта-ықылас білдіре қоймаған соң оппозиция үміті Кылычдароғлу төл үйіндегі ас үстелі басында жазған үндеулерін және хабарламаларын Твиттер арқылы таратуға мәжбүр болды. Ал түріктердің үлкен бөлігі әлеуметтік желілерде көп отырмайды.

Екінші белдесуде Ердоғанның жеңуіне жол ашатын тағы бір факторды Financial Times атады. Алты ірі оппозициялық күштің келіссөз үстеліне отыруына орай "Алтаудың үстелі" аталып кеткен альянс Кылычдароғлу айналасында ұзақ топтаса алмауы мүмкін. Егер кандидат жеңгенде, олардың бәрі салтанатты бірге тойлайтын еді. Кандидат шаң қауып қалған соң, олардың әрқайсысы жеңілісті әртүрлі қабылдады. Себебі бұл күштер зайырлы, діни, ұлтшыл фракциялардан құралған және әдетте бастары қосыла бермейді. Олар Ердоғанның дәуіріне нүкте қою үшін бірігуге мәжбүр болды. Бірақ сәтсіздіктің жартасы жақын қалғанын сезініп, кейбірі күресті соған соғылуға жеткізбей, доғара салуға ұйғаруы мүмкін. Содан олардың арасындағы идеологиялық алауыздық, саяси бақталастық күшейеді. Олардың бәрін қайта біріктіру үшін Кемалға орасан зор саяси ерік-жігер танытып, күш салуға тура келеді. Бірақ уақыт тығыз.

Фото: lenta.ru

"Барлығы Ердоғанның пайдасына қызмет ететіндей. Біріншіден, оның коалициясы Парламентке бақылауын орнатты, бұл іс басындағы Президентке Кылычдароғлудың жеңісі елді саяси тығырыққа тірейді деп мәлімдеуіне мүмкіндік береді. Екіншіден, сайлаудың бірінші кезеңі ұлтшылдық көңіл күйлердің өршігенін куәландырды және ол да Ердоғанның жағында. Олай болса, Кылычдароғлудың жеңісі күрдтердің даусына тәуелді. Оларсыз ол жеңе алмайды. Бірақ Кылычдароғлу соларға арқа сүйейтінін ашық білдірсе, онда ұлтшыл жақтастарынан айрылады. Кандидаттардың өзіне бағдаланбағанын сезінген күрдтер дауыс беруге бармай қалуы ықтимал", — дейді Таяу Шығыс институтының сарапшы ғалымы Ховард Эйссенштат.

Бірақ өткен сайлауда Хатай мен Диярбақырдан басқа, Түркияның күрдтер шоғырлана орналасқан біраз провинциясында Ердоған басым түсті. Оның да осы ұлыс арасында қолдаушылары жетерлік. Іс басындағы Президентті HÜDA-PAR исламистік күрд партиясы қызу қолдайды.

Фото: artigercek.com

Түрік сарапшылары бірінші турда сайлаушылардың 5,22 пайызының даусын жинаған кандидат, саясаткер Синан Оганға "патша жасаушы" деген ат берді. Бекер емес сияқты, себебі Түркияның келесі билеушісі кім болатынын соның жақтаушылары шешуі мүмкін. Ол президенттік доданың екінші айналымына шыққан жоқ және енді өз электоратын жарыс жолындағы екі үміткердің бірін жақтауға шақыра алады.

49,35% дауыс алған Ердоғанға да, 45% жиған Кылычдароғлуға да бұл бес пайыз аса қажет. Сондықтан екеуі де Оганмен келіссөздер жүргізіп жатыр. Дегенмен, Оганның ультраұлтшыл екенін ескеріп, сарапшылар оның Ердоғанмен тіл табысу мүмкіндігін жоғары бағалайды.

Бірақ бірінші сайыстан соң мәлімдеме жасаған Оган Кылычдароғлуды қолдауға дайын екенін жариялады. Тек салмақты шарты бар: оппозиция өз альянсынан күрд партиясын шығарып тастап, онымен барлық байланысын үзуі шарт.

Қалай болғанда, қатар өткен парламенттік сайлауда ұлтшыл партиялардың 22 пайыз дауыс жинауы Түркияда олардың енді ірі саяси күшке айналғанын паш етті.

28 мамырда өтетін Президент сайлауының екінші айналымының түпкілікті қорытындысын Түркияның Жоғарғы сайлау комиссиясы 1 маусымда жариялайтын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу