2025 жылдың қорытындысында түрік елі рекордтық 10 млрд 54 млн долларға қорғаныс өнімдерін экспорттады. Соның ішінде 9 млрд 870 млн доллары – тауар, 184 миллион доллары – көрсетілген қызметтер. Бұл туралы Түркия Президентінің әкімшілігі жанындағы Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы Халық Гөргүн мәлімдеді.
Осылайша, Түркия Республикасы Францияны басып озып, қару-жарақ экспорты бойынша жаһанда 2-орынға шыққанға ұқсайды. SIPRI мәліметінше, әзірге әлемдегі ең ірі қару-жарақ экспорттаушысы АҚШ болып қала береді (экспорты 50 миллиард доллардан астам).
"Өткен 2025 жылы түркиялық қару-жарақ пен әскери техника экспортталған елдерді зерделесек, бізден ең көп импорттаған ТОР-10 елдің төртеуі – еуропалық, ал, біреуі – америкалық болды. Егер жалпы көлемге қарасақ, 10 миллиард долларлық экспорттың шамамен 5,6 миллиарды немесе 56%-ы Еуропалық Одақ пен НАТО елдеріне және АҚШ-қа тиесілі. Олардан кейін Азия-Тынық мұхиты аймағы, Таяу Шығыс және Африка елдері тұр", – деп түсіндірді Халық Гөргүн "Anadolu" агенттігіне берген сұхбатында.
Гөргүннің дерегінше, Анкара 2024 жылы авиациялық өнімдерді қоса алғанда, 7,1 миллиард долларлық қорғаныс өнімдерін экспорттады. Сол кездің өзінде бұл рекордтық көрсеткіш саналды. Ал, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш бірден 48%-ға өсіп, 10 миллиард доллардан асты. Президент әкімшілігінің өкілі 2026 жылы қорғаныс экспорты жаңа асқар асуларды аларына сенімді, деп хабарлады caliber.az түрік БАҚ-тарына сілтеме жасап.
Халық Гөргүн Anadolu тілшісіне сұхбатында қорғаныс экспортының әлеуеті 10 миллиард доллардан әлдеқайда көп екенін қосты.
"2024 жылы біз 7,1 миллиард долларға экспорттағанбыз, ал, 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 48%-ға өсіп, 10,54 миллиард долларға жеткіздік. Егер жаңадан жасалған келісімшарттарды бұрыннан қалған және жаңғыртылған тапсырыстармен қоса есептесек, онда 2024 жылы қорғаныс тапсырыстарының жалпы сомасы 10 миллиард долларға барды. 2025 жылды 17,8 миллиард доллармен аяқтадық, яғни, бұл тұрғыдағы өсім 78%-ға жетті", – деді ол.
Гөргүннің байламынша, экспорттың бұлайша жылдам өсуіне түрік компанияларының жоғары сапалы және инновациялық өнімдерді өндіруі, сондай-ақ сатудан кейінгі қолдау көрсетуі, адуынды маркетинг жүргізуі және көп жылдық кепілдіктер беруі ықпал етті. Басқарма басшысы өткен жылы Түркияның Португалияға әскери кемелерді экспорттау туралы келісімшартқа қол қойғанын еске салды.
Өткен жыл соңында Испанияға түріктің HÜRJET ұшақтарын жеткізу мәмілесі бекітілді. Былтырғы маусым айында Индонезиямен арада бесінші буындағы KAAN жойғыш ұшақтарын сатып алу-сату туралы, ал, Румыниямен арада – бірнеше кемені жеткізу туралы келісімшарттарға қол қойылды. Парсы шығанағымен, Африка елдерімен бірге пилотсыз ұшу аппараттары (ПҰА) мен оқ-дәрілерді, снарядтарды жеткізу жөнінде көптеген келісімшарттар бекітілген.
