Түркия 30 жылға жуық "араздықты" жойып, көршісімен татуласуға кірісті

381

Саяси текетірестің құрсауында ондаған жылдарды өткізген екі елдің арасында, міне, бүгін тарихи бетбұрыс орнағалы тұр.

Түркия 30 жылға жуық "араздықты" жойып, көршісімен татуласуға кірісті Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Өткен ғасырдан қалған қырғи-қабақ қатынастың ызғары мен өзара өшпенділікті еңсерген қос көрші – Түркия мен Армения достық пен татулыққа қарай бір мезетте қадам жасап, ізгілік көпірін салды. Бұл тарихи қадамның басында Түркия тұр: ресми Анкара Арменияға қарсы бағытталған экономикалық шектеулер мен санкцияларының қара құлыптарын ресми түрде ағытып, көптен бері жабық тұрған шекара қақпаларын ашуға қызу кірісті.

Дегенмен, еуропалық euronews арнасы бұл мемлекеттер арасында әлі күнге дипломатиялық қатынастардың жоқ екенін еске салды. Өйткені 1993 жылы, Бірінші Қарабақ соғысы кезінде армян қарулы құрылымдары Әзербайжанның Кәлбажар ауданын басып алғаннан кейін Анкара құрлықтағы шекараларды жауып тастаған болатын.

"Көпшілік біле бермейді, шынында Түркия 1991 жылы Арменияның тәуелсіздігін бірінші болып таныған алғашқы елдердің бірі болды. Мұны азсынсаңыз, 90-шы жылдардың басында Түркия іргедегі осы жас республиканы аймақтық ынтымақтастықтың қалыптаса бастаған жаңа жүйесіне кіріктіруге тырысты. Мұның жарқын мысалы – Түркия Ереванды 1992 жылы Ыстамбұлда құрылған Қара теңіз экономикалық ынтымақтастық ұйымының тең құрылтайшысы болуға шақырды. Алайда бір жылдан соң Армения РФ-тың қолдауымен Әзербайжанға басып кіргенде, Түркия амалсыз Армениямен байланысын үзіп, шекарасын жабуға мәжбүр болды", – деп назар аудартты Анкара университетінің профессоры Йылдыз Деведжи Бозкуш.

Осылайша, Түркия, Әзербайжан және Грузия арасында қысылған Армения ұзақ жыл жартылай блокадада қалды. Өз кезегінде Анкара бұл санкциясын халықаралық қоғамдастыққа сол кезде аумағының 20 пайыздайынан айрылып, қайғы құшқан Әзербайжанды қолдауы, оның алдындағы одақтастық міндеттемелері ретінде ұсынды. Тиісінше, оған шапқыншылық жасаған елмен қалыпты байланысын сақтаудың мүмкін еместігін алға тартқан еді. Содан бері бұл аймақ "қатырылған қақтығыс" күйінде отыз жылға жуық өмір сүрді. Кең ауқымды соғыс болған жоқ, бірақ бейбітшілік те орнамады.

2020 жылдың жаңа шындығы: күл астынан бүршік жарған бейбітшілік

Нағыз бетбұрыс 2020 жылдың күзінде, Екінші Қарабақ соғысы кезінде болды. Бұл жолы Түркия жай дипломатиялық қолдаумен шектелмей, Бакуге әскери тұрғыдан ашық әрі өте тиімді көмек көрсетті. Әзербайжан армиясы түріктің заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттарын және басқа да озық әскери сауытты техникасын белсенді пайдаланды. Бұл армян бекіністерін талқандаудың басты факторларының біріне айналды. Халықаралық серіктестері тоқтатпағанда, әзербайжан әскері Ереванға жетіп тоқтайтын еді.

Соғыс өртінің қап-қара түтіні сейілгенде, бүкіл Оңтүстік Кавказ мүлдем басқа саяси шындыққа тап болғанын білді. Әзербайжан өткен ғасыр соңында жоғалтқан өз аумақтарын тегіс қайтарып алып, егемендігін қалпына келтірді (егемендік – заң тілінде орталық биліктің мемлекеттің бүкіл территориясына билік етуін білдіреді), ал, Түркия Кавказда теңдесі жоқ жаңа тартылыс орталығы ретінде орнықты.