Анкара экспорт көрсеткіштерін арттыру үшін өндіргенінің бәрін шетел асырып, елдің қорғанысын "жалаңаштаған" жоқ па? Бұл сұраққа жауап берген түріктің қорғаныс алпауыты – Roketsan компаниясының бас директоры Мурат Икинджи Түркияның қорғаныс өнеркәсібінің шетелдік өнімдерге тәуелділік деңгейі шамамен 80%-дан 20%-ға дейін төмендегенін алға тартты.
Өз кезегінде, Baykar компаниясының басқарма төрағасы Селжүк Байрақтар Baykar түрік компаниясы пилотсыз ұшу аппараттарының (ПҰА) әлемдегі ең ірі өндірушісіне айналғанын, ол өз кірісінің 90%-ын экспорттан түсіретінін мәлімдеді.
"Біздің пилотсыз ұшақтарымыз 37 елдің қарулы күштерінде ұсынылып, көп елдің қорғанында тұр. Baykar компаниясы осы сегменттегі әлемдік экспорт нарығының 60%-ын иеленіп отыр (Қытайдың өзінің осындай қару-жарақ түрін экспорттауға қойған шектеулерінің арқасында). Біз жоғары қосылған құны бар жоғары технологиялық өнімдер жасайтын 8 000 маманнан тұратын үлкен отбасымыз", – деді Байрақтар. Оның сөзін "Turkiye Today" басылымы келтірді.
Түркияның қару-жарағы мен әскери техникасы 1998 жылдан бері жаппай экспорттала бастады, деп жазады Ресей Ғылым академиясының Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ғылыми-зерттеу институтының Стратегиялық жоспарлау зерттеулері орталығының кіші ғылыми қызметкері Алина Вернигора.
"Дегенмен, ол кезде Түркия технологиялық шешімдерімен де, өндіріс көлемімен де АҚШ, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея және Германия сияқты жаһандық алыптармен бәсекелесе алмады. Содан 2002 жылы билікке келген Ердоғанның Әділет және даму партиясы әскери шығыстарды күрт ұлғайтып, ғылыми-зерттеу тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға салынатын инвестицияны белсенді түрде арттырды. Соның арқасында жағдай тез өзгерді. Сирияда, Ливияда, Әзірбайжанда және Украинада – дәл майдан даласында түрік технологияларының өз тиімділігін паш етуі сұраныс тұрғысынан нағыз дүмпу туғызып, экспорттық келісімшарттардың қарқынды өсуіне әкелді", – дейді ресейлік сарапшы.
Билік партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында 2028 жылға қарай қорғаныс өнімдерінің экспортын 15 миллиард долларға жеткізу ниетін жариялаған еді. Бұл жоспар 2026 жылы мерзімінен бұрын жүзеге асырылуы мүмкін.
Әрине, дрондар, сөзсіз, Түркия әскери-өнеркәсіптік кешенінің басты "визиткасына" айналды. Бірақ түріктер онымен шектелмейді. Жеңіл бронды техника, зениттік қондырғылар, электрондық және нысаналау жүйелері, байланыс-коммуникация жүйелері және оқ-дәрілер де өздерінің тиімділігі мен өзектілігін Екінші Қарабақ соғысынан көп бұрын дәлелдеді. Түркия бүгінде пилотсыз ұшақтарды, әуе қорғанысы жүйелерін (ПВО), жер үсті және су асты дрондарын, әскери-теңіз платформаларын және ірі әскери-теңіз кемелерін экспорттай алатын держава ретінде қорғаныс өнеркәсібінің шыңына жылжып барады.
"Түркі әлемінің" көшбасшысының Орталық Азия елдерімен әскери-техникалық ынтымақтастығы салыстырмалы түрде алғанда таяуда ғана басталды. Бұл өңірге оны РФ жібермегені жасырын емес. Бірақ қазірдің өзінде Анкара жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді.