Тізе бүккен қарсыласына тісін қайрап, енді басын көтерместей жермен-жексен етуді ешкім мақсат тұтқан жоқ. Керісінше, қайырымдылық танытып, 2021 жылдың соңында Анкара мен Ереван татуласу жолын іздейтін арнайы өкілдерін тағайындап, келіссөз үстеліне отырды.

Бұдан кейін оқиғалар үдемелі түрде дамыды. Мәскеудің Украинадағы соғыстан бас көтере алмай жатқанын пайдаланып, 2022 жылы Армения түрік тауарларын сатып алуға қойылған эмбаргосын жойды. Түркиямен арасында тікелей жүк әуе тасымалы жолға қойылып, визалық шектеулер ішінара жеңілдетілді. Кейін Түркияда 53 537 адамның өмірін жалмап, тағы 107 213 адамды жаралап, мертіктірген жойқын, сұмдық жер сілкінісі болғанда Армения тарихында тұңғыш рет көршісіне гуманитарлық керуенін жіберу үшін құрлық өткелін ашты.

Жақындасудың тағы бір символдық шыңы 2023 жылдың маусым айында тіркелді: Армения көшбасшысы Никол Пашинян тарихта тұңғыш рет Түркия астанасына табан тіреп, Режеп Тайып Ердоғанның ұлықтау рәсіміне қатысты. Бұл бұрын елестету мүмкін емес көрініс еді. Ал, таяуда 2026 жылдың наурыз айында Turkish Airlines ұлттық әуе тасымалдаушысы жақындасу саясаты аясында Ыстамбұл–Ереван тікелей әуе желісін іске қосты.

"Өзара сенімді нығайтудың қадамы ретінде Түркия мен Армения 11 мамырда екі ел арасындағы тікелей сауданы бастаудың бюрократиялық дайындықтарын аяқтады! Сонымен қатар, қос тарап 1993 жылдан бері жабылған ортақ шекараны ашу бойынша техникалық жұмыстарды жалғастыруда", – деп мәлімдеді Түркия СІМ ресми өкілі Өнджү Кечели.

Қош бол, транзиттік сергелдең: көлеңкелі сауданы заңдастыру

Бұл өзгерістердің ауқымын мынадан байқауға болады: 1990-шы жылдардың басынан бастап түрік Үкіметі өз компанияларына өз өнімдерін Арменияға экспорттауға тыйым салған болатын. Әрине, сауда бәрібір жүріп жатты: Кавказ көпестері әр заманда тосқауылдарды айналып өтудің түрлі тәсілдерін таба біледі.

Бірақ бұл ағын Грузия, Қазақстан және басқа елдер арқылы алыстан орағыта, айналма жолдармен өтетін. Салдарынан, жолай оған логистикалық шығындар, делдалдардың үстеме бағалары және түрлі кедендердегі "коррупциялық рента" жүктеліп, ауырлатты. Бүгінде іске қосылып жатқан жаңа регламент бойынша кәсіпкерлер мен компаниялар кедендік декларацияларда ақыры: "Сатушы – Түркия, сатып алушы – Армения" деп ашық түрде жазуға мүмкіндік алды.

Әрине, жұмыс істеп тұрған түрік-армян шекаралық өткелінің әлі де жоқтығы салдарынан сауда бәрібір біраз уақыт бойы үшінші ел арқылы транзитпен жүзеге асырыла береді. Бірақ бұл санкцияның да жойылып, еркін алыс-берістің заңдастырылуының өзі – үлкен серпіліс.

Ереван көршісінің осы шешімін қуана қарсы алды.

"Бұл елдеріміз арасындағы толыққанды және қалыпты қарым-қатынастарды дамыту жолындағы маңызды қадам екенін баса айтамыз! Мұның қисынды жалғасы ретінде алда армян-түрік шекарасы да ашылып, дипломатиялық қатынастар орнайды", – деді Армения сыртқы саяси ведомствосының баспасөз хатшысы Ани Бадалян.

15 мамырда Армения парламентінің вице-спикері және сонымен бірге Ереванның армян-түрік қатынастарын қалыпқа келтіру жөніндегі арнайы өкілі Рубен Рубинян әлеужеліде пост жариялады. Онда ол екі тараптың Арменияның Гюмри қаласы мен Түркияның Карс қаласы арасындағы теміржол қатынасын да қалпына келтіру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын жариялады.

Теміржол желісі де 1993 жылдан бері жұмыс істемеген еді. Оны қайта іске қосуды талқылаудың өзі саяси климаттың қаншалықты түбегейлі өзгергенін, жылымық дәуірі басталғанын көрсетеді. Бұған дейін, 2026 жылдың 28 сәуірінде Карста аталған теміржол желісін қалпына келтіру және іске қосу бойынша екі елдің бірлескен жұмыс тобының кездесуі өткен болатын.

newsarmenia.am агенттігі АҚШ-тың Еревандағы елшілігіне сілтеме жасап, Армения мен Түркия арасындағы тікелей саудаға қойылған шектеулердің алынып тасталуын Американың құптағанын хабарлады.

"Бұл қадам екі елдің экономикалық байланыстарды кеңейтуге және Оңтүстік Кавказ аймағында тұрақты бейбітшілік пен прогресті орнатуға берілгендігін көрсетеді. Аймақ халықтарының игілігі үшін ынтымақтастықты нығайту бағытындағы Армения мен Түркияның үздіксіз күш-жігері мақұлдауға лайық", – делінген АҚШ елшілігінің кешегі мәлімдемесінде.

Түріктің "Жібек жолындағы" Кавказ бағыты

Екінің бірі біле бермес, бүгінде Ердоғанның командасы аймақта "Бір белдеу, бір жолдың" төл нұсқасын құрып жатыр. Осы мақсатта Түркия өз сыртқы саясатын өзгеріп жатқан аймақтық ахуалға қайта бейімдеп, өзінің "бейбітшілік дипломатиясы" аясында, бұрын жаулық көзқараста, шиеленісті қатынаста болған елдермен ықпалдастығын жақсартуда.

Мысалы, Анкара Мысырмен байланысын қалпына келтірді, ондаған жылдарға ұзаған текетіресін тыйып, Грекиямен байланыс орнатты. Түркия өзара мүдде үшін диалогын жандандырып жатқан елдердің осы өсіп келе жатқан тізімін енді Армения толықтырып отыр.

Таяу Шығыс зерттеулері орталығының президенті Мурад Садыгзаде Түркия Оңтүстік Кавказда мүлдем жаңа, болжамды аймақтық архитектураны тұрғызып жатқанына сенімді. Оның аясында көп жылғы оқшауланудан әбден қалжыраған, кедейленген Армения халықаралық көлік, сауда және логистикалық процестерге қайта оралуда.

"Анкара Ереванға "мүмкіндіктер терезесін" көрсетті. Қазіргі бейбітшіл, ынтымақшыл саяси бағдарыңды сақтасаң, осы ынталандырулар жиынтығы, өзіндік бонустар пакеті саған ары қарай да қолжетімді болып қала береді деп отыр", – деп түсіндіреді "Ведомости" газеті.

Бұл – таза геоэкономика: тығыз сауда серіктестігі жаңа соғысқа тосқауыл бола алады.

Win-win формуласы: Нахчываннан Орта дәлізге дейін

Осы орайда ақпарат құралдары тарихи тағылымы терең, бейнелі бір инфрақұрылымдық символға ерекше назар аударды. Сөз – тарих қойнауынан жеткен Ани көпірі, дәлірек айтқанда, оның шерлі жұрнағы туралы. Кезінде екі ел арасындағы шекара тарс жабылып, үміт жібі үзілгенде, өзеннің қос жағасын жалғап тұрған осы байырғы тас көпір де жарылыс арқылы тып-типыл етілген еді. Бүгінде содан қос жағалауда мұңлықтай қауқиған қос тірек қана менмұндалайды. Бұл қос қада – көптен бері үзілген қатынастардың, тасқа айналған өкпе-реніштің тілсіз метафорасындай еді.