Украинадағы соғыс басталғалы Bayraktar TB-2 ұшқышсыз ұшу аппараттарына біздің аймақта сұраныс артты. Қырғызстан Тәжікстанмен шекарадағы қарулы шиеленісінен кейін тездетіп түркиялық әскери дрондардың үлкен партиясын сатып алды. Өйткені тәжіктерде де бірнеше беспилотник бар, бірақ олары – ирандық. Кейінірек Бішкек өз арсеналына "Bayraktar Akıncı", "TAI Aksungur" және "Anka" дрондарын қосты, осылайша, Алатаудың арғы баурайындағы ағайын ел қазіргі кезде беспилотниктердің танымал барлық моделіне ие.
Қазақстанға келсек, екі ел 2021 жылы 21 "TAI Anka" ұшқышсыз ұшу аппаратын жеткізу туралы келісімге қол қойды. Қазақстан Түркиядан тыс жерде түріктің Anka ұшқышсыз ұшу аппараттары шығарылатын алғашқы елге айналды.
"Turkish Aerospace Industries (ANKA ұшқышсыз ұшу аппараттары), ASFAT және YDA Group (кеме жасау өндірісі мен кемелер), MKEK (жарылғыш заттар мен оқ-дәрілер) және OTAKAR (8x8, 4x4 брондалған техника) сияқты түрік компанияларымен бірлескен өндірісті жолға қойып, локализациялау мәселелері пысықталып жатыр", – деп нақтылады ҚР Қорғаныс министрлігі.
Түркияның аймақтағы әскери қатысуы тек дрондармен шектелмейді. Бронды көліктер де танымал. 2017 жылы өзбектің UzAuto компаниясы Nurol Makina компаниясымен 1 000 бірлік Ejder Yalçın 4x4 бронетранспортерлерін бірлесіп өндіру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Өндіріс жолға қойылды, толық қуатына шыққан соң кәсіпорын өнімін үшінші елдерге сату жайы қарастырылуда.
Бүгінде Түркияның қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің дамуы өсім траекториясына шығып, үдемелі түрде өрге өрлеп барады. Республика экспортқа арналған қару-жарақ ассортиментін тез кеңейтуде. 2025 жылдың шілдесінде Түркия өте қуатты термобариялық бомбаны сынақтан өткізді. Оның жарылысынан жер қозғала жаздаған.
GAZAP (Азап шектіруші) конвенциялық авиациялық бомбасы салмағы шамамен бір тоннаға жететін термобариялық оқтұмсыққа ие. Бұл жағдай GAZAP-ты ел тарихындағы ең қуатты ядролық емес бомбаға айналдырады.
Өткен жылы Түркия алғаш рет Tayfun Block-4 гипердыбыстық зымыранын әлемге алғаш рет жария түрде паш етті. Әртүрлі дереккөздерге сәйкес, оның ұшу қашықтығы 3 000 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Бұл Германияның атақты "Таурусынан" да қуатты. Бұған дейін Түркия құрлықтан Қара теңізге қарай отандық Tayfun баллистикалық зымыранын ұшырып, үшінші сынағын өткізген болатын.
Сонымен бірге, Түркия 2025 жылдың қазан айында өзінің әуе қорғаныс жүйесін (ПВО) – Steel Dome-ды ("Болат күмбез") қолдана бастады. Түріктің Aselsan компаниясының мәліметінше, армияның қолдануына табысталып, қызмет көрсетуге кіріскен бұл жүйе ары қарай үнемі жетілдіріліп, жаңа компоненттермен толығып, қолданыстағы мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр.
"Оның архитектурасы сенсорлық жүйелерді, басқару элементтерін және тұтушы-атып түсіруші қарулардың кең ауқымын біріктіреді. ALP сияқты ерте ескерту жүйелері, сондай-ақ KORKUT, SİPER, HISAR және İHTAR кешендері қазірдің өзінде әскери кезекшілікте қалқысыз қызмет етіп тұр және әртүрлі деңгейлерде өрістетілген", – деп түсіндірді компания.