"Түркия мен Армения қарым-қатынастарын қалыпқа келтіруге бет бұрды: ежелгі шекаралық көпірді бірлесіп қалпына келтіру туралы келісім соның жаңа кезеңін ашты. Түрік-армян шекарасындағы Ани көпірінің екі тірегінің қалдықтары елдер арасындағы бұрынғы күйреген қарым-қатынасты ең жақсы бейнелейтін еді. Сондықтан қос көршінің ынтымақтастықты оралту процесінің жаңа парағын дәл осы жерде ашуды ұйғарғаны символдық мәнге ие. Арпачай (Арменияда Ахурян аталады) өзені арқылы өтетін Ани көпірі екі ел өкілдерінің Ереванда қол қойған келісімі аясында енді бірлесіп реставрацияланады", – деп мәлім етті түркиялық Daily Sabah газеті.

Халықаралық дағдарыс тобының (International Crisis Group) түрік-кипр бағытының директоры Нигар Гөксел ханым ықпалдастықты қалыпқа келтіру процесі кең ауқымды себептер бойынша екі ел үшін де өзара тиімді (win-win) стратегия болатынын жеткізді. Ол түрік-армян шекарасының ашылуы Арменияның оқшаулануын доғарып, халқының әл-ауқатын арттыратынын және ғасырларға созылған Ресейге тәуелділігін азайтатынын қаперге салды.

"Бұл Түркияның Кавказдағы рөлі мен "жұмсақ күшін" нығайтады және Әзербайжанның Нахчыванмен байланысын бекітеді. Бұл сондай-ақ сауда, логистика, туризм, энергетика және цифрлық инфрақұрылымды дамытуда жаңа мүмкіндіктер туғызады. Шекараның ашылуынан түркиялық Шығыс Анатолия провинциялары экономикалық пайда көреді. Бұл қауіпсіздікке де оң әсер етуі мүмкін", – деді Гөксел Daily Sabah-қа берген сұхбатында.

Нахчыван мәселесі де маңызды орын алады. Елдің негізгі аумағынан ажырап қалған, Түркиямен және Иранмен шектесетін Әзербайжанның бұл эксклавы енді "Зангезур дәлізі" жобасы аясында Армения жері арқылы Әзербайжан территориясымен қосылады деп болжануда.

Бұл бастама Әзербайжан, Армения және Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ аймақтық сауда мен көлік байланыстарын нығайтуға бағытталған. Жоба Қытайды Орталық Азия, Қазақстан және Каспий теңізі арқылы Еуропамен байланыстыратын ауқымды логистикалық желі – Орта дәліздің (Транскаспий халықаралық көлік бағытының) бір тармағы саналады.

Осы мамыр айының басында Ереванда өткен Еуропалық саяси қоғамдастықтың саммитіне қатысу үшін Арменияға Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз арнайы барған болатын. Сонда ол Орта дәліздің стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталды.

"Бұл дәліз Түркия, Кавказ және түркі мемлекеттері арасында берік байланысты қамтамасыз етеді. Әңгіме тек жолдар туралы ғана емес, сонымен қатар телекоммуникация мен цифрландырудан бастап энергетикаға дейінгі әралуан салалардағы байланыстарды нығайту туралы болып отыр", – деп мәлімдеді ол.

Мысалы, Қазақстан Әзербайжанмен бірге Каспий теңізінің түбіне талшықты-оптикалық кабель төсеп жатыр. Осы арқылы Қазақстан интернет байланысында Ресейге тәуелділіктен құтылуға тиіс. Бұл халықаралық талшықты-оптикалық байланыс желісіне Армения да қосыла алады.

Сапар аясында түрік және армян шенеуніктері Ани көпірін бірлесіп қалпына келтіру туралы тарихи келісімге қол қойды. X ғасырға жататын бұл көпір "Жібек жолы көпірі" деген атпен де белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу